«МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАН» ДЕЙМІЗ, «МҮГЕДЕКТІГІ БАР» ДЕП АЙТАМЫЗ, «ЕРЕКШЕ ЖАН» ДЕП ЖҰМСАРТАМЫЗ… ӘЙТЕУІР, ДӘЛ ОСЫ ЖАНДАРДЫ ӨЗГЕШЕЛЕП ТҰРАТЫНЫМЫЗ АНЫҚ. АЛ ОЛАРДЫҢ БАСЫМЫ ОН ЕКІ МҮШЕСІ САУ АДАМНАН БІР АДЫМ ҚАЛМАЙ, ӨЗГЕДЕН ЕРЕКШЕЛЕНБЕЙ, ӨЗІНЕ АЯНЫШПЕН ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАМАЙ, ТОЛЫҚҚАНДЫ ӨМІР СҮРСЕМ ДЕЙДІ… СОЛАРДЫҢ БІРІ — ЖЕРЛЕСІМІЗ ЕРЛАН ЕСЕНГЕЛДИНОВ. ЕМБІ ҚАЛАЛЫҚ №7 ОРТА МЕКТЕБІНІҢ БАС ЕСЕПШІСІ ҚЫЗМЕТІН АТҚАРАТЫН КЕЙІПКЕРІМІЗДІҢ ӨМІРГЕ ҚҰШТАРЛЫҒЫН СҰХБАТТАСУ БАРЫСЫНДА АНЫҚ БАЙҚАДЫҚ.
Бес жасында құлап, сол жақ аяқ-қолы зақымданған балаларын ата-анасы шипасы болады-ау деген жердің бәріне апарып, түрлі шығыс медицинасына да жүгініп көргенімен, кейіпкеріміз бойға жабысқан сал ауруынан айыға алмапты.
-Шынымды айтсам, «сал» деп саусақ шошайтып, көңілге кірбің түсіретін кездер болған. Бірақ ондай сәттерде жасырын барып жылап алу, өмірден түңілу деген болмапты, болмайды да. Себебі әкемнің қаттылығынан болар, өмірге, яғни «ерекше жан» әлеміне тез бейімделіп кеттім. Маған ата-анам, әсіресе, әкем ешкімнен кем емес, сау балаларша қарады. Жұртпен бірге мектепке барып, білім алдым, түрлі шараларға қатыстым. Біртіндеп айналамдағы адамдардың да көзі үйреніп, менімен өз жақындарынша араласып кетті. Өзімді осылай жинап алғанымнан да шығар, бәлкім, өмір жолымда денсаулығыма байланысты көп кедергіге жолықпадым. Жоғары оқу орынын бітіре сала, жас маман болып жұмысқа да орналастым. Қарапайым адамдарша менің де өз өмірім осылай өрбіп келеді, — дейді өзі.
ІІ топ мүгедектігі бар Ерлан Бердімұратұлы 17 жылдан бері есепші қызметін атқарады. Тағдырдың сынағына сынбай, қайсарлықты қалқандай ұстап жүрген оның ісін жанындағылар мақтан етеді.
— 2005 жылдан бері осы салада жұмыс жасап келемін. Денсаулығымның өмірде де, қызметте де соншалықты бір ауыртпалық тудырмағанын жоғарыда айтып өттім. Тағдырдың басыма салғанын жаратқанның берген сынағы деп қабылдадым. Жалпы адам баласы басына түскен кез келген жағдайды тек қабылдай білу керек. Басқа нұсқа болмау керек. Қабылдасаң өзіңе екі есе жеңіл болады, — дейді ол.
Жалпы өзі тәрізді жандарды «мүмкіндігі шектеулі жан» дегеннен гөрі, «мүгедектігі бар адам» деп айтқанды жөн санайды. Себебі өз мүмкіндігінен шектеу көрмегенін алға тартты.
— Қоғам біз сияқты ерекше жандарға бәрібір басқаша қарайды. Оны мойындау керек. Біз тәрізді жандардың жұмысқа орналасуы да, жұмыс жасауы да қиындау. Сол үшін ерекше жандарға арналған жұмыс орындары, оның ішінде атқарылуы оңай әрі жеңіл жұмыс орындары көбірек болса жақсы болар еді дейміз… Осы орайда өзім қызмет жасайтын мектеп директорына алғыс айтқым келеді. Өйткені менің барлық атқаратын міндетті жұмыстарымды өзіме ыңғайлы қылып, жағдайыма қарай жасап беріп отыр. Осының бәрі жұмысыма деген адалдық пен махаббатымның жетістігі деп білемін. Жалпы өзім компьютермен жұмыс жасағанды жаным сүйеді. Әсіресе бұрын бос уақытымда компьютер жөндеп, түрлі программалар қондыратын едім. Хобби әрі нәпақа табудың бір көзі қылғанмын. Қазір уақыттың тапшылығына байланысты әрі жауапты істе болған соң, бұл іспен айналыспай кеттім, — деді әңгіме барысында Ерлан Берімұратұлы.
Мүгедектігі болса да, мүмкіндігі шектелмеген Ерлан бүгінде бір жанның аяулы жары, қызғалдақтай қызының әкесі. Өмірдің өзі күрес екенін мойындаған кейіпкеріміз осы жолда кездесер түрлі сынақтарда сағың сынбау үшін еңбекке жақын болып, адалдықтан аттамау керек деп санайды.
-Менің өмірлік ұстанымым — анама, бауырларыма, отбасыма адал қызмет ету. Халыққа пайдам тиетін істермен айналысу. Әрқашан шыншыл болу. Өмірімде осы қағидаларды ұстанған адам кем болмайды. Жалпы өзіме жұмыстан тыс уақытта таза ауада серуен құрған ұнайды. Осы сәтте түрлі ойлар келіп, жаңа идеялар туындайды. Өзім техниканы ұнатамын. Кей кезде осы саламен де айналысып кеткім келеді. Қазір технология заманы ғой. «Бастысы қабілетім, икемім бар» деп қоямын ішімнен (күліп). Еш нәрсенің ертелі-кеші жоқ. Бір техника, не бағдарлама ойлап тауып жатсам, сол кезде тағы бір сұхбаттың реті туар, — дейді арманын ақтарыла айтқан ембілік Ерлан Есенгелдинов.
P.S. Бүгінгі кейіпкерді жазудағы мақсат — өзі сияқты жандарға жігер беру. Бұл әңгіме «өмірде шектеу жоқ» деген ұстанымын аяқ-қолсыз-ақ дәлелдеп жүрген Ник Вуйчичтің дегеніне тағы бір леп белгісін қосқандай, құдды… «Ең бастысы, мойымау қажет» дегенді осындай жандардан естігенде, мағынасын екі есе сезінеді екенсің. Ендеше, Ерлан айтпақшы, бүгінгі мереке иелерін «мүгедек» дегеннен гөрі, «мүгедектігі бар адам» дегеніміз жөн болар…
Айдана АЛТЫБАЕВА