«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

7 мың тұрғынға тегін медициналық көмек көрсетті

29 маусым-22 шілде аралығында «Жәрдем» пойызы облыстың 12 стансасында болып, 7032 тұрғынға тегін медициналық көмек көрсетті. Олардың 2693-і бала болса, 4339-ы — ересектер.

Медицина қызметкерлері мүмкіндігінше көп адамды қабылдауға, оларды тексеріп, ем тағайындауға және қажет болған жағдайда аудандық немесе облыстық ауруханаларға жолдама беруге тырысты. Мәселен, «Жәрдем» пойызындағы терапевт, педиатр мамандар 5728 адамға көмек көрсетсе, офтальмолог дәрігер 2811 адамды, ал невропатолог 2473 адамды медициналық тексерістен өткізген.
Медициналық пойызда барлығы 1452 ЭКГ, 1161 УДЗ және 334 флюорография процедурасы жүргізілді. Сондай-ақ 11 кіші хирургиялық операция жасалды.

Облыс тұрғындары медициналық пойыздың қызметкерлеріне қажетті көмек көрсеткені үшін ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жаудырды.

— «Жәрдем» медициналық пойызының окулист дәрігеріне тексерілуге келдім, өйткені көзім күн өткен сайын көрмей барады. Дәрігер денсаулығымды мұқият тексеріп, көз қысымын өлшеген соң ем тағайындады. Дәрігерден кеңес алғаныма өте қуаныштымын. Алыс аймақтарға дәрігерлердің өз аяғымен келіп, көмек көрсеткені бізге өте тиімді, әсіресе, ақылы түрде тексерілуге мүмкіндігі жоқ адамдар үшін бұл үлкен қолдау. Мұнда тіпті ультрадыбыстық зерттеу және электрокардиограмма құрылғылары да бар, — дейді Темірбек Жүргенов ауылының тұрғыны Рахима Баянова.

Медициналық пойыздың бас дәрігері Айнұр Егінбаева облыста жүргізілген жұмыстармен бөлісіп, мұндай қызметтің тұрғындары өте тиімді екенін атап өтті.
Дәрігерлер Бегімбет стансасында 1933 жылы туған тұрғынға екінші рет тексеру жүргізді. Алғаш рет кейуананы 2019 жылғы сапар кезінде тексерген едік. Ол кезде 89 жастағы Шайкен Бақытжанованың жамбас сүйегі сынған. Биыл науқастың қызы хабарласып, анасының денсаулығын тексеріп беруді сұрады. Себебі, жарақаттан кейін қиындықтар болған екен. Біз өз кезегімізде анализ алып, бірінші науқастың жүрегін тексердік. Сондай-ақ оны хирург, травматолог, кардиолог, терапевт мамандар қарап, қажет ем-дом жазып берді. Шайкен апа медициналық пойыз дәрігерлеріне ақ батасын беріп, ризашылығын білдірді.

Жалпы Ақтөбе облысында созылмалы простатит, тізе буынының артрозы, варикоз, омыртқа остеохондрозы, қан қысымы, холецистит, панкреатит, цистит, аллергиялық ринит, созылмалы фарингит және отит, сондай-ақ тері аурулары өте жиі кездеседі, — дейді бас дәрігер.

«Жәрдем» медициналық пойызы біздің облыстан кейін Батыс Қазақстан облысындағы Семиглавый Мар стансасында өз жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл облыста мамандар 9 тамызға дейін 9 шалғай стансаға барып, тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді.

Медициналық пойыз мамандары күн сайын тұрғындарға таңғы сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін тексеріс жүргізіп, кеңес беріп, науқастарды медицина мекемелеріне жолдамамен жібереді.

Айта кету керек, «Жәрдем» пойызы Батыс Қазақстан облысынан кейін Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарындағы шалғай стансаларда өз жұмысын жалғастырады.

Ал «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 20 маусымда Алматы облысынан өз жұмысын бастады. Қазіргі уақытта пойыз Шығыс Қазақстан облысындағы Тұрғысын стансасында тұр. Медициналық пойыз мамандары 30 шілдеге дейін аймақ тұрғындарын тегін тексеретін болады.

Жалпы қос пойыз еліміздің шалғай аудандарындағы 147 стансаны қамтымақ. Медициналық пойыздардың қозғалыс кестесі туралы нақты ақпаратты жобаның www.medpoezd.kz ресми сайтынан немесе 8 (7172) 60-45-94, 87012061540 нөмірлері арқылы, сондай-ақ @medpoezd.kz іnstagram парақшасынан білуге болады.

Бұл жобаны «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен «Қазақстан ТемірЖолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп жүзеге асыруда.

Д.АЙДАР, «Ақтөбе» газеті

Ұқсас ақпараттар

3803 науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтылады

admin_mugalzhar

«ӨНЕР БАРЫСЫ» ӨТТІ

admin_mugalzhar

Ералы Тоғжанов Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.