«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«ҰШҚЫННАН» ЖЕТКЕН ЖЫЛУЛЫҚ

ӨТКЕН АПТА СОҢЫНДА МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНЫҢ БІЛІМ БӨЛІМІ ЖАНЫНАН ҚҰРЫЛҒАН «ҰШҚЫН» ЖАС ҰСТАЗДАР КЛУБЫНЫҢ МҮШЕЛЕРІ АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНДАҒЫ №1 ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ МЕКЕМЕСІНЕ БАРЫП, ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШАРАСЫН ҰЙЫМДАСТЫРДЫ. ТОП ҚҰРАМЫНДА АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ БАХРАМАН АМАНЖОЛОВ, АУДАНДЫҚ БІЛІМ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ЕСІМХАН ШЫМҚАЕВ ПЕН ЖАС ҰСТАЗДАР ЖӘНЕ ГАЗЕТ ТІЛШІСІ БОЛДЫ.

Қайырымдылықты жанына серік еткен жастардың игі шарасы бірінші аталған мекеменің қарттар орналасқан жерінен басталды. Жанарын жас торлаған жандардың көңіл-күйін көтеру мақсатында «Ұшқын» жас ұстаздар клубының белсенді жастары арнайы мерекелік концерт қойып, ән мен жырдан шашу шашты. Қарттарды ортаға биге шақырып, барынша көңіл-күй-лерін көтеруге тырысты. Шара барысында топ мүшелері аяулы әжелерге жаулық жауып, ақсақалды аталарға сый-сияпат көрсетіп, естелік сыйлықтар табыстады. Бір күн болса да көңілде-ріне медеу болып, жандарына жылулық сыйлаған жастарға риза болған қарттар алғыстарын білдіріп, баталарын берді.

Аталған мекеме қараусыз қалған қарттар мен мүгедектігі бар балаларға 1973 жылдан бері қызмет көрсетеді. Мекеме директоры Асылбек Жүсіпқалиұлының айтуынша, ғимарат 2021 жылы күрделі жөндеуден өткен.

Жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, техникалық базасы заман талабына сай жабдықталған.

-Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласындағы №1 әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінің қарттарға арналған бөлімшесінде 189 қария бар. Оның 7-еуі мұғалжарлық қарт. Қариялардың зейнетақысының 70 пайызы қолма-қол ақшаны бақылау шотына түседі. Ал қалған 30 пайызын өздерінің қажеттілігіне жұмсайды. Сонымен қатар, бюджеттен тұрақты тамақтарына, дәрідәрмектеріне, т.б. өзге қажеттіліктері үшін қосымша қаражат бөлінеді, — деді Асылбек Жүсіпқалиұлы.

Директордың айтуынша, қарттар үйіне демеушілік жасайтын тұрғындардың қатары көп. Мекемеге әр сала қызметкерлері келіп, түрлі бағытта қайырымдылық шараларын өткізіп тұрады. Бірі мерекелік кеш сыйласа, екіншілері керекті құрал-жабдықтарын алып береді екен. Қарттардың көңілін аулаған жастардың келесі аялдамасы «Үміт» балалар үйінің бір бөлігін жалға алып отырған №1 әлеуметтік қызмет көрсету мекемесінің балалар бөлімі болды. Бұл жерде 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар 47 бала тәрбиеленеді. Оның ішінде 27 бала ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ал қалған балалардың ата-анасы бар. №1 әлеуметтік қызмет көрсету мекемесі директорының орынбасары Бақытгүл Тойбазарова бұл жерде тәрбиеленіп жатқан балалардың жағдайы туралы айтып өтті.

Балаларға күніне тұрақты түрде 6 мәрте тамақ беріледі. Мекеме қызметкерлері олардың күтімін жақсы жасап, кешенді ем жасайды. Тәрбиеленушілердің де мүгедектігіне байланысты берілетін жәрдемақыларының 70 пайызы қолма-қол ақшаны бақылау шотына түседі. Бұл қаражатқа біз балаларды тамақтандырып, киіндіріп, қажетті дәрі-дәрмегі мен гигиеналы қ заттарын аламыз, өзге де қажеттіліктеріне жұмсаймыз. Ал қалған 30 пайызы баланың өз жеке шотында тұрады. Ата-аналары бар тәрбиеленушілер сенбіжексенбі күндері үйлеріне барып тұрады, — деді ол.

Балаларға арнайы барған мұғалжарлық «Ұшқын» тобының мүшелері түрлі ертегі кейіпкеріне еніп, базарлық ретінде мерекелік көңіл-күй сыйлады. Аниматорлар балаларды ортаға алып билеп, сыйлыққа ойыншықтар мен тәттілер таратты. Ал балалар болса, өздеріне мейірімді жүрекпен ықылас білдірген жандарды жақын тартып, ризашылықтарын күлкі үйрілген жүздері мен жылуға толы құшақтары арқылы білдірді.

Н.ТІЛЕП, З.ЕСЕНЖОЛОВ

Ұқсас ақпараттар

АДАМ САУДАСЫНА ҚАРСЫ ҚАДАМ

admin_mugalzhar

БАНКРОТТЫҚ ЖАРИЯЛАУ: ҚАРЫЗДЫҢ ҚАМЫТЫН КИГЕНДЕРГЕ МҮМКІНДІК

admin_mugalzhar

Kaspi Жұма 14, 15 және 16 шілдеде өтеді

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.