«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚОЛӨНЕРГЕ БАР ТАЛАСЫ…

«ЖІГІТКЕ ЖЕТІ ӨНЕР ДЕ АЗ» ДЕГЕНДІ ДӘЛЕЛДЕП ЖҮРГЕН ЖАННЫҢ БІРІ ҚАНДЫАҒАШТЫҚ ЕРБОЛ АБДУЛГАЗИЗОВ. КЕЙІПКЕРІМІЗДІҢ НЕГІЗГІ МАМАНДЫҒЫ — ДӘНЕКЕРЛЕУШІ, ОСЫ КЕЗГЕ ДЕЙІН НАНЫН ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНАН ТАУЫП КЕЛІПТІ. АЛ БҮГІНДЕ ОЛ КИІМ ТІГІП, СУРЕТ САЛЫП, ҚОЛӨНЕРДІҢ ҚЫР СЫРЫН МЕҢГЕРІП ЖҮР.

Жалпы бала кезден өнерге жақын болдым. Оның ішінде сурет салуға деген құштарлығым ерекше еді. Кейін өмір желісінде бұл салаға кәсіби тұрғыда ден қоюға мүмкіндік болмады. Дегенмен, жұмыссыз қалып, айналысатын нәрсе іздеген кезде, бала кезгі қызығушылық еске түсті. Ол осы қолөнерге алып келді, — дейді Ерболдың өзі.

Ісмер жігіт негізінен қыздардың сәукелесі мен балалардың сөмкесін тігеді. Аяқ киім тігетін де өнері бар. Қылқаламмен жарға сурет салатын өнерден де құралақан емес. Сонымен қатар ұялы телефондарға қап, түрлі қоржындар, тойбастар бұйымдарын жасап, түрлі тақырыптағы мерекелік кештердің сәнін келтіріп, өтетін орнын әсемдеуді де кәсіп көзіне айналдырған.

Арнайы оқу оқып, неше түрлі курстарға қатысқан емеспін. Барлығын өз бетіммен жасап үйрендім. Жасап көрген дүнием болмаса да, «көз қорқақ, қол батыр» демекші, қорқақтыққа салынбай тапсырыс қабылдай беремін. Жасау барысында үйреніп, білмегенімді толықтырып отырамын. Менде шыны керек қазіргі заманауи құралдар да жоқ, арнайы лазерлермен емес, қарапайым қайшымен қиып, принтер қолданбай, қолмен суретін салып аламын. Менің қолданатын материалдарым – фетр, фоамиран, түрлі әшекей тастар, жиектемелер (тесьма). Барлық материалдарды Ақтөбе қаласынан алып келемін. Жасаған бұйымдарымның ішінде ерекше көзге түсетіні қазақ қыздарының сұлулығын паш ететін бас киімдерінің бірі — сәукеле. Дөңгелек бас киім төбе жағына қарай жіңішкере бергендіктен оның диаметрі мен биіктігін анықтап аламын. Соған сәйкес қағаз бетіне пішінін түсіремін. Оны қиып, мата бетіне орналастырып, жиегіне 1 см қалдырып, қарандашпен сызып, сол сызық бойынша қиып аламын. Қиылған матаның теріс жағынан көктеп тігемін. Әрі қарай түрлі әшекейлермен сәндеп, шашақтармен көмкеріп, жоғары жағына үкі тағылады. Осылайша тапсырыс берушінің қалауына қарай жасап шығамын. Сәукеле жасар кезде көп үлгілерді қарап шығып, әрі қарай өз қиялымды қосамынжәне бағасын 4500 теңгеден жоғары сата алмаймын. Өйткені, сұраушылар сапалы дүниені алғысы келеді, бірақ бағасына келгенде ойланып қалады. Сондықтан да көбіне арзанға кетіп жатады», — дейді ол.

Көз майын тауысып істейтін шығармашылық еңбектің өзіне тән қызығы мен қиындығы болады. Қаншама маңдай тер мен төзімнің арқасында жасаған дүниесі тапсырыс берушінің көңілінен шығып жатса, алғысын алса, еңбектің нағыз жемісі сол деп біледі шебер.

Бұл жұмыс хабары жоқ адамға оңай көрінер, бәлкім. Бірақ «инемен құдық қазғандай» десем, сенесіздер ме?! Бір өнімнің шығуына қаншама уақыт және шыдам қажет екенін біле бермейді және еңбегіміздің ақысы ондай көп емес. Шыны керек, дәл қазір тапсырыс көп дей алмаймын. Тұрғындар мен туралы білмейді десем де болады. Көбіне халық арасында «тігінші десе, әйел адам болу керек» деген ой қалыптасып қалғаны жасырын емес. Бірақөнер, оның ішінде қолөнер жаспен жынысқа бөлінбейді. Қолдан келетін, жаныңа жақын, табыс әкелер қай дүниемен де айналысуға болады, — дейді Ербол Халидуллаұлы.

Алдағы уақытта тәжірибесін арттырып, бұдан да керемет бұйымдар жасағысы келетінін де тілге тиек кетті. Қолөнерді кәсіпке айналдырған жігіт осы кәсібін кеңейту үшін өзіне қолдау білдіретін жандарғадамұқтажекенінжасырмады. Мүмкіндік болса, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге қолдау болған түрлі гранттарға қатыспақ ниетте…

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ.

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда зейнетақы төлемдері артады

admin_mugalzhar

227 елді мекен қауіпті аймақта тұр — ТЖМ

admin_mugalzhar

Қаңтарда минус 35-40°С аяз: Синоптиктер биыл Қазақстанда қыс қандай болатынын айтты

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.