«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«АБАЙ МУЗЕЙІНІҢ» АЙТАРЫ КӨП

«ЖҰБАНОВ КӨКТЕМІ» МЕРЕКЕСІНІҢ ҚАРСАҢЫНДА АБАЙ (БҰРЫНҒЫ СЕМЕЙ) ҚАЛАСЫНДАҒЫ ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРЛІГІ АБАЙДЫҢ «ЖИДЕБАЙ-БӨРЛІ» МЕМЛЕКЕТТІК ТАРИХИ-МӘДЕНИ ЖӘНЕ ӘДЕБИ МЕМОРИАЛДЫҚ МУЗЕЙІНДЕ «ЕЛІМІНІҢ МАҚТАНЫШЫ ЖҰБАНОВТАР» АТТЫ ЖЫЛЖЫМАЛЫ КӨРМЕСІН ӨТКІЗДІ.

Көрмендер Жұбановтардың ғылыми еңбектерін, тұтынған заттарын, киген киімдерін, тамашалап, отбасылық фото суреттерінің тарихымен танысты. Сонымен қатар «Абайтанудағы Жұбановтар еңбектерінің ерекшелігі» атты баяндама тыңдалды. Баяндамада Құдайберген Жұбановтың 1934 жылы Абайдың қайтыс болуының 30-жылдығына орай «Әдебиет майданы» журналына жариялаған «Абай қазақ әдебиетінің классигі” атты ғылыми мақаласы, композитор Ахмет Жұбановтың оркестрге арнап жазған «Абай» сюитасы, 1944 жылы Латиф Хамидимен бірлесіп жазған сол кездегі кәсіби кемеліне жеткен тұңғыш “Абай” операсы, композитор Ғазиза Жұбанованың Абайдың аудармасына жазылған “Қорқытпа мені дауылдан” атты романсы, филология ғылымдарының профессоры Асқар Жұбановтың “Абай жолы” романының жиілі сөздігіне арналған ғылыми еңбегі, бүгінде Тәуелсіз еліміздің атын асқақтатып, сонау қарт құрлықта “Абай” операсын паш етіп жүрген Ахмет Жұбановтың шөбересі, дирижер, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Алан Бөрібаевтардың еңбектері жеке-жеке түсіндірілді. Ахмет, Ғазиза Жұбановтардың шығармалары мен әндері шырқалды. Шығыс елі батыстың мақтанышы Жұбановтардай асылдардың өнегелі еңбектерімен танысып, тәнті болды. «Алдағы уақытта кең көлемде көрме өткізу керек» деген ұсыныстарын білдірді. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғаламды көрсеңіз» деп Абай атамыз айтқандай, сапар жұмысымен қатар тәжірибе алмасу жұмысы да шыңдалды.

Қазақстандағы ірі музейлердің қатарына жататын Абай атамыздың музейінің заманауи экспозициясы, құнды экспонаттары мен ғылыми кітапханасы жақсы жинақталған. Экспозицияда ақынның өмiр сүрген ортасы, тұтынған заттары, жазған еңбектерімен танысып, даналық қара сөздері мен әндерін тыңдауға мүмкіндіктер жасалған. Экскурсовод музейге Абайды білуге ұмтылған жастар мен шет ел азаматтарының қызығушылықтары зор екендігін сөз етті.

Сапар аясында қаладан 260 шақырымдай жердегі Абай атамыз өмірінің соңғы кездерінде тұрған «Абайдың музей үйіне» бас тіредік. Экспозициядағы жәдігерлердің арасындағы Абай атамыздың өз кезінде тұтынған дүниелері, үйі де сол қалпында сақталған. Музейдің кереметтігі сонша, сөзбен жеткізу мүмкін емес. Біздің де өсіп келе жатқан ұрпақтарымыз осы кереметті көрсе деген ниеттемін. Ауыл жанында үлкен кесене орналасқан, онда Абай Құнанбайұлы кенже інісі Оспанмен және Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің ұлы Ахатпен жерленген екен, қол жайып, құран бағыштадық. Қайтар жолда Бөрлі ауылындағы жазушы Мұхтар Әуезовке арналған музейіне де бас сұқтық. Кішкентай ауылда жазушыға арналған бұл музейдің де тарихы терең, экспозициясы заман талабымен жасақталған.

Шығыс еліне сенім білдіріп жіберген Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасына және сапар жұмысын ауқымды өтуіне үлестерін қосқан Абай музей басшылығына риза болдым. «Құлақ естігенге емес, көз көргенге сен» деген міне, осы.

У.МУХАМБЕТОВА, Жұбановтар музейі, Ембі қаласы

Ұқсас ақпараттар

Елдегі дүкен сөрелерінде темекіні ашық сатуға тыйым салынады

admin_mugalzhar

Су тасқынынан кейін не істеу керек?

admin_mugalzhar

Жасұлан АҚМУРЗИН: ЧЕРНОБЫЛЬГЕ ҚАТЫСҚАНДАР ЕЛЕУСІЗ ҚАЛАДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.