«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ — АРДЫҢ ІСІ…

Бүгінде әлеуметтік желіде науқас баланың фотосын салып, қаржы аударылатын шоттарды тізіп қоятындардың қатары көбейді. Бірақ оның бәріне бірдей сене беруге болмайды. Олай дейтініміз, жақында ғана редакцияға осындай оқиғаның құрбаны болған бір ана хабарласты. Атын атамауын өтінген кейіпкеріміз бейтаныс біреудің науқас баласының суретін пайдаланып, қаржы жинағанын мәлімдеді. Алайда ғаламтор қосымшасының қыр-сырын толық меңгерген алаяқтың аты-жөні мен байланыс телефондарын анықтау мүмкін болмапты. Иә, бұл — қайырымдылықтың атын жамылып, ардан безгендердің ісі. Дегенмен елімізде жүрегі жылылыққа толы, қайырымды жандардың қатары да баршылық. Кейбірі арнайы қор ашып, қайырымды іс жасап жатса, бірі азаматтық бастамашыл топ құрып, ерлікке бергісіз іс жасап жүр. Бүгінгі біздің мақаламыздың арқауы да аудан аумағындағы қайырымдылық қорлар мен мұғалжарлық мейірімді жандар туралы болмақ. Сонымен…

Қазақ халқы қашан да қайырымдылық жасауға дайын. Оны ертеден келе жатқан асарлату, жылу жинау секілді әдет-ғұрыптармыздан көруге болады. Сол діңгегімізден ажырамай, әлсізге қорған, мұқтажға қамқор болуды мақсат тұтқан кейбір мұғалжарлықтар қайырымдылық қорларын ашып, мақсатты жұмыс істеуде.

Аудандық кірістер басқарамасының берген мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда аудан аумағында ресми түрде екі жекеменшік қайырымдылық қоры тіркелген. Оның бірі — ауданның құрметті азаматы Аманжол қажы Адаев құрылтайшылық ететін «Имандылық» жеке қоры. Ал екіншісі — қоғам белсендісі Ерболат Есмұханов басшылық жасайтын «Мейрімді жүрек жылуы» жеке қоры.

«ИМАНДЫЛЫҚ» — ІЗГІЛІК НЕГІЗІ

«Имандылық» жеке қайырымдылық қорының құрылтайшысы Аманжол Шүнгүлұлы аталған қордың 2007 жылы құрылғанын айтады. Қордың жалпы мақсаты — күнкөрісі төмен жеке адамдарға, жанұяларға, денсаулығына байланысты қаржылық қиындыққа тап болған жандарға, тілсіз жаудың салдарынан үлкен шығынға ұшыраған адамдарға қолдау көрсетіп, мұсылман қабірлерін абаттандыруға, балалар және қарттар үйіне қаржылай көмек беру. «Имандылық» жеке қоры осы жылдар аралығында ауданда өтіп жатқан ірілі-ұсақты қайырымдылық акцияларға барынша атсалысып келеді.

— Қор құрылғалы аудан аумағындағы орын алып жатқан түрлі оқыс оқиғалар менқайғылыжағдайлардыңбасы-қасынан табылып жүр. Мен басшылық ететін қорға аудан аумағындағы мұнай, газ өзге де өндіріс орындарының басшылығы қомақты қаржы аударады. Біздің қорға жеке адамдардың тарапынан қаржыаударылмайды. Бүкіл әлемді әбіргерге салған коронавирус індеті кезінде аудан аумағындағы өндіріс орындары қорға қомақты қаржы аударды. Жиналған қаржы арқылы аталған дертке шалдығып, ауруханада жатқан науқастарға көмек көрсетілді. Сонымен бірге науқастарды емдеп, дерттің таралмауына бар күшжігерлерін салған дәрігерлерге қолдау білдірдік. Осы індет кезінде мұғалжарлықтар бір жұдырықтай жұмылып, өздерінің мейірімділіктерін анық аңғартты. Сонымен бірге қала орталығындағы «сары базар» аталып кеткен сауда орталығы өртенген сәтте қордың есепшотына 73 млн теңге жиналды. Аталған қаржы түгелдей зардап шеккен кәсіпкерлерге таратылып берілді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қандыағаш қаласындағы мұсылман қорымының сыртын қоршауға да өз үлесімізді қостық, — деді Аманжол Адаев.

Сонымен бірге аталған қор Қандыағаш қаласында биыл бой көтерген Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті ғимаратының алдын абаттандыруға көмек көрсетіп, «JasStar» спорт кешенінің ішін көрнекілік құралдармен жасақтаған.

«МЕЙІРІМДІ ЖҮРЕК ЖЫЛУЫ» ЖАҚСЫЛЫҚҚА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Ал бірінші кезекте мүгедектігі бар жандарға көмек көрсетуді мақсат тұтатын «Мейірімді жүрек жылуы» қайырымдылық қоры 2021 жылы құрылған. Қор басшысы Ерболат Серікқалиұлы қоғамнан алшақтап қалған мүгедек жандарды ортаға бейімдеп, қоғаммен араластыру үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырып тұратынын жеткізді.

-Жеке қайырымдылық қорын ашқандағы мақсаттарымыздың бірі әлеуметтік тегін дүкен ашу болған. Бүгінде мақсатымыз орындалып, «Жастық» мөлтек ауданынан аталған дүкенімізді аштық. Ол жерде мүгедектігі бар бір адамдыжұмыспен қамтып отырмын. Біз қала тұрғындарынан киюге жарамды түрлі киім-кешектерді қабылдап аламыз. Оларды әрбір айдың 25-і күні мұқтаж жандарға таратып береміз. «Құрбан айт» мерекелерінде түрлі акциялар ұйымдастырып, тегін шаштараз күнін өткіземіз. Сонымен бірге Қандығаш қаласында алты жерге яғни, әлеуметтік нысан иесінің рұқсатымен қайырымдылық жәшіктерін орналастырдық. Аталған жәшіктерге жиналған қаржымен бүгінде әлеуметтік дүкеніміз орналасқан жердің жалдау ақысын, коммуналдық төлемдерін, өзге де шығындарын төлейміз. Ол жәшіктерге көп қаржы жиналмайды. Кейде жоғарыда аталған шығындарымызды жабуға да жетпей қалады, — деді ол.

Аталған қор жетекшісі республикалық «Харекет» қорының да аудандағы жұмыстарымен айналысады. Оның айтуынша, «Харекет» қоры арқылы осы уақытқа дейін тұрғын үйгемұқтаж10-нан астам мұғалжарлық үйлі болған.

ЕРІКТІ МҮГЕДЕКТЕР ҚОҒАМЫ МАҚСАТТЫ ТОПҚА АРНАЛҒАН

Ауданда мүгедектігі бар жандардың басын қосып, түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыратын аудандық «Ерікті мүгедектер» қоғамының төрайымы Әлия Умарова аудан жастарының қайырымдылық шараларына белсенді қатысатынын айтады. Аталған қоғамның құрамындамүгедектігі бар жандар жұмыс жасайды. Бірі іс тігіп, түрлі бұйымдар дайындаса, енді бірі компьютерде түрлі дизайнмеңгеріп, түрлімерекелік шақыртулар менашық хаттаржасайды. Аталғанқоғамның төрайымы Әлия Аруенқызы қор атынан Қандыағаш қаласы бойынша дүкендерге үш қайырымдылық жәшіктерінің қойылғанын жеткізді.

— Бүгінде қала дүкендерінде қайырымдылық жәшіктері көбейіп кетті. Оның қайсысына сенуге, қайсысына сенбеуге болатынын өзіміз де білмей қалдық. Жәшіктерге жауапты адам жиналған қаржының есебін беру қажет деп есептеймін. Біз қоғам атынан үш жерге қайырымдылық жәшіктерін орналастырдық. Әр үш ай сайын жәшіктерді жинап, ондағы жиналған қаржыны қоғам мүшелерімен бірлесе отырып санаймыз. Сосын оның қайда жұмсалатынын бірге анықтаймыз. Жәшіктерге қомақты қаржы жиналады деп айта алмаймын. Біз қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастыру үшін сырттан демеушілік іздейміз. Қайырымдылық шараларына алыс-жақын шетелдерден де қаржы аударылып тұрады. Ол қаржыны мақсатты түрде көмекке мұқтаж адамдарға азық-түлік ретінде таратамыз, еміне, басқа қажеттілігіне береміз, — деді Әлия Умарова.

ҚАНДЫАҒАШ — ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА

Инстаграм парақшасы арқылы қандыағаштықтар үшін жақсы таныс «Қандыағаш — қайырымды қала» деп аталатын жастардан құрылған азаматтық бастамашыл топ мүшелері деқайырымдылыққабіркісідейатсалысыпжүр. 2020 жылы өз жұмыстарын бастаған еріктілер тобында 20-ға жуық жастар бар. Топ мүшелері алғашында аталған парақшаның мұқтаж тұрғындарға қажетті заттарын тегін ұйымдастырып беру мақсатында ашылғанын айтады.

Басты мақсатымыз қаламыздағы мұң-мұқтажы бар, жағдайы төмен отбасыларға көмектесіп, қиын сәттерде оларға демеу болып, сол тығырықтардан шығуға жол көрсету. Қандай бір істі қолға алсақ та, бізді әрбір тұрғынымыз, әрбір жеке кәсіпкерлер қолдап, игі істерге өз үлестерін қосуда. Топ мүшелерінің бірі үй жөндеу жұмыстарын жасаса, бірі тегін такси қызметін көрсетеді. Осы кезге дейін қайырымды қала тұрғындарымен бірге көптеген отбасыларға түрлі көмектер көрсетілді. Әр жұма сайын тұрғындарымыз өз садақаларын салып отырады, есептерін инста-парақшамызда көрсетіп отырамыз. Жұмасына 10-25 мың теңге көлемінде жиналады. Сол қаражаттарды парақшамызда оқырмандарымызбен ақылдаса отырып, қажетті орындарға жұмсаймыз. Мұқтаж отбасылардың азық-түліктерін, коммуналдық төлемдерін, пәтер ақысын, мектеп оқушыларына оқу-құралдарын, мүгедектігі бар жандарға арба алып береміз. ДЦП-ға шалдыққан балалардың еміне де, мешіт құрылыстарына да қаржылай көмек көрсетеміз. Кейде тұрғындарымыздың арасында қуанышты жаңалықтары болып жатса, сыйлық жасайтын кездеріміз де болады. Сонымен қатар қоғам үшін де пайдалы істер жасалуда. Тұрғындар бой сергіту үшін жаз кезінде саябаққа тегін үстел теннисін орнаттық, қазіргі таңда үстел теннисі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-де тұр. Сол жерден тұрғындарымыз тегін ойнай алады. Қаладағы екі «Дина» супермаркеттеріне «Ізігілік сөресін» қойдық. Ол сөрелерге кез келген тұрғын жағдайы төмен бір отбасыларға қажетті заттарды орналастырып кете алады, ал қажет еткен отбасылар сол жерден алса болады, — деді топ мүшесі Зайырбек Есенжолов.

Аталған топ мүшелері осы уақытқа дейін 3 отбасының пәтеріне ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Бүгінде 4-ші отбасының үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олардың айтуынша, аталған топ жанынан екінші топ құрылған. Жаңа топ мүшелері мектеп жасындағы оқушы волонтерлар. Құрылғандарына аз уақыт болса да, олар көптеген игі іске мұрындық болған.

САДАҚА — БЕРЕКЕ КІЛТІ

Қайырымдылық жәшіктерін Алланың үйі саналатын мешіттерден де көруге болады. Аудандық «Нұртай» мешітініңбасимамыАсемхан Ерғазинге хабарласып, мешіт жәшіктеріндегі қаржының қандай мақсатта жұмсалатынын, мешітте жалпы қандай қайырымдылық шараларының ұйымдастырылатынын сұрадық. Ол мешіттегі садақа жәшіктеріндегі қаржымешіт қызметкерлерінің еңбекақысы ретінде берілетінін, сонымен бірге мешіттің коммуналдық қызметіне, ал мешітке берілген садақа құлшылық етуші адамдардың маңызды қажеттілігі үшін жұмсалатынын мәлімдеді.

Қайырымдылық пен жақсылық тек қана материалдық көмекпен өлшенбейді. Оған өзге адамдар үшін жасалған кез келген игілікті істер жатады. Күле қараудың өзі садақа, көңіл сұрау, жан-жануарға жанашырлық таныту, жолда жатқан бір кедергіні алып тастаудың бәрі осындай жақсылық істердің қатарына кіреді. Ислам діні жақсылық жасауды, өзара жәрдемдесуді әрі рухани әрі материалдық қырынан жан-жақты қолға алып, оны діни-моральдық жауапкершілік ретінде бекіткен. Алла Тағала: «Сендер адамдардың арасынан шығарылған қайырлы үмбет болдыңдар…» деп, мұсылмандарды жақсылық жаршылары ретінде сипаттап, ұдайы жақсылық жасауға шақырған. Бүгінде мешітке келіп, қайырымдылық көрсететіндердің қарасы көп. Айталық, олар жұма сайын мешітке аз қамтылған отбасылар үшін азық-түлік, киім-кешек әкеліп береді. Біздер оларды мешітке келіп, жағдайын айтқан шын мұқтаждарға таратамыз. Сонымен бірге садақа ретінде ет әкеліп беретіндер де болады. Кейбір тұрғындар өздерінің апарып беретінін айтып, бізден мұқтаж адамдардың тізімін алып жатады, — деді бас имам.

P.S. Әлеуметтік нысандардан жиі кездестіретін қайырымдылық жәшіктерін көргенде «Осы жиналғанқаржы дұрыс мақсатта жұмсала ма? Оны кімдер қадағалайды?» деген заңды сұрақ сіздерді де мазалайтын болар. Біз де өз тарапымыздан бұл сұрақтарға сауал іздеп, құзырлы мекемелердің біразына хабарластық. Ал олардың тарапынан: «Біздің құзырымызға қайырымдылық жәшіктерін тексеружұмыстары кірмейді. Дүкен иесімен келісіп, өздері қоя алады», — деген жауап келді. Ендеше, оқырман, қайырымдылық жасау жүрегіңіздегі мейірім мен патша көңіліңіздіңісі. Үлкен іс! Тек сол беретін садақаңыздың қайда, қандай мақсатта жұмсалатынына анық көз жеткізіп алсаңыз екен… Әйтпесе, шын мұқтаж жанның атын жамылған алаяққа алданып, қалтасын толтырып жүрмейік…

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

Санжар — Bowdoin университетіне түскен алғашқы қазақ

admin_mugalzhar

Жанболат ӨТЕШОВ: БІЗ ҚАЙДА БАРА ЖАТҚАНЫМЫЗДЫ БІЛМЕДІК

admin_mugalzhar

ӘКЕМНІҢ ҚАЙЫС ҚАМШЫСЫ ТӨРІМДЕ ІЛУЛІ ТҰР

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.