«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ДӘСТҮРГЕ АДАЛ ТЕРМЕШІ ГҮЛНАЗ

Домбыра үніне сусындап өске Гүлназ ЖОЛАМАНОВАНЫҢ өнерге деген ықыласы бала күннен басталған. Кейін сол домбыраға деген махаббат оның тағдырын өнермен бірге өріп жібергендей…

-Үйдегі аға-апаларым домбыра тартқанда, ілулі тұрған аспапты көрсетіп, “маған домбыраны алып беріңіздерші” деп жылайды екенмін. Сол кезде домбыра мен үшін қол жетпес қазына сияқты көрінетін. Төрде ілулі тұрған домбыраға қол жеткізу арман еді. Кейін сол домбыраны құшақтап, сүйретіп жүретінімді анам әлі күнге дейін айтып күледі. Бәлкім, менің тағдырым сол сәттерде-ақ шешілген шығар, — деп еске алады ол.

Кейін сол домбыраға деген махаббат оның тағдырын өнермен бірге өріп жібергендей… Әжесінің қасында өсіп, ұлттық дәстүрдің мәйегін бойына сіңірген ол терме өнеріне жақын болды.

Менің әжемүйге ауылдың үлкендері жиналғанда, маған домбыра ұстатып, өлең айтқызатын. Сол кездерде халықтың ықыласын сезіндім. Дәстүрлі әншілерді көп тыңдайтынмын. Соларға қарап бой түзеп, сахна мәдениетін, орын дау мәнерін санама түйіп өстім. Сондықтан термеші болуым жүрек қалауым ғана емес, бала күннен санама сіңген тәрбиенің жалғасы, — дейді Гүлназ Кәдірғалиқызы.

Ең алғаш рет сахнада өнер көрсеткен сәті де жадында сайрап тұр. Ол кезде 7-8 жастағы өнерлі қыз киелі сахнаға шығып, қазақ күй өнерінің жауһары “Ерке сылқым” күйін орындады.

Сахнаға шыққан сәттегіжүрек дүрсілін әлі ұмытқан жоқпын. Сахнаның киесін де, қолымдағы домбыраның құдыретін де, өнердің биіктігін де бала жүрегіммен түсінгендей болдым. Сол күннен бастап сахна менің өміріме айналды, — деп еске алады өнерпаз.

1998 жылы алдымен ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі мамандығын алып, кейін жоғары білімін толықтырған Гүлназ Жоламанова еңбек жолын ұстаздықтан бастап, кейін мәдениет саласына бет бұрды. Бүгінде Ембі қалалық мәдени орталығының көркемдік жетекшісі қызметін атқарады.

Көркемдік жетекші болу тек сахнаға шығып әнайтуемес. Бұл – үлкен жауапкершілік. Әр концерттің сценарийін құру, репертуарды бекіту, жас мамандармен жұмыс жасау, үйірмелердің бағыт бағдарын айқындау – бәрі менің міндетім. Әр шараның мазмұнды, тәрбиелік мәні болуына ерекше көңіл бөлемін, — дейді ол.

Сонымен қатар термеші мәдени орталық жанынан терме үйірмесін ашып, шәкірт тәрбиелеуде. Шәкірттері аудандық, облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.

Терме – тәрбиенің қайнар көзі. Қазіргі балаларға ұлттық құндылықты жеткізудің бір жолы – осы жыр-терме. Сабақ барысында тек ән үйретіп қана қоймаймын, әр сөзінің мағынасын түсіндіремін. Өйткені термені түсінбей орындау мүмкін емес. Балаларым сахнада өнер көрсеткенде, мен өзімді қайтадан сол кішкентай Гүлназ сияқты сезінемін. Олардың жетістігі – менің қуанышым, — дейді өзі. Репертуары дәстүрлі ән мен термегенегізделгенөнерпаз 2024 жылы ақын Ертай Сарманның сөзіне жазылған, композитор Ерхан Алданазаров әуенін жазған «Қара домбыра» әнін орындап, тыңдарманға ұсынды.

“Қара домбыра” – менің жүрегіме жақын туынды. Домбыра — қазақтың жаны. Сол ән арқылы ұлт-тықрухтыжеткізгімкелді. Әр орындаған сайын ерекше сезімге бөленемін, — деген Гүлназ Кәдірғалиқызы 20 жылдан астам сахнада жүрсе де, сахнаға әр шыққан сайын толқитынын да айтты.

Қанша жыл өтсе де, сахнаға шығар алдында жүрегім дүрсілдейді. Себебі сахнаның киесі бар. Көрерменнің алдында адал болу – басты қағидам. Әр ауылдың көрермені бөлек, әр сапар ерекше. Сол үшін әр концертке тыңғылықты дайындаламын, — дейді өнер иесі.

Әйел адам үшін өнермен отбасыны қатар алып жүру оңай емес. Ол үлкен төзімділікті талап етеді. Десе де екеуін де өмірінің маңызды бөлшегі деп қабылдайды. Бүгінде ол – екі баланың анасы, өнегелі отбасының ұйытқысы әрі мәдениет саласының білікті маманы.

— Өнер – жүректің қалауы, бірақ шаңырақтың берекесі бәрінен қымбат. Жолдасымның қолдауы болмаса, сахнада осынша жыл жүрмес едім. Отбасының түсіністігі — әйел бақытының негізі, — деп ағынан жарылды мереке иесі. Ұлттық өнердің шамшырағын сөндірмей, дәстүрдің дәнін жас ұрпақтың жүрегіне сеуіп жүрген Гүлназ Кәдірғалиқызының арманы Мұғалжар өңірінде терме өнерін биікке көтеру.

— Біздің ауданда терме өнерін оданәрідамытып, шәкірттерімнің қанатын қақтырсам деймін. Ұлттық өнер ешқашан ұмытылмауы керек. Біз соған қызмет етуіміз қажет. Алдыма келген әр шәкіртті өнерге баулысам, мен үшін одан асқан бақыт жоқ, — дейді термеші.

Ұқсас ақпараттар

Жолдау: Ұлттық қордан экономикаға 1 млрд доллар инвестиция құйылады

admin_mugalzhar

ОҚУШЫЛАР ПОЛИЦИЯ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

admin_mugalzhar

Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентімен келіссөз жүргізді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.