КҮНДЕЛІКТІ ӨМІРДЕ ЕҢ КӨП ТАРАҒАН ЖӘНЕ АУЫР ЖАҒДАЙЛАРДЫҢ БІРІ – ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ. РЕСМИ ДЕРЕКТЕРГЕ СҮЙЕНСЕК, ЕЛІМІЗДЕ ОТБАСЫНДАҒЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН КӨЗ ЖҰМАТЫН ӘЙЕЛДЕР САНЫ ЖЫЛ САЙЫН ОРТА ЕСЕППЕН 400-ДЕН АСАДЫ. АЛ АУДАНДЫҚ ПОЛИЦИЯ БӨЛІМІ МАМАНДАРЫНЫҢ АЙТУЫНША, АУДАНДА ОТБАСЫНЫҢ ШЫРҚЫН БҰЗУҒА БЕЙІМ 130 АДАМ ТІРКЕУДЕ ТҰР. ОНЫҢ ІШІНДЕ ЕРЕКШЕ ТАЛАПТЫ ҚАЖЕТ ЕТЕТІНДЕР ДЕ, ІШІМДІККЕ ӘУЕСТЕР ДЕ, ҚОЛАЙСЫЗ ОТБАСЫ ДА БАР. ОСЫ ОРАЙДА, КӨҢІЛГЕ БІР НӘРСЕ ҒАНА ДЕМЕУ БОЛАДЫ. ОЛ – АУДАН АУМАҒЫНДА ОТБАСЫЛЫҚ ЗОРЛЫҚЗОМБЫЛЫҚТЫҢ САЛДАРЫНАН КӨЗ ЖҰМҒАН ЖАНДАРДЫҢ ЖОҚТЫҒЫ. ДЕЙТҰРҒАНЫМЕН ҚАЙҒЫЛЫ ЖАҒДАЙДЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ҮЗДІКСІЗ ЖҮРГІЗІЛУІ ТИІС. БҰЛ ТУРАЛЫ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ.
ОТБАСЫ ШЫРҚЫН БҰЗУҒА БЕЙІМ 130 АДАМ ТІРКЕУДЕ ТҰР
Жоғары да біз келтіріп отырған деректер ресми түрде тіркелгендері ғана. Ал бейресми дерек одан да көп болуы ықтимал. Отбасындағы зорлық-зомбылық фактілері көбіне жабық күйінде қалатыны жасырын емес. Көп әйелдер мен балалар ұзақ жылдар бойы отбасында теперіш көрсе де, шындықты айта бермейтіні сөзсіз. Бұл туралы айтқан аудандық полиция бөлімі Әйелдер зорлық-зомбылық қорғау тобының инспекторы, полиция капитаны Жания Қожахметова отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау және алдын алу мақсатында түрлі семинарлар мен тренингтердің өткізіліп тұратынын мәлімдеді.
— Мұғалжар ауданы полиция бөлімінде отбасы шырқын бұзуға бейім тұлғалар есебінде қорғау нұсқамасы бойынша 130 адам тіркелген. Оның ішінде ерекше талап қойылғандар саны – 40, қолайсыз отбасы – 20. Алкогольдік ішімдікпен мәжбүрлі түрде емдеу мекеме сіне 6 айдан 1 жылға дейін мәжбүрлі түрде емделуге аудандық соттың шешімімен 17 тұлға жолданды, — деді ол.
Бүгінде полиция қызметкерлері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін отбасы шырқын бұзуға бейім тұлғалармен жеке сөйлесулер өткізіп, бақылау жүргізіп отырады. Азаматтардың көп жиналатын орындарында, дүкендерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі буклеттер таратады. Халық көп шоғырланатын жерлерге «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!» атты билбордтар ілген.
— Мемлекет басшысы өз Жолдауында отбасылық зорлық зомбылыққа көз жұма қарауға болмайтынын атап айтып, тапсырмалар берген болатын. Тәжірибеде көрсеткендей, тұрмыстық зомбылықтан зардап шегушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға жүгініп, ал полиция қызметкерлері оқиға орнына келгеннен кейін агрессорларға қарсы арыз жазудан бас тартатын еді. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап заңнамаға өзгерістер енді. Тұрмыстық зорлықзомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшейтілді. Отбасылық жанжал болған жағдайда ескерту немесе 5 тәулікке қамауға алынады. Бір жыл ішінде қайталанатын болса, ескерту берілмей 10 тәулікке, ұрып-соғу дерегі тіркелсе 10 тәулікке, қайталанса 20 тәулікке, денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені болса 15 тәулікке, қайталанса, 25 тәулікке қамалады. Бұрын қорғау нұсқамасын бұзған жағдайда ескерту беріліп, 5 тәулікке қамалса, қазір ескерту алынып тасталып, 10 тәулікке дейін ұзартылды. Мінез-құлқына ерекше талаптар қойылған жандар бұрын 5 АЕК айыппұл төлесе, ал қазір алынып тасталды. Ал қамаудың мерзімі 5 тәуліктен 10 тәулікке ұлғайтылды. Бұзу қайталанса, 20 тәулікке қамалады, — деді полиция капитаны Жания Әбубәкірқызы.
Оның сөзінше, отбасындағы зорлық-зомбылыққа көп жағдайда алькоголдік ішімдікке тәуелді және жұмыссыз азаматтар мен азаматшалар бейім болады екен. Бүгінде құқықтық көмек көрсету мақсатында зорлық-зомбылықтың әр түріне тап болған және өмірдің қиын жағдайында қалған әйелдерді қабылдап, сөйлесу жұмыстары жүргізілуде.
— Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы мәселенің өзектілігіне байланысты Мұғалжар ауданы әкімі жанындағы Отбасы және әйелдер істері жөніндегі гендерлік комиссиямен және Жастар ресурстық орталығымен тығыз байланыста жұмыстар жүргізіледі. Жоспарға сәйкес, акциялар өткізіліп тұрады. Облыс көлемінде «Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтат!» атты іс-шара акциясы өткізілді. Тұрғындар қандай да бір зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болса, «Малика» дағдарыс орталығының 87079863460, «Тұрмыстық зорлық-зомбылық құр-бандарына арналған дағдарыс» орталығының 87058351230, «Ана үйі» орталығының 874731140 45 нөмірлеріне, Мұғалжар ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның 3-44-21 телефоны на, Ұлттық бірыңғай сенім телефон: 150-ге, Мұғалжар ауданы полиция бөлімі 102-ге, 3-66- 08 нөмірлеріне хабарласуы қажет, — деді Жания Қожахметова.
КОМИССИЯ МҮШЕЛЕРІ КӨМЕК ТЕ, КЕҢЕС ТЕ БЕРУГЕ ӘЗІР
Аудан басшысы Дархан Ермағанбетов төрағалық ететін аудан әкімдігі жанынан құрылған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері аудандық полиция бөліміне зорлық-зомбылық түскен арыз негізінде қолайсыз отбасылармен жұмыс жасайды. Комиссия хатшысы, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелерін үйлестіру бөлімінің бас маманы Ақзира Меирбекованың берген мәліметіне сәйкес, комиссия құрамына Қандыағаш және Ембі аймағы бойынша кәсіби-медиаторлар, мектептің әлеуметтік педагогтары мен кәсіпкерлері тартылған.
— Аудандық полиция бөлімінде тіркеліп, аудан әкімдігіне жолданған, өңірде орын алған қылмыстар мен оқиғалар туралы ақпараттар, оның ішіндегі зорлық-зомбылық, отбасылық мәселелерге қатысты әкімшілік істер аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық — демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелеріне жолданады. Комиссия мүшелері түскен өтініш иелерімен кездесу өткізіп, екі жақты тыңдап, мән-жайды анықтай отыра, ерлі-зайыптылардың ажырасу алдындағы ісін сотқа дейін жеткізбей, қайта татуластыруға жұмыс жасайды, — дейді Ақзира Меирбекова.
Сонымен қатар комиссия мүшелері осындай отбасылардың күрмеуі қиын мәселелерін шешіп қана қоймай, құқықтық кеңес берумен қатар қаржылай, азық-түлік, материалдық көмектер көрсетуге ықпал етеді. Есепте тұрған қолайсыз отбасыларын айына бір мәрте демеушіліктің көмегімен азық-түлік, киім-кешектермен қамтамасыз етіп отырады.
МАҚСАТ – АЖЫРАСТЫРУДЫ БОЛДЫРМАУ
Өткен жылы ауданда «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің Мұғалжар ауданы бойынша «Отбасын қолдау» орталығы ашылды. Бүгінде ол жерде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық көмек көрсетілуде. Осы уақытқа дейін орталыққа жалпы саны 16 адам жүгініп, көмек сұраған. Ал осы жылы орталыққа келіп, қолдау сұраған 2 адамға психологиялық кеңес берілген.
—Орталықта заңгер, психолог және маман қызмет етеді. Ол жерде жиналыс залы, денсаулық кабинеті, «ішкі іскер» және коверкинг кабинеті, 2 жатын бөлме, асхана мен дәретхана бар. Бірақ орталықтың материалдық-техникалық базасы толыққанды жасақталмай отыр. Алдағы уақытта бұл мәселенің де шешімі табылар деген үміттеміз, — деді Жастар ресурстық орталығының заңгері Мейрамгүл Жұманбетова.
Оның сөзінше, қазіргі таңда гендерлік құқық заңнамасы қабылданған соң, әйелдер құқығы қоғамда айқын көрініс тауып, ажырасу фактісі көптеп тіркеле бастаған. Сондай-ақ ажырасу әлеуметтік проблемаға айналып қана қоймай, қоғамда қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастаған. Осыған орай, орталық мамандары ерлі-зайыптылардың ажырасуын алдын алу, отбасын сақтап қалу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бірақ жолдасынан зәбір көріп, шыдап жүре беруге болмайтынын айтады.
—Үнемі отбасында зорлықзомбылық көрген әйелдер арасында түрлі тақырыпта тренингтер ұйымдастырып отырамыз. Айталық, «Ана», «Отбасы – бақыт мекені», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықсыз 16 күн», «Жас отбасы арасындағы қарым-қатынасты сауатты құрудың маңыздылығы», «Сен менің таңдауымсың» атты акциялар өтті. Ол жерде отбасы құндылығы, балалардың психологиясы туралы келелі кеңестер айтылады. «Отбасындағы зорлық-зомбылықты тоқтат!» атты облыстық акция аясында дөңгелек үстел өтті. Оған Мұғалжар аудандық полиция бөлімінің ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы Ж.Қожахметова, «Аналар» кеңесінің төрайымы Ж.Асабаева, Мұғалжар аудандық №1 пробация қызметінің аға инспекторы, әділет капитаны Гүлсезім Искалиева қатысып, қандыағаштық әйелдермен түсіндірме жұмыстарын жүргізді, — деді ол.
Орталық мамандары ажырасу алдында жүрген отбасылармен жеке кездесіп, сөйлеседі. Сонымен бірге олардың құпиялылық принципі сақталып, сұхбаттасушының тұлғалық және әлеуметтік қауіпсіздігі, сонымен қатар кеңес беру барысында алынған барлық мәліметтерді құпияда сақтауды кепілдік етеді. Құпиялылық принципі алынған ақпараттарды сақтаудың арнайы процедуралары, болған әңгіменің құпиялығы кәсіби этикалық кодекспен қамтамасыз етіледі. Жүгінушінің өміріне қауіп төнген жағдайда ғана бұзылуы мүмкін.
—Мүмкіндігінше орталыққа келіп жүгінген әйелдерге зорлық-зомбылықтан қорғану, тұрмыстық жанжал мен дағдарыстан шығу, даудың алдын алудың мақсатында кеңестер береміз. Олардың да өз ойларын тыңдап, психологиялық қолдау көрсетеміз. Біздің мақсатымыз — отбасылық құндылықтар туралы түсінік қалыпстастыру, отбасы мүшелерінің үйлесімді қарым-қатынасына ықпал ету, өзара сыйластығы мен бірін-бірін құрметтеу, баланың отбасындағы өмір сүру деңгейін жақсарту, отбасы татулығын байыту, отбасына және оның мүшелеріне әлеуметтік-психологиялық көмек беру, — деді Мейрамгүл Қонысбайқызы.
ӘЙЕЛГЕ ҚОЛ КӨТЕРУ — ҮЛКЕН КҮНӘ
Ислам дінінде әйел адамды ренжітуге, қорлауға, қолкөтеругеқатаң тыйым салынғанын, әйелді ұру үлкен күнә екенін айтқан «Нұртай» мешітінің бас имамы Асемхан Ерғазин сөзінің дәлелін Мұхаммед пайғамбардың мына хадистерімен растады.
—Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбарымыз әйел адамның қақы жөнінде көптеген хадистер айтқан. Әйел адам ер адамның амаманаты екенін, оған қиянат жасауға болмайтынын ескерткен. Соның бірі «Бірінші, өздерің не жейтін болсаңдар, әйелдеріңе де соны беріңдер! Екінші, өздерің не киетін болсаңдар, әйелдерің де солай киінсін! Үшінші, әйелдеріңнің бетінен ұрып, көгертіп қоймауға, көп-шіліктің көзінше балағаттамауғабұйырамын!» деген. Бұлжерде өзің тоқ болып жүріп, әйеліңнің аш болып жүргенін, өзің көңілді жүріп, әйеліңнің мұңайып жүруін біздің шариғатымыз дұрыс көрмейтінін көресетіп отыр. Сонымен бірге қасиетті Құранда «Ниса» яғни «Әйелдер» деген сүре бар. Бұл сүренің Құранда болуы ислам дінімізде әйел адамның құрметкеиеекенін дәлелдейді. Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Ата-бабаларымыз отбасын сақтау үшінәйелді ұрубылайтұрсын, «балаларыңның алдында әйеліңді жекіме, жұрттың алдында балаларыңды жекіме» деп жекудің өзін ұят санаған. Сондықтан, Алладан және ақырет күнінен қорықсаңыздар, әйелдеріңізге жұдырықты ала жүгірудің орнына көркем сөзбен түсіндіруге тырысу керек, — деді бас имам.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ