Өткен аптада редакцияға қандыағаштық Жолдыкерей Турубаев келіп, кәріз жүйесі жөнінде мәселе көтерді. Оның сөзінше, бүгінде ол тұратын көшеге кәріз жүйесі жүргізіліп жатыр екен. Дегенмен, өзі тұратын көшеде бұрыннан жасап тұрған кәріз желісі барын айтып, салынатын құрылыс жұмыстары кәріз жүйесі жоқ басқа көшеден жүргізілсе деген ұсыныс білдірді. Біз де осы сұрақпен құрылыс жұмыстарына жауапты мекемелерге шығып, мән-жайды анықтадық. Сонымен…
Жолдыкерей ТУРУБАЕВ, Қандыағаш қаласының тұрғыны: Бізге жаңакәріз жүйесі керек емес
—Мен «Финский» мөлтек ауданы «Жеңіс» даңғылында тұрамын. Біздің көшені анықтап айтатын болсам, ол жер — «Жеңіс» даңғылының Сәкен Сейфуллин көшесімен қиылысқан арғы бөлігі. Бүгінде көшемізге кәріз желісін жүргізу жұмыстары басталуда. Әрине, осындай жұмыстардың жүргізілгеніне қуанамыз. Дегенмен, аталған көшенің сол жақ бетінде, яғни мен тұратын жағында бұрыннан кәріз жүйесібар, бүгіндежасаптұр. Алқарсыбеттекәріз жүйесі жоқ, оларға міндетті түрде қажет. Алдағы уақытта көшенің біткен жерінен кәріздік сорғыш станциясын жасап, біздің кәріздің құбырын сол жерге қосып жіберсе болады. Жасап тұрған кәріздің жанынан қайта кәріз жүйесін салудың қажеті жоқ деп есептеймін. Біздің үйіміздің қасынан салынайын деп тұрған кәріз жүйесін басқа қажет ететін көшеге салса деймін.
Айдос ҚАЛИМАҒАМБЕТОВ, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі: Көшедегі желінің тозығы жеткен
—Қазіргі таңда «Жеңіс» даңғылының Сәкен Сейфуллин көшесімен қиылысқан жердегі арғы бөлігіне кәріз жүйесі жүргізілуде. Аталған құрылыс жұмыстарына бюджеттен 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Құрылыс жұмыстарын «АймарСтройСервис» ЖШС-і жасап жатыр. Кәріз салынғалы жатқан көшенің сол жағында орналасқан үйлерде кәріз жүйесі бар. Бірақ әбден тозығы жеткен. Алдағы уақытта істен шығуы мүмкін. Сол себепті осындай мәселе туындамас үшін резерв ретінде кәріздің құбырларын салып кетеміз. Кәріз жүйесінің жалпы жобалық сызбасы солай жасалды. Заң бойынша аталған жобамен салынады.
Ілияш НИЯЗОВА, депутат: Жұмыстар жасалуда
—Бұл мәселеден хабардармын. Аталған көшенің тұрғындары бұрыннан бері тұрып, орнығып қалған. Қорасы мен сарайын, гаражын қайта жаңғыртып салып, аулаларына тас төсеніштер төсеген. Кәріз жүйесін үйге тарту үшін жер қазылып, жасалған жердің бүлінері сөзсіз. Сол себепті де тұрғындар қарсылық білдіріп отырған секілді. Сондықтан аудандық мәслихат депутаты ретінде кәріз жүйесінің тартылуы тұрғындардың қайта жаңғыртып салған құрылыс нысандары мен төселген тас жабындыларына зиян келмейтіндей етіп салынса деп ұсыныс білдірдік.