«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕҢБЕК ЖАСАҒЫНЫҢ ҚАТАРЫ АРТУДА

Мұғалжар ауданында «Атамекен» студенттік құрылыс жасағы және «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары бағдарламалары аясындағы жұмыс биыл сәуір айынан бастау алды.

Бағдарламаға студент жастармен қатар жұмыссыз және NEET санатындағы жастар тартылып, олардың жазғы маусымда еңбекпен қамтылуына мүмкіндік жасалуда.
Аудандағы «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы 2023 жылдан бастап Орқаш орман шаруашылығы базасында жұмыс жүргізіп келеді. Осыған байланысты Орқаш ауылына жақын орналасқан ауылдық округтер мен Ембі қаласының жастары тұрғылықты жерлері бойынша жұмысқа қабылданады.
Бағдарламаға 16-35 жас аралығындағы студенттер, мектеп оқушылары, жұмыссыз және NEET санатындағы жастар қатыса алады. Кәмелет жасына толмағандар үшін жұмыс уақыты күніне 7 сағат 20 минутты, ал 18 жастан асқан жастар үшін 8 сағатты құрайды. Жұмыс аптасына бес күндік кесте бойынша ұйымдастырылған.
Биылғы еңбек маусымында жастар «Орқаш орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі» КММ-де түрлі жұмыстар атқаруда. Атап айтқанда, тәлімбақтағы көшеттерді арамшөптен тазарту, қураған және желден құлаған ағаштарды жинау, ағаш көшеттерін отырғызу, сондай-ақ «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы тазалық жұмыстарына қатысуда.
Бағдарламаның жастарды жұмыспен қамтудағы нәтижесі жыл сайын артып келеді. 2024 жылы орман шаруашылығында 70 жас жұмыспен қамтылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 150 жасқа жетті. Ал 2026 жылы бағдарлама аясында орман шаруашылығында 150 жасты және студенттік құрылыс жасақтарында 20 жасты жұмыспен қамту жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Қандыағаш қаласында жастарды жұмыспен қамту студенттік құрылыс жасақтары арқылы жүзеге асырылуда. Маусым айында қаладағы «Строй Сервис Плюс» ЖШС мердігерлік компаниясына жол құрылысы жұмыстарына 6 жас жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар Орқаш орман шаруашылығы мен Ембі қаласына 43 жас маусым айына жұмысқа қабылданды.

Ұқсас ақпараттар

Жаңа Конституция — елдіктің еңселі айнасы

admin_mugalzhar

Олжас Бектенов «Іскер аймақ» бағдарламасы туралы: шағын бизнестің өндірістік инфрақұрылымға және үй-жайларды жеңілдікпен жалға алуына қол жеткізуін қамтамасыз ету қажет

admin_mugalzhar

ҚҰМСАЙ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ

admin_mugalzhar