«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Келер жылы Ақтөбе-Ұлғайсын, Қандыағаш-Шалқар автокөлік жолдары жөнделеді

Облыс әкімі Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті он бірінші сессиясында 15 мәселе қаралды.

Сессияға облыстық мәслихат хатшысы Амангелді Нұғманов, облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғамдық кеңестің мүшелері, департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты.

Жиында алдымен 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетті бекіту мәселесі қаралды. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Гүлқасима Сүйінтаева баяндама жасады.

Оның айтуынша, Ұлттық экономика министрлігінің есептеулеріне сәйкес, трансферттерді есепке алмағанда, үш жылға арналған облыс бюджетінің көлемі — 1 480,4 миллиард теңге. Оның ішінде 2023 жылға — 462,6 миллиард теңге, 2024 жылға — 490,1 миллиард теңге, 2025 жылға 527,7 миллиард теңге қарастырылып отыр.

— Алдағы үш жылға арналған бюджет қаражатының басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 64,3 пайызы әлеуметтік салалардағы мәселелерді шешуге бөлінбек. Мәселен, білім беру саласына — 201 миллиард теңге, спорт саласына — 15,3 миллиард теңге, денсаулық сақтау саласына — 8 миллиард теңге, жұмыспен қамту саласына — 15 миллиард теңге, ал мәдениет саласына 6 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр, — деді Г.Сүйінтаева.

Сондай-ақ ол облыстық бюджет пен Ақтөбе қаласы мен аудандардың 2023-2025 жылдарға арналған бюджеттері арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі, облыстық мәслихаттың 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет жайлы және облыстың 2021-2025 жылдарға арналған дамыту жоспары туралы шешімдеріне өзгерістер енгізілгенін жеткізді.

Сессия барысында облыс әкімінің орынбасары келер жылдан бастап өңірде «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылатынын айтып, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңге бөлінгенін жеткізді.

— «Ауыл аманаты» жобасы аясында тауарлық несиелендіруді қолдаған кәсіпкерлерге және шаруа қожалықтарының басшыларына алғыс айтамын. Ал осы мақсатта облысқа бөлінген 3,5 миллиард теңгені құс, өсімдік, балық шаруашылығын дамытуға бағыттау қажет. Өйткені бүгінде облыс халқы құс етімен 5 пайыз ғана қамтамасыз етілген, — деді Е.Тоғжанов.

Облыс әкімі депутаттар тарапынан қойылған сауалдарға жауап бере отырып, келер жылы облыста автокөлік жолдарын жөндеу мәселесіне ерекше көңіл бөлінетінін жеткізді. Атап айтсақ, 2023 жылдан бастап өңірде Ақтөбе-Ұлғайсы» және Қандыағаш-Шалқар автокөлік жолдары жөнделетін болады.

— Сонымен қатар алдағы уақытта Шалқар мен Ырғыздың арасындағы жолдар да жөнделетін болады, — деді облыс басшысы.

Ералы Тоғжанов Президенттің ауыл-аймақтарда денсаулық сақтау саласын дамыту туралы берген тапсырмасына сәйкес, 2023-2024 жылдары облыста жаңадан 30-ға жуық медициналық нысан мен 3 ауданаралық аурухана салынатынын жеткізді.

  • Біз облыс тұрғындарын сапалы медициналық қызметтермен қамту үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Әсіресе шалғай жатқан ауылдарда медициналық қызметтің сапасын арттырып, бұл бағытта елді мекендерді интернетпен қамту мәселесін де қарастыруға тиіспіз, — деген облыс әкімі облыстық денсаулық сақтау және цифрлық технологиялар басқармасының басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді.

Сондай-ақ жиында Ералы Тоғжанов ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасау керектігін айтып, жауапты тұлғаларға бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Бұған дейін айтылғандай, 2025 жылға дейін облыста ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған 300 орындық балабақша және өңірдегі мектепке дейінгі ұйымдарда арнайы түзетім топтары ашылмақ.

Сессия барысында депутаттар облыстың дамуына үлес қосқан бір топ адамға «Ақтөбе облысының құрметті азаматы» атағын беру мәселесін де қарады.

Жиын соңында облыстық мәслихат депутаттары күн тәртібінде қаралған мәселелерге қатысты өз ойларын ортаға салып, тиісті шешімдер қабылдады.

Д.АЙДАР, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

Пожарные спасли 85 человек из горящей многоэтажки

admin_mugalzhar

АЭС — ҚАУІПСІЗ ӘРІ ТАЗА ЭНЕРГИЯ КӨЗІ

admin_mugalzhar

Ақтөбе облысына онкологиялық ауруларды анықтауға мүмкіндік беретін 2 медициналық кешен әкелінді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.