Бәріміз ауылда мектеп бітірген соң қалада тұратын туыс іздеп, үйде жатып оқудың қамын ойлайтын едік. Ол кездер енді қайтып келмейтін шығар… Танысымыздың танысы болса да қабақ шытпай жақын тартып, бір тілім нанын да бөліп беріп, піскен асты ортаға қойып, мәре-сәре болып, таласып қалатынбыз. Былай қарасаң ақшаның аз уақыты, дұрыс тамақ та жоқ кез. Киетін киім де бір сарын. Бірақ адамдардың арасындағы жақындық тым ыстық еді. Бірін-бірі іздеп, сағынысып қауышатын. Жалынып шақыратын еді. Қауышқан сәттегі риясыз күлкі мен сағыныштан шыққан ыстық жас та лезде көзден ытқып шығатын еді. Қазір бәрі керісінше. Ақша бар, тамақ тоқ, киім де көп, жақсы заман. Бірақ адамдардағы асыл қасиет кетіп бара ма деп қаламын. Жақын туысты көруге асық емеспіз, кездескенде тез кетсе екен деп, өтірік күлкімен құтылғанша асығып жүретін болыппыз. Жат тұрмақ жақынның баласының басын сипамақ түгілі, көргісі келмей, үйіне тұрмақ, қалаға келгенін жақтырмайтындардың қатары көбейген екен. Бәріне топырақ шашпаймын. Бірақ байқасақ бала деген, бауыр деген туыстар арасындағы дәнекер ғой. Солар арқылы, солар себепші болып туыстық қатынасты нығайта бермейміз бе, ертеңгі күні қуанышыңа да, қайғыңа да ортақтасып, шашбауыңды көтеретін де солар ғой. Қартайғанда қамқоршың да, панаң да болмақ. Айта берсек, алты айдың жүзі болар, дегенмен адамдық қасиеттен аттамай жүрсек деймін.
Айна ҚАСЫМОВА, Қандыағаш қаласы