Мұғалжар ауданына жұмыс сапары аясында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасының іске асырылу барысымен танысты.
Еңбек ауылдық округіне қарасты төрт елдімекен – Сағашилі, Басшилі, Тепсен-Қарабұлақ және Темір-көпірде жалпы саны 2,7 мыңнан астам адам тұрады. Скрининг және жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесі бойынша округ тұрғындары «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 203 жобаны іске асыруға ниетті. Қазіргі уақытта 11 жоба қаржыландыруға рұқсат алған. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қалған үміткерлерге құжаттарды жинауға, бизнес-жоспарлар жасауға жан-жақты көмек көрсетілуде.
«Округтегі барлық 10 жұмыссыз тұрғын – жобаға қатысуға үміткер. Олар несие алып, жеке қосалқы шаруашылығын дамыта алады. Сондай-ақ, округте 160-қа жуық адам өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар санатынан, олардың бәрі жобаға қатысуға ниетті, бұл табыс деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бүгінгі күні атаулы әлеуметтік көмек алатын 8 отбасы жобаға қатысады. Нәтижесінде олар табысқа кенеледі, әлеуметтік төлемдерге тәуелді болмайды», – деді ауылдық округ әкімі Аманбай Қаюпов.
Ауыл тұрғындарының тауарлық несиелерге қызығушылығы ерекше. Бұл несиелер Ақтөбе облысындағы «Ауыл аманаты» жобасының айрықша белгісі болып табылады. Қысқаша айтқанда, ауылдарды дамытуға ынталы ірі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жеке қосалқы шаруашылықтарға мал беріп, оны 3 жыл ішінде төлмен қайтарып алады.
Сағашилі ауылында тауарлы несиеге 50 қой мен 2 сиырды алғашқылардың бірі болып Жұлдыз Жарменов алды. Ералы Тоғжанов шаруаның мал қорасын қарап шықты. Қазіргі уақытта бұл жігіт көпке үлгі болып отыр, өйткені Сағашилі ауылының 20-ға жуық тұрғыны да тауарлық несие алуға ниетті. Басымдық жұмыссыздарға және тұрақты табысы жоқ азаматтарға берілмек.
«Бұл – ел Президентінің ауылдық аумақтарды дамыту туралы тапсырмасын іске асырудың айқын мысалы. Жұмыс істегісі келетіндер үшін нақты көмек», – деп атап өтті ауылдық округте «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуына жақсы баға берген облыс әкімі.
Қандыағаш қаласында өңір басшысы жоба қатысушыларымен кездесіп, олар өсімдік және құс шаруашылығы, жылыжай өндірісі салаларын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жөніндегі жоспарларымен бөлісті.
Ералы Тоғжанов қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, мемлекеттік органдарға құжаттарды қабылдау мен қарауды жеделдетуді тапсырды.
Сондай-ақ облыс әкімі жергілікті тұрғын Қуандық Төлегеновтің жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Бүгінде мұнда жергілікті нарыққа жеткізілетін қияр өсіріледі. Жылыжайдың өндірістік қуаты айына 800 -1000 келі өнімді құрайды.
А.МӘЛІКҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.