Ақтөбе облысында мемлекеттік қаржылық қолдау шараларын тиімді пайдаланып, бизнесін дамытып, өз ісін бастап жатқан кәсіпкерлер саны артып келеді.
Мұғалжар ауданына жұмыс сапары барысында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов шағын кәсіпкерліктің жаңа нысаны – наубайханамен танысты.
Жоба «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. 2022 жылы Сағашилі ауылының тұрғыны Гүлпара Қоныспай 4 млн теңгеге наубайхана ашуға өтеусіз грант алған.
Бір жыл ішінде көпбалалы ана ғимаратын дайындап, заманауи наубайхана және кондитерлік жабдықтар сатып алып, он күннен астам уақыт бойы ауылдастарын жаңа піскен нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
Кәсіпкер күніне нан, бөлке, тоқаштың шамамен 140 данасын пісіреді. Күн сайын наубайхана өнімдеріне сұраныс артуда, қажет болған жағдайда тәулігіне 300-400 дана нанға дейін арттыруға дайын.
Сондай-ақ Гүлпара Қоныспай кафе мен жылыжай ашуға ынталы.
Өңір басшысы Қандыағаш қаласындағы ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Соның бірі – «KazTermoGroup» ЖШС минералды мақта өндіретін зауыты. Жобаның құны 1,9 млрд теңгені құрайды. 2020 жылы кәсіпорын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 1,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды.
Жобалық қуаттылығы жылына 26 тонна минералды мақтаны құрайтын кәсіпорын 2021 жылы пайдалануға берілді. Кәсіпорында 230 адам жұмыс істейді, жұмысшылардың орташа жалақысы 150 мың теңгені құрайды.
«Неохим» ЖШС силикат кірпіш шығаратын зауыты да «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының мүмкіндігін пайдаланып, 2020 жылы 4 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Жобаның құны 7,1 млрд теңгені құрады.
Жобалық қуаттылығы – жылына 60 млн силикат кірпіш және 180 мың текше метр газдалған бетон. Кәсіпорында 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Өнімнің 20%-ы Қазақстанның басқа өңірлеріне сатылса, қалған 80%-ы Ақтөбе облысындағы құрылыс компанияларына жеткізіледі.
Өңір басшысы кәсіпорын басшылығына тауар түрлерін кеңейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Жұмыс бағдарламасы биоэтанол шығаратын «Кентавр» ЖШС зауытына барумен аяқталды. 1998 жылдан бері жұмыс істеп тұрған кәсіпорынның қуаттылығы жылына 19 млн литрді құрайды.
А.Мәлікқызы, «Ақтөбе» газеті.