«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МАССАЖИСТ ДИДАР АПАЙ

БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ МЕН ОНЫҢ ӨСІП, ДАМУЫ ҮШІН МАССАЖДЫҢ ПАЙДАСЫ ЗОР. ҚАЗІРДЕ ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН ӘРБІР ЕКІНШІ СӘБИГЕ МАССАЖ ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ ЕКЕН. СЕБЕБІ БҰЛШЫҚ ЕТ ГИПЕРТОНУСЫ, ГИПОТОНУС, МОЙЫННЫҢ ҚИСЫҚ БІТУІ, ДИСПЛАЗИЯ, ЖАМБАС СҮЙЕКТЕРІНІҢ ҚИСЫҚ БІТУІ, БАССҮЙЕК ІШІНДЕГІ ҚЫСЫМ, ГИПОКСИЯ СЫНДЫ СЫРҚАТТАР БАЛАЛАР АРАСЫНДА ЖИІ КЕЗДЕСЕДІ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ БАРЛЫҒЫНА МАССАЖ МІНДЕТТІ ТҮРДЕ ЖҮРГІЗІЛЕДІ ДЕЙДІ МАМАНДАР. ОСЫ МАССАЖДЫҢ ҚЫР-СЫРЫН МЕҢГЕРГЕН ҚАНДЫАҒАШТЫҚ ДИДАР КУСЕНОВА БҰЛ ІСТЕ КӘНІГІ МАМАН. АЙТУЫНША, МАССАЖИСТ БОЛУДЫ БАЛА КҮНІНЕН АРМАНДАҒАН. «АРМАНЫМДЫ КЕШ ТЕ БОЛСА ОРЫНДАҒАНЫМА ҚУАНАМЫН», — ДЕЙДІ БҮГІНГІ БІЗДІҢ КЕЙІПКЕР.

Қазақ халқында ертеден баланың денесін қойдың, қаздың майымен уқалап, аяқ-қолын созып, түрлі жаттығулар жасау — жаңа туған нәрестені күтудегі басты күтімнің бірі болған. Бүгінде де ол үрдіс маңызын жойған жоқ. Яғни, халқымыз ықылым заманнан бүгінгі массаждың баланың денсаулығы мен дамуындағы маңызына мән артқан.

Иә, массаждың пайдасын ата-бабамыз сол кезде білгені анық. Жалпы массажист болуды өзім қатты ұнаттым. 1971 жылы Орал қаласында туғанмын. Кейін мектеп бітіріп, колледжге оқуға түскен соң тұрмыс құрып кеттім де, оқуым аяқсыз қалған еді. Сөйтіп, іште қалған арманым тұншығып кете барды. Уақыт өте келе жолдасымның көрсеткен қолдауымен жас кездегі арманымды орындауға мүмкіндік туып, сертификатталған массажист маманы болдым. 8 жыл бұрын осы саланы меңгеріп, қыр-сырымен танысып, әлі де жаттығып келемін. Бүгінге дейін жеткен жетістіктерім де аз емес, — деген Дидар Аққалиқызы емдік массажы арқылы алдына келген әр баланың денсаулығының жақсарып, дамуына оң ықпал еткенін көргенде, сүйікті ісінің пайдалылығына марқайып қалатыны рас.

Еңбегінің еленгені болар, өткен жылы аудан көлемінде өткен «People Kandagash» атты үздіктерді таңдау жобасына қатысып, «Үздік массажист» статуэткасын алған. — Мен әлі де ізденіс үстіндемін. Мәселен, жақында ғана нүктелі массаж түрін үйреніп, сол бойынша сабақ өтіп, теория мен практикадан өттім. Менің алғашқы эксперттерім — немерелерім. Алдымен соларға жасап, жаттығып, пайдасын көрген соң ғана өз жұмысымды басқаларға ұсына бастаймын. Осы жолға қайтып келгенімде бұрыннан бері айналамда жүрген алыс-жақын таныстарымның барлығы да қолдау танытып, «жарайсың, ешқандай кеш емес» деп қанатты сөздерін, ақжарма тілектерін жаудырып жатты. Бұның өзі менің ісіме жаңаша дем берді, — дейді ол.

Бұл процедуда әр жастағы балаларда әр қалай өтеді. Сондай-ақ ерекшеліктеріне қарай бірнеше топқа бөлінеді. Олар: 1) Классикалық — баланың жалпы жағдайын жақсартады. Яғни, жалпылама қолданылатын массаж түрі. 2) Профилактикалық- алғашқы дүниеге келген күндерінен бастап жүзеге асырылады, иммунитетті нығайтып, бұлшықет тонусын төмендетеді. 3) Босаңсыту — ұйықтар алдында, шомылудан кейін жасаса болады. Күшейту — гипотрофия кезінде, рахитте бұлшықетті нығайту үшін тағайындалады. Медициналық — дәрігер белгілі бір мәселені шешу үшін тағайындайды.

Мәселен, гипертония кезінде буындар мен жүйке жүйесінің патологиясы бар болса, қатаң түрде белгілі бір курстармен жүргізіледі. Балалардың емдік массажының кіші түрлерін атасақ, олар: түзету-денсаулық жағдайын нығайту мақсатында аурудан кейін немесе емдеуден кейін тағайындалады; дренаж-тыныс алу бұлшықеттерін күшейтеді; діріл-бронхитке тағайындалады, өкпенің төменгі бөліктерінен қақырықтың кетуіне көмектеседі; нүктелік-процедура нақты нүктелерге әсер етеді. Бұл өте пайдалы массаж түрі. Көру, есту, ас қорыту тәрізді процесстерді қарқынды түрде жақсартады; құмыралық-3 жастан асқан балаларға жарамды, қазіргі уақытта ол тағайындалмайды; ортопедиялық-сүйек және бұлшықет патологиялары, жалпақ табандылық бар жағдайларда ортопед тағайындайды; сөйлеу терапиясы-дауыстық аппаратты ынталандыру мақсатында тағайындалады. Оны тек логопед жүргізеді.

— Бір жасқа дейінгі балаларға массаж жасау кезінде кремдер, бал, жылыту қоспалары, парафин қолданылмайды. Арнайы сапасы жақсы зәйтүн майы немесе аллергия тудыруға қарсы майларды қолдану керек, — деп сақтану керек шараларды да атап өтті маман.

Массаж жарық және жылы бөлмеде, ауа температурасы — 20-дан 22 градусқа дейінгі аралықта жасалуы қажет. Массаж тамақтанудан жарты сағат бұрын немесе одан 40 минуттан кейін ұсынылады. Сеаныстың ұзақтығы біртіндеп артады, 5-тен 20 минутқа дейін. Негізгі массаж техникасына сипалау жатады. Бұл негізгі әдіс, сеансты сонымен бастайды және сонымен аяқтайды. Сондай-ақ, сипалау өзара әдістерді ауыстырған кезде қолданылады.

Одан кейін ысқылау. Баланың терісін қысымсыз, алақанмен немесе үш саусақпен ысқылайды. Сергіту. Ол ысқылауға қарағанда белсенді түрде орындалады, сипалаумен өзара ауысып отырады. Соңғысы — діріл. Ол ұқыпты, қолдың үш саусағымен, басып шаншусыз орындалады.

-Процедура кезінде нәрестеге ыңғайлы болуы керек, егер массажбен бірге жылау басталса, процедураны тоқтату керек. Сондай-ақ массажда да қарсы көрсетілімдер бар. Егер бала өткір аурумен, жүрек ақауымен, туберкулезбен ауырса, массаж тағайындалмайды. Жаралар немесе сызаттар, басқа да жарақаттар немесе қызару, қышыну, бөрітпе бар теріні уқалауға болмайды. Жоғары қызба, грыжа, гепатит, ауыр рахит процедураларға қарсы көрсеткіш болып табылады. Балаға ең жақсы жағдай ақылға қонымды түрде жасалуы қажет. Кез келген жаңа техниканы немесе процедураны қолданар алдында әрқашан дәрігермен кеңесіңіз. Сәбиге жайлы жағдай болғанын қадағалаңыз. Тіпті ең кәсіби массажист балаға дұрыс амал таба алмауы мүмкін. Себебі әр баланың физиологиялық дамуы әртүрлі. Сол үшін кейде шәкірт тәрбиелеуге жүрексінемін. Бұл да үлкен жауапкершілік. Сондықтан шәкірт тәрбиелеу қазіргі таңда жоспарымда жоқ. Мүмкін болашақта бола жатар. Бәрі уақыт еншісінде, — деген кейіпкеріміз әрбір ананың массаж жасаушы бола алатынын айтты. Себебі оның айтуынша, баланың жағдайы мен ыңғайын алдыңғы кезекте анасы біледі. Әрі ең жақын адам болып табылады.

Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Аудан тұрғындарының назарына!

admin_mugalzhar

Қазақстанда телеарналар мен радио жұмысы уақытша тоқтатылды

admin_mugalzhar

Қазақстандағы мектептерде 7 және 9 мамырға арналған жиын өтпейді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.