«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖҮРЕК АУРУЫ ЖАС ТАЛҒАМАЙДЫ

СОҢҒЫ УАҚЫТТА АУДАНДА ЖҮРЕК-ҚАН ТАМЫРЛАРЫНЫҢ ТҮРЛІ ДЕРТІНЕ ШАЛДЫҒУШЫЛАР САНЫ КҮРТ АРТҚАН. БҰЛ ТУРАЛЫ ОСЫДАН БІР АЙ БҰРЫН БІЗГЕ БЕРГЕН СҰХБАТЫНДА МҰҒАЛЖАР АУДАНДЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ СӘБИТ КЕУЛІМЖАЕВ АЙТҚАН ЕДІ. ОНЫҢ СӨЗІНШЕ, ӨЗІ БАСШЫЛЫҚ ЕТЕТІН АУРУХАНАДА ТҮРЛІ ЖҮРЕК АУРУЛАРЫМЕН ДИСПАНСЕРЛІК ЕСЕПТЕ 1296 АДАМ ТҰР. ОНЫҢ ІШІНДЕ 3-ЕУІ 18 ЖАСҚА ТОЛМАҒАН БАЛА. ЖАЛПЫ, ҚАЗІР АТАЛҒАН ДЕРТТІҢ АСҚЫНУЫНА НЕ СЕБЕП? АҒЗАДАҒЫ СЫҢАРЫ ЖОҚ ЖАЛҒЫЗ ЖҮРЕКТІ ҚАЛАЙ САҚТАЙМЫЗ? ОСЫ ЖӘНЕ ӨЗГЕ ДЕ САУАЛДАРҒА ЖАУАП ІЗДЕП, АУДАНДЫҚ АУРУХАНАНЫҢ КАРДИОЛОГ ДӘРІГЕРІНЕ ХАБАРЛАСТЫҚ. СОНЫМЕН БІРГЕ ЖҮРЕК ДЕРТІНЕ ШАЛДЫҚҚАН НАУҚАСТАРДЫ ДА СӨЗГЕ ТАРТТЫҚ. СОНЫМЕН…

Соңғы екі жылда 36 науқастың жүрегіне ота жасалған

Деректерге сүйенсек, әлемде әрбір оныншы адам жүрек-қан тамырлары ауруына шалдыққан екен. Иә, күнделікті күйбең тірлік деп жүріп, емдеу мекемелеріне уақытында тексерілмей, өз денсаулығымызға аса мән бермей жататынымыз жасырын емес. Кей кездері қарбаласқа толы күндерде терең ойға батып, күйзеліске душар болып та жатамыз. Ашушаңдыққа бой алдырып, уақытылы тынығу мен дұрыс тамақтануды да қалыс қалдырамыз. Міне, осындай жағдайлардың арты жүрек-қан тамырлары ауруларына әкеліп соғатынын айтады дәрігерлер. Сондай-ақ олар қазіргі таңда аталған ауру түрлерінің тым «жасарып» бара жатқанын, оның ішінде жүрек дертінен көз жұмып жатқан жастардың саны артқанын айтып, дабыл қағуда.

Өткен ғасырдың екінші жартысынан бастап жүректің ишемиялық ауруына (ЖИА) шалдыққандар мен осы кеселден болатын өлім-жітім көрсеткіші айтарлықтай өсе бастаған. ЖИА – жүрекке қан мен оттегіні жеткізетін шағын қан тамырларының тарылуынан пайда болатын ауру. Ал тарылған коронарлы тамырлар қанды жүрекке қажетті деңгейде жеткізе алмайды. Бұрын бұл аурумен көбіне егде жастағы ер адамдар ауыратын болса, бүгінде дерт шалғандардың жасы 30 жасқа дейін төмендеп барады. Менің ойымша, бұл аурудың басты себептері — физикалық белсенділіктің, яғни, дене қимылының азаюы, психикалық күйзеліске түсу, алкогольдік ішімдікті шамадан тыс пайдалану, шылым шегу, мөлшерден артық тамақтану. Жоғары калориялы тамақтарды тұтыну семіздікке алып келеді, ал бұл өз кезегінде атеросклероз бен гипертонияның дамуының маңызды факторына айналады. Қазір атеросклероз көп жағдайда жүрек-қан тамырлары ауруларының негізі болып саналады, — деді Мұғалжар аудандық ауруханасының кардиолог-дәрігері Динара Жақанова.

Дәрігердің сөзіне сүйенсек, жүрек ауырған кезде кеуде немесе жүрек аймағы қысып, шаншып, сыздап, ашып ауырады. Адам шаршап, дем жетпей қалуы да мүмкін. Сондай-ақ ауру әдетте сол қол, иық, мойын, жауырынға, жақ сүйегіне, кейде екі қолға да таралады. Суық тер шығып, жүрек айнып, тыныс тарылатын кездер де болады екен. Адамдар аурудың осындай белгілерін байқаған сәттен бастап, уақыт өткізбей, дәрігердің көмегіне жүгінуі қажет.

Бүгінгі таңда жүрек-қан тамырлары ауруларының қатарында жиі кездесетіндері — жүректің ишемиялық ауруы, артериялық гипертония, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі, қан қысымының жоғарылауы, миокардиодистрофия, түрлі жүрек ақаулары, аритмия, перикардит. Кардиолог Динара Анықбекқызының айтуынша, аталған аурулардың ішінде ең қауіптісі — жүректегі ірі қан тамырларының бітелуі. Майда тамырлар бітелген болса, оны амбулаторлы жағдайда емдеугеболады екен.

Инфарктке қырықтан асқан ер адамдар көбірек шалдығады. Оған алып келетін бірден бір жайт — қан қысымы мен қант диабеті, ишемиялық жүрек ауруларының асқынуы. Бұл бүгінгі күннің ең өзекті мәселесіне айналып отыр. Оның алдын алу үшін қан құрамындағы холестериннің артпауын қадағалау қажет. Барынша күйзеліске жол бермеу қажет. Инфаркттің алдын алудың бірден бір жолы — коронарографиялық тексерістен өту. Тамыр бітелген жағдайда қажетті ем мен отаны дер кезінде жасаған жөн, — деді дәрігер.

Мұғалжар аудандық ауруханасы бойынша 2021-2022 жылдары аралығында 28 адамның, осы жылы 8 адамның жүрегіне ота жасалған. Дәрігер бүгінде ота жасалған жандардың жағдайы бірқалыпты екенін жеткізді. Олар диспансерлік есепке алынып, үнемі бақылауда болады. Сондай-ақ диагноздарына сай, тегін дәрі-дәрмекпен қамтылып, сауықтыру орталықтарына ем алу үшін жолданып отырады.

Аудан жүрек ауыстыру операциясы 1 адамға ғана жасалды. Ол кісінің жүрегі 2017 жылы Астана қаласында ауыстырылған болатын. Ота сәтті өтіп, барлығы жақсы болып кеткен еді. Үнемі жіті бақылауда болды. Өкінішке орай, 2020 жылы коронавирус індеті тараған шақта вирус жұқтырып, ковид ауруынан қайтыс болды, — деді дәрігер.

Дәрігер атап өткен жүрегі ауыстырылған марқұм қандыағаштық науқастың келінімен сөйлесудің сәті түсті. Оның қайны атасы қатты жүрек талмасын алып, ауруханаға түскен. Ақтөбелік дәрігерлер оны дереу Астанаға апару қажеттігін айтып, жолдама берген.

Атамның жүрегіне астаналық дәрігерлер уақытша жасанды жүрек салып беріп, донар табылғанша күтетінін айтты. Бір күні өздері хабарласып, апатқа түскен әйелдің жүрегі сәйкес келетінін хабарлап, көптен күткен жүрек ауыстыру операциясы жасалды. Отаны Германиядан келген білікті дәрігерлер қазақстандық дәрігерлерге тәжірибе ретінде жасады. Ота сәтті өтіп, жүрек денесіне қалыптасып кеткенінше аурухана 6 ай жатты. Үйге шықаннан кейін, денсаулығы жақсарып, бәріміздің көңіліміз бірленіп қуанып жүрген едік. Жүрегін сақтау үшін көптеген дәрілер қабылдап, дәрігердің қатаң бақылауда болды. Өкінішке орай, екі жылдан соң 2020 жылы коронавирус індеті кезінде өкпесіне салқын тиіп, вирус жұқтырып қайтыс болды, — деді Дина Есмағамбетова.

1227 ембіліктің жүрегінде ақау бар

Ал Ембі аудандық ауруханасында дәл қазіргі таңда қан айналым жүйесі аурулары дерттемесі бойынша 18 жастан жоғары 1227 науқас диспансерлік есепке тіркелген. Оның бесеуі 17 жасқа дейін бала. Аурухананың бас дәрігері Ерлан Бұхарбаев аталған науқастардың денсаулығы дәрігерлердің жіті бақылауында екенін, тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетінін айтып, жүректің түрлі ауруларына себеп болатын бірқатар дәйектерді келтірді.

Баланың жүрегі мен ірі қан тамырларының жүйесі бала құрсақта жатқан алғашқы екі айында дамиды. Осы кезеңде ананың ағзасына жағымсыз факторлардың әсер етуі көбінесе жүрек құрылымы мен жүрекке қан апаратын қан тамырларының ауытқуына алып келеді. Бұл жағдайдың орын алуына экологиялық жағдайлар, жүрекке кері әсер ететін дәрі-дәрмектерді көп ішу, цитомегаловирус, қызамық вирусы мен ұшық сияқты инфекциялық патологиялар, рентген сәулелерімен сәулелендіру, ішімдікке тәуелділік және темекі шегу әсер етеді. Жүректі ең бірінші тоздыратын, жұмысын бұзатын нәрсе – күйзеліс. Сол үшін күйзеліске жол бермеуге тырысу қажет. Сонымен қатар, күнделікті жаттығу жасап, салауатты өмір салтын сақтау керек. «Ауру — астан» демекші, қандай тағам жеп жүргенімізге де мән беру қажет. Бүгінде көпшілік дұрыс тамақтанбайды. Жастар түгілі үлкен адамдардың өзі көше тамақтарына әуес. Жүректің басты жауы – холестерин. Ол майлы етте, консервідегі өнімдерде, қамырдан жасалған кондитерлік тағамдарда, торттарда, әсіресе кілегей қосылған торттарда көбірек кездеседі. Майлы және шамадан артық желінген тағамдар артерия қабырғаларында холестерин түйіндерінің пайда болуына ықпал етеді, бұл олардың өткізгіштігін бұзады. Сонымен қатар, қомағайлық адамды семіздікке әкеледі. Семіздік — қазіргі уақытта өте кең таралған және бүкіл жаһанды алаңдатып отырған патология, оның ішінде балалар мен жастар да аз емес. Мұндай адамдарда жүрек үлкен жүктемемен жұмыс істеуі керек. Шамадан көп ішіп-желінген тамақтағы ас тұзының көп мөлшері ағзаға түскенде, бұл қан қысымының жоғарылауына ықпал етеді, — деді Ерлан Телағысұлы.

Қазіргі таңда Ембі аудандық ауруханасында кардиолог маман жоқ, жүрегінде дерті бар науқастар облыс орталығындағы емханаларға жолданады.

Жүрегімді сақтағым келеді

Баласының туа бітті жүрек ауруына шалдыққанын айтқан ем-білік Айнұр Балғабаева алғашқы уақыттарда оның науқас екенін қабылдау қиын болғанын, баласының болашағына алаңдап күйзеліске түскенін жеткізді.

Баламның жүрегінде ақау барын перзентханада естідім. Сол сәтте мен үшін әлем қара түнекке айналғандай болды. Баламның болашағы үшін қатты қорықтым. Бірақ есімді жиып, баламды қалайда емдетіп алуды өзіме мақсат етіп қойып, түбегейлі тексерістен өткіздім. Дәрігерлер сәбиім төрт ай болғанда отаны дереу жасау қажет екенін айтты. Уақытты оздырмай, дер кезінде Ресейдің Орынбор қаласына апарып, ота жасатып қайттым. Шүкір, бүгінде баламның жағдайы жақсы, жасы 10-нан асты. Елдің баласы секілді ойнап жүр. Бірақ үнемі жағдайын қадағалап отырамын. Бүгінде медицинаның дамып, адамдардың өмір сүруіне үлкен мүмкіндіктердің ашылғаны қуантады, — деді ол.

Жас кезінде денсаулықтың қадірін білмей, ішімдік ішіп, темекі шегудің арты жүрек ауруы мен қан қысымының жоғарылауына алып келгенін айтқан қандыағаштық Есболат Аймағамбетов осы уақытқа дейін жүрегіне 4 мәрте ота жасалғанын айтты. Ол жыл сайын Алматы қаласындағы кардиологиялық орталыққа барып, тұрақты ем қабылдап тұрады.

Менің жүрегімнің тамырларына қан ұйып қала береді. Осы уақытқа дейін 4 рет операция жасалды. Әлі күнге дейін жүрегім мазалап жүр. Алматылық дәрігерлер алдағы уақытта төсімді ашып, жүрегіме «жасанды тамыр» салып беретінін айтып отыр. Қайта-қайта отаға түсу оңай емес. Қорқынышым да жоқ емес. Сондықтан жастар денсаулықтарын сақтап, салауатты өмір салтын ұстап, жаман әдеттерден аулақ болып, әдемі өмір сүрсе екен деймін. «Денсаулықтың қадірін ауырғанда білесің!» деп аталарымыз бекер айтпаған екен, — деді Есболат Аймағамбетов.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда мемлекеттік сатып алуды бақылаудың жаңа элементтері енгізілуде

admin_mugalzhar

Қазақстандықтар қазан айында қанша күн демалады

admin_mugalzhar

ҚАНДЫАҒАШТА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІҢ АУЛАЛАРЫ АБАТТАНДЫРЫЛУДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.