«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Отыз мыңнан астам ақтөбелік бір мезетте гимн шырқады

Бүгін Ақтөбедегі Тұңғыш Президент атындағы мәдениет және демалыс саябағының Тутұғыр алаңында Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты шара өтті.

Алаңға жиналғандар еліміздің Мемлекеттік Туын көтеру салтанатты рәсіміне және Мемлекеттік Гимнді бір мезгілде орындайтын республикалық акцияға қатысты.

Бұл күні алаңға 30 мыңнан астам ақтөбелік жиналды. Қатысушылар арасында ардагерлер, депутаттар, қоғамдық кеңес, зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ішкі істер департаментінің қызметкерлері, Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштері институтының, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының курсанттары, спортшылар, дәрігерлер, құрылысшылар, оқу орындарының әскери-патриоттық клубтарының мүшелері, студенттер мен оқушылар, балабақша тәрбиеленушілері, мемлекеттік қызметшілер бой көрсетті.

«Саз» балалар студиясының өнерлі өрендері мен мектеп оқушылары, қаламыздағы балабақша балдырғандары бастап, алаңда тұрғандардың бәрі бір мезетте Мемлекеттік Гимнді шырқады.
Мерекелік шарада сөз сөйлеген облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңір тұрғындарын Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтады.
— Мемлекеттік рәміздер — бұл белгілі бір мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырамайтын атрибуттарының бірі. Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран елдігімізді айшықтайтын, жаһандық қауымдастық алдында елдігімізді ерекшелейтін биік құндылық. Тәуелсіздікке деген құрмет — оның басты белгісі Мемлекеттік Рәміздерді қадірлеуден басталады. Бүгінгі шара ұрпақтар сабақтастығын жаңғырту, егеменді еліміздің болашағы — жас ұрпақты ұлттық дүниетаным негізінде тәрбиелеу, патриоттық, отансүйгіштік сезімдерін ояту мақсатында ұйымдастырылады. Көк Туымыз көгімізде желбіреп, Елтаңбамыз ардақталып, Әнұранымыз шырқала берсін! — деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Одан соң сөз сөйлеген Ақтөбе қаласының құрметті азаматы, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, ардагерлер арасында джиу-джитсу мен греплингтен әлем чемпионы Әшім Қали Рәміздер күні — елдігіміздің мерекесі екенін атап өтті.

Абзал Төребек Ермұрат Зейіпханның «Көк тудың желбірегені» әнін орындап, осы сәтте Тутұғырдағы көк Туымыз бен қатысушылардың қолындағы көк жалаушалар әдемі үйлесім тауып, желбіреп тұрды.
Салтанатты шара Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның өнерпаздарының орындауындағы Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен түйінделді.
Бұл күні Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайда және теміржол вокзалында, ірі сауда орталықтарында, базарларда, кәсіпорындарда да қызметкерлер бір мезгілде Мемлекеттік Гимнді орындады.


Дәл осы сәтте Абай даңғылындағы «Тәуелсіздік» стелласы алаңында да Мемлекеттік рәміздер күніне орайластырылған «Рәміздер — Тәуелсіздік тұмары» атты мерекелік патриоттық концерт өтті. Туған жер, Отан туралы шығармалар тыңдаған көпшіліктің жүрегіне жол тапты.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.

Ұқсас ақпараттар

ЕЛ ЕРТЕҢІ ҮШІН ДАУЫС БЕРУДЕ

admin_mugalzhar

Дауыс беру үшін eGov Mobile қосымшасын пайдалану ұсынылды

admin_mugalzhar

АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.