СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ АУТИЗМГЕ ШАЛДЫҚҚАН БАЛАЛАР САНЫ КӨБЕЙІП БАРАДЫ. БҰЛ ДЕРТ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫ ҒАНА ЕМЕС ӘЛЕМДІ ДЕ АЛАҢДАТЫП ОТЫР. АҚШ АУРУЛАРДЫ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ АЛДЫН АЛУ ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ДЕРЕКТЕРІ БОЙЫНША, ДҮНИЕ ЖҮЗІНДЕ ӘРБІР 59-ШЫ БАЛА АУТИЗМГЕ ШАЛДЫҚҚАН. АЛ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚМЕДИЦИНАЛЫҚ-ПЕДАГОГИКАЛЫҚ КОНСУЛЬТАЦИЯ ҚЫЗМЕТIНІҢ ДЕРЕГІНЕ СҮЙЕНСЕК, ҚАЗАҚСТАНДА МҰНДАЙ БАЛАЛАРДЫҢ САНЫ 7000-ҒА ЖУЫҚТАЙДЫ. БЕЙРЕСМИ ДЕРЕКТЕРДЕ АУТИЗМІ БАР БАЛАЛАР САНЫ 30 МЫҢНАН АСЫП ЖЫҒЫЛАДЫ ДЕЛІНГЕН. ОБЛЫСТА БҰЛ ДЕРТПЕН 300-ГЕ ЖУЫҚ БАЛА ЕСЕПТЕТҰР. АЛ АУДАНДА ДӘЛ ОСЫ ДИАГНОЗ ҚОЙЫЛҒАН БАЛА САНЫ НАҚТЫЛАНБАҒАН. ОНЫ ДӘРІГЕРЛЕР АУТИЗМ ТҮРЛЕРІНІҢ КӨПТІГІМЕН ЖӘНЕ АТААНАЛАРДЫҢ БАЛАСЫНЫҢ БОЙЫНДАҒЫ БҰЛ ДЕРТТІ МОЙЫНДАМАУЫМЕН ТҮСІНДІРДІ. БІР АНЫҒЫ, ҚАЗІРГІ ТАҢДА ПЕДАГОГИКАЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТҮЗЕТУ КАБИНЕТІНЕ 10 АУТИСТ БАЛА БАРАДЫ. СОНЫМЕН…
Аутизм. Осы сөзді арагідік естігеніміз болмаса, оның байыбына барып, мән бере бермейтініміз рас. Анығында, аутизм дегеніміз не? Оның белгілері қандай? Балада аутизмнің белгілері бар екенін қайдан білуге болады?.. Осы сұрақтарға жауап іздеп, Қандыағаш қаласында орналасқан аудандық психологиялық-педагогикалық түзету кабинетіне бас сұқтық. Әлемі бөлек балалар туралы білмек ниетте мамандарды сөзге тарттық.
—Біздің кабинетке аудан бойынша жалпы саны 100-ден астам ерекше бала келеді. Көпшілігінің жағдайы өте қиын, мүгедектігі бар. Оның ішінде 10 балаға аутист диагнозы қойылған. Аутист балалар қоршаған ортамен байланысқа түсе алмайды. Олар өз әлемінде жүреді. Аутизмнің себебі мен шығу тарихы да белгісіз. Ол туа пайда болады. Бірақ ауру белгілері бала 2-3 жасқа келгенде байқалады. Баланың дамуы кері кете бастайды. Бұған дейінгі үйренген, білетін нәрселерін істей алмайтын жағдайға жетеді. Ондай балалар тек қана өз ата-аналарына ғана бағынуы мүмкін. Мамандармен қарым-қатынасқа түсуі өте қиын. Бұл балаларды ештеңе қызықтырмайды, у-шуды, музыканы ұнатпайды. Олар адамға тік қарамайды. Атын атаса, еш елең етпейді. Тіпті сізді көзге де ілмей, тіл де қатпайды. Айналасында болып жатқан жағдайларға да назар аудармайды. Томаға тұйық қалпын сақтап, өз-өзімен ойнап отыра береді. Бұл жұмбақ сырқаттың белгілері осындай. Тек қана тұрмыстық жағдайларда ғана назарын бөлуі мүмкін. Айталық, қарны ашып, тамақ жегісі келсе, ишарат білдіруі ықтимал, — меңгерушісі.
Перуза Қуанышқызы көп жағдайда ата-аналардың баласының ауыратынына сенгісі келмейтінін жеткізді. Бауыр еті баласының дамуында тежелу, денсаулығында ауытқу бар екенін білу қай ата-анаға болмасын ауыр тиері анық. Тіпті баланың денсаулығында кінәрат бар екенін мойындаудың өзі қиын. Бұрын-соңды атауын тек өзгелерден естіп, бұл құбылыспен бетпе-бет келемін деп ешкімнің ойламасы анық. — Баладан бұрын ата-анамен жұмыс жасау өте қиын. Атааналардың көпшілігі еркелік деп, үш немесе бес жасында сөйлеп кететініне үміт артып, емдетуден кеш қалып жатады. Осылайша, мектепке баратын кезде ғана дәрігерге көрінеді. Сол кезде ғана баланың психологиялық және сөйлеу қабілетінің кеш дамуы анықталып, біраз уақыт өткізіп алғанын біледі. Аутизм неғұрлым ерте анықталса, одан емделуге мүмкіндік те арта түседі. Біз балалармен жұмыс жасау арқылы күрделі деңгейінен орта деңгейге, орта деңгейден жеңіл деңгейге өткізіп, баули аламыз. Мамандарға төзімділік өте қажет. Олар жылдар бойы жіпке моншақты тізгендей етіп, баланың қабілетін ашып, дамуына жұмыстанады. Бірақ бұл ұзақ уақытты қажет етеді. Ана-аналардың көпшілігі соны түсіне бермейді. Келген күннің ертесіне нәтиже көргісі келеді, — деді ол. Ал аутист балалармен жұмыс жасайтын мұғалім-логопед Гүлсайран Бижанова жылдың басында түзету кабинетіне келген балаларға диагностика жасап, зерттеу жұмыстарын жүргізетінін айтты. Содан кейін барып әр баланың деңгейіне қарай сабақ жоспары құрылып, жеке-жеке жұмыс жасайды екен.
—Біздің мақсатымыз — балаларды қоғамға қосу, ортаға кіргізу, жан-жағында болып жатқан оқиғаға назар аударту. Соңғы оқу бағдарламасы бойынша балалар аптасына 4 мәрте келеді. Олар ата-анасынан басқа адамды көзге ілмейді. Сол себепті біз бірінші баламен қарым-қатынасқа түсуге күш саламыз. Жұмысымыздың нәтижесі бала бізбен байланысқа түскенде ғана көрінеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Назерке есімді 4 жасар қыз келді. Ол бала алғашында ешкімге көндейтін. Анасы құшақтап отырып, сабаққа қатыстыратын. Бүгінде анасы әкеліп, тастап кете береді. Ол бізбен қарым-қатынасқа келіп, амандасатын, құшақтайтын, айтқанымызға құлақ асатын деңгейге дейін көтерілді. Бүгінде жасы 14-ке келді. Өзі киініп, шешінеді. Берген тапсырманы тиянақты етіп орындайды, — деді Гүлсайран Жанатқызы.
Ол аутизмнің сырқат емес, баланың денсаулығындағы психикалық ауытқу екенін баса айтты. Жалпы аутист балалар дарынды болып келеді екен. Кабинетке келетін балалардың ішінде бір ойнаған ойыншығын тиянақты жинап, түстерді танитындар да бар екен. Кейбіреуі бір парақтың шетіне салған суретін айнытпай параққа түгел толтырып салып шығады екен.
—Мұндай балалармен сөйлескенде, сөйлемді барынша қысқа қолданып, асықпай айқын айту керек, дене қимылы арқылы оның назарын аударатындай қолды бұлғап, қимыл арқылы көрсетсе, баланың назары ауады. Онымен бірге жүгіріп ойнап, кезек бойынша доп лақтырып, эмоциялық қуанышыңызды білдіргеніңіз жөн. Керемет көңіл-күйіңізді немесе оған ренішіңізді білдіру үшін дауыс ырғағын әртүрлі өзгертіп сөйлеу керек. Оған жауап беруге мүмкіндік беріп, біраз күту қажет, — деді маман.
Маманның айтуынша, баланы сөйлету үшін ол жақсы көретін ойыншықты немесе сүйікті тамағын көрінетін биік жерге қойған дұрыс. Сонда бала оны сұрау үшін сөйлеуге ынталанады. Аутизмді емдеуде мамандардың, оның ішінде неврологтердің, психологтердің, логопедтердің және басқалардың көмегіннен бөлек ата-ананың тікелей араласуы қажет. Аутист балалардың отбасы түгелдей күнделікті өмірде баламен қарымқатынас құрып, қажетті білім мен дағдыларды үйретіп отыруы — маңызды. Балалар отбасында, үйде ең жақын адамдарының қатысуымен күнделікті өмірде бірлескен үй жұмыстары мен ісәрекеттерге бейімделіп, оң нәтиже көрсетеді екен. Меңгерушісі Перуза Аяпова түзету кабинетіне келетін балалардың ата-аналарының бірқатарының өз балаларына тиісті деңгейде көңіл бөлмейтін жеткізді.
—Ата-аналардың түрлері өте көп. Біреуі баласы үшін тырмысып, барлық жағдайды жасауға тырысып, бізбен бірге еңбектенеді. Ал екіншілері баласына аса мән бермей, олармен отбасында жұмыс жасамайды. Біз сабақта үйреткенімізді үйге тапсырма етіп береміз. Осындай кездерде атааналар жауапсыздық танытады. Көпшілігіне баласының тамағы тоқ, киімі көк болса, міндеті аяқталғандай көрінеді. Аутист баланы өмірге бейімдеу үшін ата-ана да көп еңбектену қажет. Қарапайым макаронды түрлі түске бояп, оны баласына беріп, ажыратуына көмектессе, оның өзі баланың ілгерілеуіне үлкен көмегін тигізеді, — деді мұғалім логопед.
Өткен жылы түзету кабинетті 107 бала бітіріп шыққан. Оның ішінде 11-і жақсы деген нәтиже көрсетіпті. Кабинет басшысы балалардың денсаулығы оңалып, түзеліп, жақсы болып кетуі кабинет мамандары үшін үлкен жетістік екенін айтады.
—Бұрын біздің кабинетке 130- 140-қа дейін балалар келетін. Ал бүгінде балалар саны азайды. Себебі мектептер мен балабақшаларда логопед, дефектолог мамандарға орындар ашылды. Тілінде не болмаса денсаулығында ауытқушылығы бар балаларды сол жақтағы мамандар қарап, кемшілігін түзетумен жұмыс жасайды. Биыл Ақкемер ауылынан бір бала, Ембі қаласынан 2 бала келіп, біздің сабаққа қатысатындарын айтып, тіркелді. Әлі қабылдау жүріп жатыр. Қазіргі таңда 3 логопед, 3 дефектолог, 1 психолог, 1 әлеуметтік педагог, 1 денешынықтыру маманы, 1 музыка пәнінің мұғалімі жұмыс жасайды. Облыстық білім басқармасынан тағы бір психолог маман алу үшін штаттық бірлік сұрап отырмыз. Себебі балалармен жеке дара жұмыс жасаған кезде мамандардың жетіспеушілігі сезіледі, — деді аудандық психологиялықпедагогикалық түзету кабинетінің басшысы Перуза Аяпова.
АУТИЗМ ДЕРТІНІҢ ҚАРМАҒЫНА ІЛІНГЕН АТАҚТЫ ТҰЛҒАЛАР
Альберт Эйнштейн басқа адамдармен байланыс орнатуда қиындықтарға тап болған. Мектепте жақсы оқымаған, өз ойын жеткізуде қиналған. Болашақ ғалым адамдармен араласуды ұнатпағандықтан, жұмыс таба алмады. Ол адамдардың өзіне жанасуына шыдай алмады. Моцарт — аутизммен ауыратын танымал адамдардың бірі. Ол көптеген аутист адамдар сияқты мимиканың болмауымен сипатталды. Қолдар мен аяқтардың стереотиптік қозғалыстары болды. Оның есту қабілеті сезімтал болғандықтан тым өткір және қатты дыбыстар ауырсынуды тудырды.
Моцарттың көңіл-күйі жиі өзгеретін болған. Аутизм ауруына қарамастан, ол көрнекті композитор болды. Чарльз Дарвиннің аутизммен ауырғаны туралы деректер бар. Ол бала кезінен жалғыз қалғанды ұнататын болған. Адамдармен араласқанды ұнатпай, жазуға әуес болған. Жазу арқылы басқалармен байланысын үзді. Оның хоббиі әртүрлі заттарды жинау болды. Қозғалыстағы стереотиптер Дарвинге тән. Бірақ ол ең ақылды адам болды және эволюциялық доктринаны жасады, оны өмірінің соңына дейін ұстанды. Көптеген адамдар барлық уақыттағы ең ұлы шахматшы деп есептейтін американдық шахмат гроссмейстері Бобби Фишер де өзінің аутист тұлғасының үлкен шоғырлануына сүйене отырып, өзінің ломбард ойынын жасады.
Америка Құрама Штаттарының бұрынғы президенті Томас Джефферсон аутизммен ауырған. Ол әлеуметтік байланыстарға бейімделмеген, адамдармен әрең араласатын, аудитория алдында нашар сөйлейтін болған. Сондай-ақ, ол қатты дыбыстардан шошынатын болған. Никола Тесла заманауи айнымалы ток электрмен жабдықтау жүйесін жобалауға үлкен үлес қосты. Ол Аспергер синдромымен ауырады деген қауесет тараған. Джеймс Гарфилд – Америка Құрама Штаттарының жиырмасыншы президенті бір уақытта екі қолмен жаза алатынын айтады: оң қолымен латын тілінде және сол қолымен ежелгі грек тілінде. Леонардо да Винчидің кемелдікке ұмтылуы кейде құмарлыққа айналды. Ол Мона Лизаның ернін бояуға он екі жыл уақытын жұмсаған деп айтылады.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ