Газет тілшілері жаз айларында қала аумағында орналасқан тозығы жеткен ойын алаңдары мен ондағы қауіпсіздік туралы мәселе көтеріп, сараптамалық мақала дайындаған еді. Кеше жазылған жайдың ізімен мәселенің мән-жайын білмек ниетте қала әкіміне хабарластық. Олар бүгінде балалар ойын алаңын қалыпқа келтіру үшін жөндеу жұмыстарының басталып кеткенін айтты.
Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайыр бүгінгі таңда қала аумағындағы төрт балалар ойын алаңының жөнделіп жатқанын жеткізді. Олар — «Жастық» мөлтек ауданы автовокзал маңындағы, теміржол вокзалының алдындағы, «Достық» мөлтек ауданындағы №3 мектеп жанындағы, Жамбыл көшесі аудандық полиция бөлімінің маңындағы «Бақытты бала» ойын алаңдары. Бұл ойын алаңдарын жөндеуге бюджеттен 2 148 000 мың теңге бөлініп, жөндеу жұмыстарын «Махамбетов Нурлан» жеке кәсіпкерлігі жүргізуде.
— Бұл ойын алаңдарын 2018-2019 жылдары «Самұрық-Қазына» компаниясы салған. Осы уақытқа дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеді. Алаңдарды қалпына келтіру үшін мемлекеттік сатып алу порталында хабарландыру жариялап, жеңімпазды анықтадық. Ойын алаңындағы құрылғылардың сынған жерлері жасалып, сырланауда. Жақын арада жөндеу жұмыстары аяқталады, — деді қала әкімі.
Оның айтуынша, алдағы уақытта «Самал» мөлтек ауданындағы, «Достық» №14 және №3 мектеп-гимназиясының жанындағы, «Жастық» мөлтек ауданы №40, 41 көпқабатты тұрғын үйлер мен №2 орта мектебі жанындағы, «Тәуелсіздік» даңғылы мен А.Жұмағалиев көшесіндегі және «Жеңіс» даңғылы мен С.Сейфуллин көшесінің қиылысындағы спорт алаңдары жөндеуден өтеді. Жөндеу жұмыстарын «Ерзақ Гаухар» жеке кәсіпкерлігі жүргізеді. Аталған алаңдарды жөндеуге бюджеттен 2 млн 300 мың теңге бөлінген.
Н.КЕСІКҚҰЛ