ӨТКЕН ЖЫЛЫ «ЦИФРЛІК ҚАЗАҚСТАН-2022» МЕМЛЕКЕТТІК КЕШЕНДІ БАҒДАРЛАМАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛҒАН ЕДІ. ЕНДІ БИЫЛДАН БАСТАП ЕЛІМІЗДЕ «ҚОЛЖЕТІМДІ ИНТЕРНЕТ» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ. ОЛ ТУРАЛЫ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРЛІГІ ХАБАРЛАДЫ. СОНДАЙ-АҚ, АТАЛҒАН ЖОБА АЯСЫНДА 5G ТЕХНОЛОГИЯСЫ РЕСПУБЛИКА БОЙЫНША 75%-ҒА ДЕЙІН ЖЕТЕТІНІН, АЛ 2027 ЖЫЛЫ КЕҢ ЖОЛАҚТЫ ИНТЕРНЕТ ЖЕЛІСІН ҮЙЛЕРГЕ ӨТКІЗУ ДЕҢГЕЙІ 100% БОЛАТЫНЫН МӘЛІМДЕДІ. БҰЛ – ЕРТЕҢНІҢ ӘҢГІМЕСІ. АЛ БҮГІНДІ САРАЛАЙТЫН БОЛСАҚ, БІРҚАТАР АУЫЛДАР ИНТЕРНЕТКЕ ӘЛІ ДЕ ТОЛЫҚҚАНДЫ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ АЛМАЙ ОТЫР НЕМЕСЕ ЖЫЛДАМДЫҒЫ ТӨМЕН ЖЕЛІГЕ ҚОСЫЛҒАН. ДЕГЕНМЕН, АЛДАҒЫ УАҚЫТТА АУЫЛДАРДЫҢ БАРЛЫҒЫН ДЕРЛІК ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТУ ЖОСПАРЛАНЫП, БІРҚАТАРЫНА ҚАРЖЫ ДА БӨЛІНІП ҚОЙҒАН. БҰЛ ЖҰМЫСТАРҒА БИЫЛҒЫ ЖАРИЯЛАНҒАН «ҚОЛЖЕТІМДІ ИНТЕРНЕТ» ҰЛТТЫҚ ЖОБАСЫ ДА СЕПТІГІН ТИГІЗЕРІ АНЫҚ. СОНЫМЕН…
ИНТЕРНЕТ КЕРЕК АУЫЛ БАР
Бүгінгі таңда аудан аумағында екі ірі байланыс мекемесі жұмыс жасайды. Олар — «Қазақтелеком» АҚ-ның Мұғалжар аудандық желілік цехы және «Транстелеком» АҚ-ның Қандыағаш қаласындағы филиалы. Аталған мекемелердің қызметін аудандағы мемлекеттік мекемелерден бастап, өндіріс орындары және жеке тұрғындар пайдаланады. Сонымен бірге ауданға қарасты елді мекендерге де қызмет көрсетеді. Бұдан бөлек ауданда бірнеше ұялы байланыс операторлары жұмыс жасайды. Айталық, аудан орталығы Қандыағаш қаласында Activ, Beeline, Tele2, Altel, Kcell байланыс операторлары халық игілігі үшін жұмыс жасап тұр. Бұл байланыс операторларының мобильді интернеттері 4G деңгейінде ұстайды. Ембі қаласында да жоғарыда аталған байланыс операторлары жұмыс жасайды. Ал Жем қаласының тұрғындары 2022 жылға дейін бұрын байланыс жүйесін Ембі қаласындағы Beeline мұнарасы арқылы алды. Бірақ желі тым нашар болған. Өткен жылдың қыркүйек айында Жем қаласына арнайы Beeline мұнарасы орнатылды. Қала әкімінің айтуынша, бүгінде аталған байланыс операторы кедергісіз жұмыс жасап тұр.
— Осы жылы Жемге Kсеll мұнарасын орнату үшін келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қалада орналасқан мекемелердің барлығы «Қазақтелеком» АҚ-ның интернет жүйесімен келісім-шартқа отырды. Жеке пәтерлер де осы аталған мекеменің интернетіне қосылған. Жалпы байланыс жағынан да, интернет желісі жағынан да қиындық жоқ. Интернет жылдамдығы — 24- 26 м/кб. Арнайы мұнара болмаса да Қазақтелеком арқылы Аltel байланыс желісі жақсы ұстайды, — деді Жұматай Бисенов.
Ал ауылдық округтердің орталықтарына «Қазақтелеком» мекемесініңқызметі қолжетімді. Ішінара «Транстелеком» АҚ-ның қызметін пайдаланатындар бар. Талдысай ауылдық округінің орталығы Талдысайда Beeline байланыс операторы қойылып, интернет желісі 4G деңгейінде ұстайды. Округ әкімі Айбек Мұқанов алдағы уақытта округке қарасты Еңбек ауылына Beeline байланыс операторының мұнарасы қойылатынын айтты. Аталған жұмысты жүйелі жасау үшін бюджеттен 25 млн теңге бөлінген.
Қайыңды ауылдық округі бойынша Beeline, Tele2, Altel, Kcell байланыс операторларының барлығы да интернетті 4G деңгейінде ұстайды. Округ әкімі Нұрболат Жалғас 2022 жылы округке Tele2 және Altel байланыс операторының қойылғанын жеткізді. Ал мекемелер «Қазақтелеком» мекемесінің қызметін пайдаланады. Құмжарған ауылдық округінің орталығы Бірлік ауылында Beeline байланыс операторы тұрақты және 4G деңгейінде ұстап тұр. Ауыл әкімі Қанағат Қалиев округке қарасты Шеңгелши, Құмсай және Құмжарған ауылдарында арнайы байланыс жүйелерінің мұнаралары жоғын жеткізді. Аталған ауыл тұрғындары әупірімдеп көршілес ауылдардағы байланыс желілеріне мойын созып, әуедегі интернет желілерін пайдалануда. Ауыл әкімі алдағы уақытта аталған ауылдарда байланыс операторының мұнараларын орнату жоспарда барын жеткізді.
Егіндібұлақ ауылдық округінің орталығы Бұлақты ауылында Beeline және Activ байланыс операторлары орнатылған. Ауыл тұрғындары Beeline операторы арқылы мобильді интернет желісін пайдаланады. Ал Activ операторын сөйлесуге ғана қолданады. Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі Әлімжан Андакуловтың айтуынша, ауылдағы мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік нысандар интернет желісін «ҚазТел» АҚ-ның спутниктік қабылдағыш құрылғылары арқылы пайдаланады. Округке қарасты Миялыкөл ауылына күні кеше ғана 25 метрлік мұнара орнатылып, сигналды күшейту жұмыстары жүргізілді. Бұл ауыл тұрғындарына жақсы қамту аймағы мен жылдамдығы бар Beeline желісінің сапалы мобильді интернетін пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.
Аудан орталығына жақын орналасқан Жұрын ауылдық округінің орталығы Жұрын ауылында тұратын тұрғындар, мекемелер мен әлеуметтік нысандар «Қазақтелеком» мекемесінің байланыс желісін және Beeline байланыс операторын пайдаланады. Жұрын ауылы бойынша 218 үй «Қазақтелеком» мекемесінің қызметін алып отыр. Сонымен бірге округ аумағындағы темір жол бойында орналасқан елді мекендерді «Транстелеком» мекемесі интернетпен қамтамасыз етіп отыр. Ал Көлденең Темір мен Көбелейде интернет желісі ұстамайды. Еңбек ауылдық округінде тек қана Activ байланыс операторы жұмыс жасайды. Ал Beeline, Tele2 операторларының байланыс желілері дұрыс ұстамайды. Орталығы Сағашилі ауылындағы мекемелер мен әлеуметтік нысандарды байланыс желісімен «Қазақтелеком» мекемесі қамтамасыз етіп отыр. Ал Басшилі ауылында «Транстелеком» мекемесінің байланыс желісі орнатылған. Ауыл әкімі Аманбай Каюповтың айтуынша, алдағы уақытта ауылға Kcell байланыс операторының мұнарасын қою жоспарланған. Дегенмен, аудан іргесіндегі ауылдың интернетсіз болуы көңілге қаяу салатыны анық.
Шалғай ауылдардың бірі Ащысай ауылдық округінің орталығы Ащысай ауылында мобильді байланыс жүйелері жұмыс жасайды. Ауыл әкімі Баймұрат Оразов 2020 жылы Ащысай ауылына Kcell, Beeline, Tele2, Altel байланыс операторларының мұнарасы қойылғанын айтып, ауылда байланыс желісі жақсы жұмыс жасайтынын жеткізді. Ақсу мен Сабындыкөл ауылдарына ұялы байланыс жүйесі тартылмаған. Ауыл мектептері «Транстелеком» мекемесінің байланыс жүйесін пайдаланады. Мұғалжар ауылында Beeline Tele2, Altel, Kcell байланыс операторлары жұмыс жасайды. Өндіріс мекемелері шоғырланған ауылдың байланысы жақсы болуы да заңдылық. Ауылда орналасқан мекемелер мен әлеуметтік нысандар «Қазақтелеком» және «Транстелеком» мекемелерінің желілерін кедергісіз пайдаланады. Жеке тұрғындар да аталған байланыс мекемелерінің қызметін пайдаланып, үйлеріне Wi-Fi құрылғыларын қондырып алған. Интернет желісіне қол жеткізе алмай отырған елді мекендер де жетерлік. Солардың бірі — Батпақкөл ауылдық округіне қарасты Саға және Қожасай ауылдары. Округ әкімі Мейрамбек Боқашев жоғарыда аталған ауылдарға алдағы уақытта сапалы байланыс желілерін апаруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Округ орталығы Жағабұлақ ауылында байланыс операторларының барлығы дерлік жасайды екен.
Ал Құмсай ауылында 2017 жылы Beeline ұялы байланыс желісі іске қосылған. Бүгінде мобильді интернет 3G деңгейінде ұстайды, дегенмен таралу жылдамдығы төмен.
— 2021 жылы Activ ұялы байланыс желісі іске қосылды. Байланысты одан әрі күшейту мақсатында өткен жылы Шилі қыстағына «КаР-Тел» ЖШС-нің мұнарасы орналастырылды. Айта кететін жайт, Шилі қыстағындағы мұнара ауыл азаматтарының демеушілігімен орнатылды. Округте «Қазақтелеком» АҚ-ның телефон желісі жұмыс жасайды. 49 абонент осы қызметті пайдаланып отыр, — деді ауыл әкімі Нағметулла Сатаев.
МЕКТЕПТЕРДІ ИНТЕРНЕТПЕН ҚАМТУҒА 116 579 МЛН ТЕҢГЕ БӨЛІНГЕН
Бүгінде бәсекеге қабілетті білімді ұрпақ тәрбиелеу үшін де білім беру ұйымдарын цифрландыру өте өзекті мәселе болып саналады. Аудандық білім бөлімінің мемлекеттік сатып алу секторының есепшісі Ақерке Блкенова білім беру ұйымдарын цифрландыру жұмысының «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бүгінде аудандағы 37 мектеп, 3 аула клубы мен бөбекжай бақшалардың барлығы дерлік интернет желісімен қамтамасыз етілген.
-Аудандағы 5 мектеп FTTH технологиясымен жабдықталып, 100 М/бит-тық жылдамдықта жұмыс жасайды. Ал қалған ауылдық мектептер интернеті 20 Мбит пен 8 Мбит аралығында, спутниктік және радиомост технологиясы арқылы жабдықталған. Әзірге ешқандай кедергі жоқ. Бірақ ауа райына байланысты кедергілер болып тұрады. Қазіргі таңға дейін ауылдықмектептерде ешқандай жаңартулар жүргізілмеді. Осы жылы шалғайдағы 8М/бит жылдамдықты пайдаланатын мектептердің жылдамдығын көбейту қарастырылуда. Аудан мектептерінің интернет желісімен қамтылуының қаржысы конкурсқа байланысты анықталады. Бұл мақсатқа 2022 жылы 70 681млн теңге бөлініп, игерілді. Ал 2023 жылы интернет үшін 116 579 млн теңге қаржы қарастырылып отыр, — деді аудандық білім бөлімінің мемлекеттік сатып алу секторының есепшісі Ақерке Блкенова.
«ТРАНСТЕЛЕКОМ»: БАЗАЛЫҚ СТАНСАЛАР ҚОЙЫЛУДА
Аудан аумағында орналасқан «Транстелеком» АҚ-ның филиалы ел бойынша ең ірі байланыс операторларының бірі. 2000 жылға дейін темір жол саласына қызмет көрсетіп келген мекеме телекоммуникациямен қатар, цифрландыруға көшіп, АТ саласын жүйелі интеграциялап келеді. «Транстелеком» АҚ-ы Ақтөбе филиалының директоры Нұрбек Төлепбергенов Қандыағаш учаскесі Никельтау, Темір және Мұғалжар ауданы аумағына қызмет көрсететінін айтты. Сондай-ақ жеке тұрғындарға қызмет көрсетіп, тұрғын үйлерге сапалы интернет желісін тартып жүр.
— Бүгінде жасап жатқан жұмыстар «Цифрлы Қазақстан2022» бағдарламасы бойынша жүргізілуде. Қазір Қандыағаш қаласы бойынша «Самал», «Болашақ», «Нұрлыкөш», «Финский» мөлтек аудандарының тұрғындарын интернет желісімен қамтамасыз етіп жатырмыз. 2022 жылы Елек, Басшилі және Қандыағаш қаласындағы «Финский» мөлтек ауданына жұмыс жүргізіліп, базалық станса қойылды. Қаладағы «Жастық» және «Достық» мөлтек аудандарына интернетті көпталшықты кабель орнатып жатырмыз. Бұл желі тез жылдамдықта қызмет көрсетеді. Айталық 100 МБит-ке дейін бере алады. Базалық станса қойылған ауылдарға акция ұйымдастырып отырмыз. Олар қаңтар-ақпан айларында интернет желісін тегін тарта алады. Сондай-ақ бір ай тегін пайдаланады. Ал Ембі аумағы бойынша Мұғалжар ауылын интернет желісімен қамтып отырмыз. Сонымен қатар теміржол бойында орналасқан барлық елді мекен тұрғындары үшін интернет желісі қолжетімді болып отыр, — деді Нұрбек Тұрымбекұлы.
Аталған интернет желісінің коммуналды төлемі белгіленген технология бойынша есептеледі. Айталық, радиорелелік байланыс арқылы интернет желісін пайдаланатындар интернет үшін 5000 теңге, қабылдағыш модемді жалға алғаны үшін 300 теңге төлейді. Ал оптикалықкөпталшықты кабельмен интернет қабылдаған тұрғындар үшін 2500-3800 теңге аралығында болады. «Транстелеком» АҚ-ның жаңа сервисінде OTT TV жұмыс жасайды. Ол арқылы тұрғындар қалаған телеарналарынан сүйікті бағдарламаларын тамашалай алады. Мекеме басшысы Нұрбек Төлепбергеновтың айтуынша, аталған қызмет үшін тұрғындар түрлі тариф бойынша 1800-2100 теңге аралығында қаржы төлейтінін жеткізді.
— OTT TV арқылы тұрғындар 110 каналды тамашалай алады. Оның ішінде шетелдік және қазақстандық телеарналар бар. Мекеме операторлары «Транстелеком» АҚ мамандары көрсететін қызметтерді сапалы етуге бар күш-жігерін салуда. Желіде қандай да бір ақау туындаған жағдайда орталықтандырылған 191 Call-орталыққа хабарласып, онлайн өтінім қалдыруға болады. Операторлар 78 сағат ішінде қызмет көрсетеді, — деді ол.
БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫС ЗАМАНАУИ ТЕХНОЛОГИЯҒА ЖОЛ АШАДЫ
«Қазақтелеком» АҚ-ы «Цифрлық Қазақстан-2022» мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс технологиясы бойынша кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз етуді жүзеге асыруда. «Қазақтелеком» АҚ-ның Мұғалжар аудандық желілік цехының басшысы Нұрлан Өтегенов аталған жоба аясында оптикалық кабель тарту жұмыстары аудан аумағында да жасалып жатқанын жеткізді.
— «Қазақтелеком» АҚ байланыс саласында бірнеше жылдан бері сапалы қызмет көрсетіп келеді. Соңғы жылдары заман ағымына сай заманауи телекоммуникация қызметтерін де қосып, тұрғындарды қолжетімді интернетпен қамтамасыз етіп келеміз. Бүгінгі таңда аудан бойынша 6000-нан астам мұғалжарлық біздің мекеменің қызметін пайдаланып отыр. Айталық, 4918 тұрғын кабельді үй телефонына жалғанса, қолжетімді интернетпен 4769 үй қамтылды. Сондай-ақ 2016 жылдан бері біз Altel және Kcell байланыс операторларымен жұмыс жасап келеміз. Соның нәтижесінде біздің көрсететін қызметтеріміз көбейіп, тұрғындардың интернетпен қамтылуы жақсарды. 3963 адам Altel, 952 адам Kcell пайдаланады. Осы жылдың қараша айында жаңа технология негізінде жасақталған радиокөпірлер орнатылды. Аталған қондырғы Қандыағаш қаласы бойынша жаңадан бой көтерген «Болашақ», «Жаңақоныс», «Самал» мөлтек аудандарына қойылды. Бүгінде осы мөлтек аудандардың 70-тен астам тұрғын үйі жылдамдығы жоғары интернетке қол жеткізді. Аудан тұрғындары үшін заманауи байланыс қызметтерінің келуі сөзсіз маңызды және көп күткен оқиға болды. Заманауи технологиялар дамудың, оқытудың және жұмыс істеудің жаңа мүмкіндіктерін, сондай-ақ қала мен ауылдық елді мекендердің арасындағы цифрлық теңсіздікті жоюға мүмкіндік береді, — деді Нұрлан Өтегенов.
Заман талабына сай жаңғырған «Қазақтелеком» АҚ-ы Altel және Kcell байланыс операторларымен біріге отырып, халыққа тиімді түрлі тарифтер ұсынуда. Тарифтер туралы білгісі келетін жандарға «Қазақтелеком» мекемесінің мамандары кеңінен ақпарат береді. Сонымен бірге аталған мекеме iD TV цифрлік телеканалдар да таратады. Бұл жерден тұрғындар өздеріне ұнайтын теле бағдарламаларды көре алады.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ