«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӘЗІЛІМІЗ ПРАНКСЫЗ ЖАРАСПАЙТЫН БОЛҒАНЫ МА?

Интернет дамыған заманда түрлі заманауи өзгерістер мен ұғымдар қалыптасқаны анық. Бүгінде әлеуметтік желіде көп қаралым жинайтын әрі тез көтеріліп, статистикаға жету үшін пранк жасау сәнге айналғандай. Пранк — ағылшын тілінен аударғанда “келеке ету, қалжыңдау” дегенді білдіреді. Пранктың да жақсы жағы мен зияны да қатар жүреді. Барлығына қарсы емеспін. Дейтұрғанмен, кейбір шеттен шығатындарды айтқым келіп отыр.

Мәселен, үлкен ата, апаларымызға пранк жасап жатады. Өздері жасы үлкейіп, бірінен кейін бір аурумен шырмалып жүрген жанның жүрегін дүрс еткізіп “пранк” деп артынша әзілдесетініміз қалай? Әлде бұл заманауи “әзілің жарасса, атаңмен ойна” дегеннің баламасы ма? «Әлде мен бір жерден қалып қойғанмын ба?» деп өзіме сұрақ қоямын кейде… Жә, енді дүбүрлі тойда үлкен, әдемі, қанша еңбек кеткен тортты әкеле жатып, жерге “былш” еткізіп, артынша әдеттегідей “пранк” деп одан да үлкен тортты ортаға шығарып жатады. Ысырапшылдық пен “нанның киесі ұрады” деген тиымнан бейхабар-ау шамасы.

Жақсы әрекеттер жасаса, қолдарым анық. Алайда мәнсіз дүниеге әркім-ақ қарсы болуы керек деп ойлаймын. Рас, қазірде пранк жасап миллиондаған қаралым жинап, блогерлікпен айналысып, табыс тауып жүргендердің қарасы көп. Бұл блогерлердің оқырман жинаудағы сәнді “фишкасына» айналған. Жарқыратып, «анама пранк», «жігітіме пранк», «енеме пранк» деген жазуды көрген оқырмандар қызығып қарап, таралым санын көбейтеді.

Бала күнімізде лагерьде түнде ұйықтап жатқан достарымыздың бетіне тіс пастасын жағып оятушы едік қой. Сол кездің сәніне айналған қалжың ойыны солар еді…Тап сол жағдайды бүгінгі балаға айтсаңыз, мұны олар бірден пранкқа балайды. Мүмкін, солай шығар. Әйтсе де ол кезде «пранк» термині болған жоқ еді. Ал енді пранктың түрлеріне кеңірек тоқталайық. «Хард» — ағылшын тілінен аударғанда «ауыр» деген мағынаны береді.

Бұл әңгімелесушіге қатысты қатты әзілдеу, қалжыңдасушынының жанын жегідей жеуге алып келеді. Мұндағы басты мақсат — адамның эмоциялы көңілкүйін тексеру екен. Ойынның қызығы да сол. Автор өзі қалжыңдасатын адамын ашулануға, жағымсыз эмоция көрсетуіне қол жеткізуі керек. «Лайт» — жеңіл, хардқа қарамақарсы нұсқа. Жақсы әзілге, еркелікке сәйкес келеді. Қазақша айтқанда, «қағытпа қалжың» дегенге саяды. Ойын нәтижесінде барлық қатысушыларға, оның ішінде жәбірленушіге де (пранктың құрбаны) күлкілі болады. Батыста пранктың дәл осы жеңіл түрі көп таралған. «Radioprank» – бағдарлама жүргізушісін мазақ ету үшін радиостанцияға қоңырау шалу. Арандату мақсатында тікелей эфирде қоңырау шалып, көпшілікті күлкіге қарық ету мақсатында жасалады. Бүгінде еліміздегі кейбір бағдарламаларда бұл үрдіс кездесіп жатады. Бұл да рейтинг қуғандар үшін жақсы фишка.

«Технопранк» — өз дауысының орнына олар жазбадан басқа адамдардың сөзін кесу арқылы алдайды. Бір қызығы, бастапқыда мазақ ететін бұл пранк кейде оң мақсатта қолданылады. Кейбір ерсі бейнелер елеулі әлеуметтік мәселелерге назар аударуға бағытталады.

Жоғарыда пранктың зияны туралы да айта кеттік. Дегенмен трендтен қалмайтын жастар мұны түсіне бермейді, өкінішке орай. Олар тек «желіні жаруды», оқырман жинауды, танымалдылықты көбірек ойлайтын тәрізді. Ол да дұрыс шығар, бәлкім. Иә, әзіл-әзілімен, қалжың қалжыңымен ғой. Әйтсе де, өзгені келеке етіп күлемін деп, өзіміз күлкіге қалмасақ болғаны…

Жансая САҒЫНОВА, Ембі қаласы

 

Ұқсас ақпараттар

ЕЛАМАННЫҢ ЖҮЛДЕ ҚОРЫ ТАҒЫ ТОЛЫҚТЫ

admin_mugalzhar

ЕКПЕ АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

admin_mugalzhar

ЖЫЛЫЖАЙ АШАМЫН ДЕУШІЛЕРГЕ КЕҢЕС БЕРІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.