«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Ақтөбе облысының 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында өңірдің 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен бюджеттің атқарылуының қорытындылары талқыланды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша Ақтөбе облысында тұрақты макроэкономикалық жағдай сақталуда.

Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер бойынша өсім бар, тек  көтерме және бөлшек сауда айналымында төмендеу байқалады.

Былтыр игерілмеген 6,9 млрд.теңгенің 1,9 млрд.теңгесі  – үнем. Бюджет қаражатын игеру бойынша Ақтөбе облысы республика аймақтары арасында 7 орында.

Қаражат көп жағдайда мердігерлік ұйымдардың өзіне алған міндеттемелерін орындамауына байланысты игерілмеген. Оларға қатысты материалдар сот органдарына жіберілді.

Облыс әкімінің тапсырмасымен уәкілетті органдар қаржыны игермеген, жылдық көрсеткіштерге қол жеткізбеген басқармаларға, Ақтөбе қаласының және аудандардың әкімдеріне қатысты шаралар қабылдау туралы ұсыныстар енгізуі тиіс.

«Жай ғана мердігерді сотқа беріп, күтіп отыруға болмайды. Әрқашан мәселені шешудің басқа жолдарын іздеу керек. Біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын арттыру. Бұл барлық жобалар уақытылы іске асырылуы тиіс дегенді білдіреді», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов өз сөзінде.

Сондай-ақ, өңір басшысы Мемлекеттік кірістер департаментіне және басқа да мемлекеттік органдарға Мемлекет басшысының 2022 жылдың 30 желтоқсанында қол қойған «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» заңы бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Яғни, қарызы бар азаматтар 2023 жылдың наурыз айынан бастап банкроттыққа арыз бере алады.

Мемлекеттік кредиттік бюро мәліметтеріне сәйкес, Ақтөбе облысы бойынша 12 ай қатарынан міндеттемелерін орындамаған 41539 азаматтың банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлар алдында берешегі бар.

Күн тәртібінен тыс Ақтөбе қаласының аумағындағы жолдардың қысқы күтімі, қатты тұрмыстық қалдықтар, қарды жинау және шығару мәселелері де қаралды.

Ақтөбе қаласының әкімі Мұрат Жүребековке барлық бағыттағы жұмыстарды күшейту және қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.

Төтенше жағдайлар департаменті елдімекендер арасындағы жолдарда азаматтардың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етуге міндеттелді.

«Халыққа қатты аязда қауіпсіздік шараларын түсіндіру, полицияны тарта отырып, жол жабық кезде сапарға  шығатындарға қатысты нақты шаралар қабылдау қажет. Жолаушылар тезірек діттеген жеріне жеткісі келіп, дауласатыны түсінікті, дегенмен, азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндет. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты жолда қалғандарға жедел көмек көрсетілуі керек. Бұл мәселе аяз басылғанға дейін ерекше назарда болғаны жөн», – деді облыс әкімі.

Ақерке САТЫБАЛДЫ, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

КЕСТЕ ТІККЕН КЕЛІНШЕК

admin_mugalzhar

Қазақстандық оқушылардың жазғы демалысы екі аптаға қысқармақ

admin_mugalzhar

Қазақстан су сапасы бойынша әлемдік рейтингте 54-орынды иеленді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.