«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Бауыржан АЛҒАЗИН: ҚАЛАМЫЗДЫҢ КӨРІКТІ БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫН

СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА САЯБАҚТАР САЛЫНЫП, КӨШЕ БОЙЫНДА ҚАСБЕТІ КӨРКЕМ, СӘУЛЕТІ ЖАРАСҚАН ЖАҢА ҒИМАРАТТАР БОЙ КӨТЕРУДЕ. ҚАЛА КӨШЕСІН АРАЛАП ЖҮРІП, «ОСЫ БІР БІТКЕН ІСТІҢ АРТЫНДА КІМДЕР ТҰР, БҰЛ ҒИМАРАТТЫҢ ЖОБАЛЫҚ СЫЗБАСЫН КІМ ЖАСАДЫ?» ДЕГЕН ЗАҢДЫ СҰРАҚ ТУЫНДАЙТЫНЫ СӨЗСІЗ. БІЗ ДЕ ОСЫ СҰРАҚҚА ЖАУАП ІЗДЕП, ҚАЛАНЫҢ КӨРІКТІ БОЛУЫНА ӨЗ ҮЛЕСІН ҚОСЫП, ТҮРЛІ ҒИМАРАТТАРДЫҢ ЖОБАЛЫҚ СЫЗБАСЫН ДАЙЫНДАП ЖҮРГЕН ҚАНДЫАҒАШТЫҚ СӘУЛЕТШІ БАУЫРЖАН АЛҒАЗИНМЕН КЕЗДЕСТІК.

Оның бұл салада еңбек етіп жүргеніне 20 жылдан астам уақыт болыпты. 2000 жылдардың басында Мұғалжар аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және автомобиль жолдары бөлімінің жанынан құрылған «Архитектура» деп аталатын мекемеде маман болып қызмет еткен.

Менің сәулет өнерін таңдауыма, яғни архитектор болуыма марқұм әкем Әлжанның ықпалы зор болды. Себебі ол құрылысшы болып еңбек етті. Тәуелсіздік алғанға дейін Шилісай зауытында жұмыс жасап, Қандыағаш қаласының дамуына барынша үлесін қосты. Негізі туған жерім Шалқар ауданы. Бірақ 1986 жылы отбасым Қандыағаш қаласына қоныс аударып, жұмыс бабымен көшіп келген. Қандыағаш қаласындағы №4 қазақ орта мектебін бітірдім. Заңгерлік, қаржыгер мамандықтарын бітірсем де, басты арманым сәулет өнерін меңгеріп, өзімді сол жағынан дамыту болды. Сөйтіп Алматы қаласындағы Қазақ бас сәулетқұрылыс академиясына оқуға түсіп, архитектор мамандығын алып шықтым. «Архитектура» КМК-да маман болып жүріп, басшылық қызметке дейін көтерілдім. 2007 жылы мен қызмет ететін аталмыш мекеме жабылып қалды, — деді ол.

Бауыржан мекеме жабылғаннан кейін жеке кәсіпкерлік ашып, жеке тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың жобалық сызбасын сызып, жалпы халық үшін таңсық сәулет саласын дамытуға шындап кіріседі. «GAZJOBA», «Байлық проект» деп аталатын бірнеше ЖШС-тер ашып, үлкен әлеуметтік нысандардың жобасын сызуға, дайындауға тапсырыстар алып, жұмысын жандандырады. Бүгінде 3 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бұрын оның қол астында жұмыс жасаған архитектор мамандар, яғни шәкірттері өз еншілерін алып, кәсіпкерлікке бет бұрған. Олардың бірі — жобалаумен айналысса, екіншілері – аудан тұрғындарына интерьер дизайнерлік қызметтер көрсетіп жүр.

Бауыржан Алғазиннің қолтаңбасын Қандыағаш қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларындағы балалар ойын алаңынан, жеке кәсіпкерлікке арналған ғимараттардан, спорт алаңдарынан, саябақтардан табуға болады.

Жоғарыда айтып өткендей, ауданның құрылыс саласында еңбек етіп жүргеніме 20 жылдан асты. Осы жылдар ішінде қанша нысанның жобасын сызғаным есімде жоқ. Санына да жете алмайтын шығармын. Мен сызбасын жасаған ғимараттың сыртқы дизайнын, бояуын, нысанның алғаш салудағы фундаментінен бастап барлық жұмыстарына тікелей атсалысып келемін. Қандыағаш қаласындағы аудан әкімдігінің алдындағы, Жамбыл көшесіндегі Жамбыл Жабаевтың ескерткіші тұрған саябақтардың жобасын мен басшылық ететін ұжым жасады. Сонымен бірге көпқабатты тұрғын үйдердің аулаларын абаттандыру, балалар ойын алаңдарының, қала аумағындағы спорт алаңдарының барлығы дерлік менің авторлық туындым десем болады. Сондай-ақ елді мекендердегі саябақтар, автомобиль жолдары мен ауылдағы мәдени ошақтардың, медициналық пунктердің жобалау жұмыстарын жасадық. Айталық, өткен жылы пайдалануға берілген Қандыағаш қаласындағы Денешынықтыру және сауықтыру орталығының да абаттандыру жобасын біз дайындадық, — деді Бауыржан Әлжанұлы.

Көз майын тауысып, тиянақты етіп сызған жобалардың жүзеге асуы өзінің ойлағанындай болмай қалатын кездері болады екен. Оның сөзінше, жобаның ойдағыдай шықпауына көп жағдайда бюджеттің жеткіліксіздігі әсер етеді.

Бұрындары біз жасап берген жоба көп өзгеріске түсетін. Біз ойлағаннан да нашар болатын кездері көп болатын. Бұндай кемшіліктер көп жағдайда тапсырыс беруші тарап пен қаржыға байланысты болады. Күн сайын құбылған баға қымбатшылығы да кесірін тигізеді. Бүгінде заң қатайып, мемлекет тарапынан қадағалау жұмыстары күшейтілді. Жобалаушы мекеме ретінде біз де қадағалап, жобаның тиянақты жүзеге асырылуына өз үлесімізді қосамыз. Соңғы жасаған жобаларымның жүзеге асырылуы көңілімнен шығады, — деді Бауыржан Алғазин.

Қандай да бір ғимараттың жобасын жасау арзан тұрмайды. Басы 800 мың теңгеден басталып, 2,5 млн теңгеден асып жығылады. Бауыржан бүгінде Қандыағаш қаласында абаттандырылған көпқабатты үйлердің аулаларының жобасын демеушілікпен жасап берген.

Мен де қаламыздың көрікті, ел қызығарлықтай болғанын қалаймын. Қалалық, ауылдық округтердің әкімдері келіп, демеушілікпен түрлі нысандардың жобасын жасап беруімді өтінеді. Осы қаланың ауасын жұтып, суын ішіп отырғаннан кейін қарсылық білдірмеймін. Жаяу жүргіншілер жолын, қала көшелеріндегі автомобиль жолдарын, спорт алаңдарын демеушілікпен жасап бердім. Қандыағаш қаласындағы абаттандырылған аулалардың 70 пайызы демеушілікпен жасалды, — деді сәулетші.

Ол жоба жасаудың оңай шаруа емес екенін, сәулет саласында жақсы маман болу үшін бір ғана дарынның жеткіліксіз болатынын айтып, бұл мамандықты игеру үшін көп еңбектің қажет екенін жеткізді.

Қазір технологияның қарқынды дамыған дәуірінде сәулетші мамандығы одан да күрделі, бірақ өте перспективті болып табылады. Ғимараттар тек тәжірибелік қана емес, сонымен қатар эстетикалық, экологиялық таза, көп функциялы болып салынуы керек. Маман ең күрделі компьютерлік бағдарламаларда жұмыс істей білуі керек, үнемі жаңарып, өзгеріп келе жатқан материалдарды дұрыс таңдай білуі, трендтерді сезінуі және болашақта оның жұмысының нәтижелері қандай болатынын көре білуі тиіс. Суретшілік өнерің болмаса оны жасау қиын, үздіксіз шығармашылық жұмыстар жасап жүруің керек, әр түрлі құрылыстың дизайндарын ойластыра білу де маңызды. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары жүргізілетін жердің комуникациялық, санитарлық аймағы айқындалуы қажет. Жер қыртысы, арық жасалатын жерлері толығымен зерттелуі тиіс. Қажетті мекемелерден арнайы рұқсаты да болуы шарт, — деді ол.

Бүгінде ол жоба сызудан бөлек, құрылыс саласына ден қойған. «Техно-С» ЖШС-нің аудандағы өкілі қызметін атқарады. Ақкемер ауылындағы мәдениет үйіне, Қандыағаш өнеркәсіпэкономика колледжіне, т.б. әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген. Қазіргі таңда Қожасай ауылында салынып жатқан медициналық пункттің құрылыс жұмыстарын жасауда. Ұзақ жылдық тәжіриесі бар архитектор қаламыздың архитектуралық келбетінде кемшін тартып тұрған мәселелерге де тоқталып өтті.

Осыдан 20 жыл бұрынғы Қандыағаштың келбетін өздеріңіз де білесіздер. Бүгінде қаламыздың келбеті өзгеріп, жаңа кейіпке еніп келеді. Дегенмен, жасалмаған шаруалар әлі де көп. Айталық, сыртқа шығып тұрған жылу құбырлары қаланың сәнін кетіреді. Қаланың коммуникациялық желілері жерастында болғаны жөн. Сондайақ олар адамдардың жүріп тұруына әлдеқайда кедергі келтіреді. Автомобиль жолдары да талапқа сай келе бермейді. Қала ажары тек сәнді де сәулетті ғимараттармен, үйлермен, жасыл желекті саябақтармен кіретіні сөзсіз. «Көш жүре келе түзеледі» демекші, алдағы уақытта бұл мәселелер де өз шешімін табар деген үміттеміз, — деді Бауыржан Алғазин.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

БІЗДІҢ АҒАЙ

admin_mugalzhar

Биыл 752,7 шақырым жол жөнделеді

admin_mugalzhar

ҰЛТЫ БӨЛЕК, ЖҮРЕГІ БІР ОТБАСЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.