«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАНДЫАҒАШ: МІНДЕТ ПЕН ЕСЕП

ӘКІМДЕР ЕСЕП БЕРЕДІ. ӘР КВАРТАЛ, ЖАРТЫ ЖЫЛ, ЖЫЛ САЙЫН ЖАСАЛҒАН ЖҰМЫСТАРҒА ТОҚТАЛАДЫ, ҚОЛҒА АЛАР ІСТІ ЖОСПАРЛАЙДЫ. ӘР ЕСЕП САЙЫН ГАЗЕТІМІЗДІҢ БІР БЕТІН АРНАП, ОҚЫРМАНҒА ЖҰМЫСТАРДЫ АШЫП КӨРСЕТУГЕ ТЫРЫСАМЫЗ. САЛА-САЛАҒА БӨЛІП, БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫНЫ КӨРСЕТІП, ЖҰМЫСТЫ ЖАСАҒАН МЕРДІГЕРЛЕРДІ АТАП, УАҚЫТЫН ТИЯНАҚТАП, ФОТО-ВИДЕОСЫН АЙҒАҚТАП, АЛДАҒЫ ЖҰМЫСҚА ТОҚТАЛАМЫЗ. ТҰРҒЫНДАРДЫҢ СҰРАҒЫ ДА НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ, ҰСЫНЫСТАРДЫ ДА ТҮРТІП АЛАМЫЗ. БІЗДІҢ КӨЗІ ҚАРАҚТЫ ОҚЫРМАН «МҰҒАЛЖАРДЫҢ» БҰЛ ҮРДІСІМЕН ЖАҚСЫ ТАНЫС. СОНДАЙ БІР КЕЗЕКТІ ЕСЕП БЕРУ КЕЗДЕСУІ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫ ӘКІМІ Т.ӨТЕМҰРАТОВТЫҢ СЕГІЗ АЙЛЫҚ ЖҰМЫСЫНА АРНАЛДЫ. ЕКІ КҮН ҚАТАРЫНАН ӨТКЕН КЕЗДЕСУ ТУРАЛЫ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ…

2023 ЖЫЛ: САЛЫҚ ТҮСІМІ ҰЛҒАЙДЫ

Есеп Қандыағаш қаласының 4-ші деңгейлі бюджетінің орындалуы мен салық түсімі туралы ақпаратпен басталды. Қала әкімі Талғат Өтемұратовтың айтуынша, 2023 жылы бюджетке түсетін салық жоспары 290 млн теңге болып бекітілген (2022 жылы 165 млн 100 мың теңге). Ал салықтық түсім бүгінгі таңға 281 млн 086 мың теңгеге (2022 жылы 140 млн 768 мың теңгеге) орындалған. Оның ішінде жеке табыс салығы 126 млн 318 мың теңгеге (өткен жылы 25 млн 870 мың теңге), мүлік салығы 3 млн 899 мың теңгеге (221 мың теңге), жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлем 24 млн 950 мың теңгеге (10 млн 05 мың теңге), жеке тұлғалардың көлік салығы 56 млн 937 мың теңгеге (49 млн 931 мың теңге), заңды тұлғалардың көлік салығы 45 млн 536 мың теңгеге (89 мың теңге), жерді сатудан түскен салық 18 млн 620 мың теңгеге (11 млн 449 мың теңге), жер салығы 4 млн 366 мың теңгеге (3 млн 550 мың теңге) орындалып отыр.

ҚАЛАДА 120 КӨПҚАБАТТЫ, 3320 ЖЕР ҮЙ БАР

Есеп беру барысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына тоқталған қала әкімі алдағы уақытта «Жастық» м/а №14, №37Б, №37А, №50, «Достық» м/а №13, №20, Жамбыл көшесі №21, №70 көпқабатты тұрғын үйлеріне терможаңғырту, яғни күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалары және Мұғалжар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен «Жастық» м/а №14, №48, №49Б, №49А, №46, №80, №44, №29, №81, №39 №5А, №3А, №30, №47, №40, №39А, №50, С.Шынтасов көшесі №7, Т.Байкунов көшесі №69, №70, Ж.Жабаев №72, «Самал» №49, «Достық» м/а №20, №21, 24 көпқабатты тұрғын үйлердің жер актісі және техпаспорттары дайындалып жатқанын айтты. Айта кетейік, қала бойынша 9 мүліктің меншік иелерінің бірлестігі, 83 жай серіктестік құрылды. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады.

ҚАЛА КӨШЕЛЕРІНІҢ ЖОЛДАРЫН ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСУДА

Қазіргі таңда Қандыағаш қаласының қалаішілік жолдарының жалпы ұзындығы 101,4 шақырымды құрайды. Қалада 5 мөлтек ауданы мен 64 көше бар. Оның ішінде, жалпы ұзындығы 64,4 шақырым 41 қарапайым көше болса, асфальт жабындысы салынған ұзындығы 40 шақырым 23 көше бар. Қала әкімінің сөзіне сүйенсек, І.Жансүгіров (Цветочный) пен К.Ахметов көшесіндегі, О.Өмірбаев пен Б.Майлин және Западный көшесіндегі автомобиль жолдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы және сараптама қорытындысы шыққан. Сонымен қатар Мұғалжар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен «Болашақ» м/а, Н.Орынбасаров көшесі, Бейбітшілік көшесі, «Самал» м/ а №7,8 кварталы, Мұса Анешов (Киров), Жем (Школьный), Жаңа талап (Базарный) тұйық көшесі, Көктөбе (Почтовая), Еңбекту (Рабочий) тұйық көшесі, Б.Момышұлы және «Самал» м/а Астана және Алматы көшесі, Алтынды (Степная) көшесі, «Достық» м/а, «Жеңіс» даңғылы, Есет батыр көшесі, Е.Баймұханбетов көшесі, «Елек» (Вокзальная) тұйығы, «Жаңа қоныс» ш/а автомобиль жолдарының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпкер Б.Алғазиннің демеушілігімен А.Қалиев көшесіне және «Алан» базары аумағы, «Жастық» м/а №7 үйдің артымен автокөлік жолына және Б.Монашевтің демеушілігімен “Жаңақоныс” шағын ауданының 4 көшесінің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Ол 2024 жылдың соңына дейін әзірленіп, сараптамадан өтеді.

ТҰРҒЫН ҮЙ АУЛАЛАРЫН АБАТТАНДЫРУ – КҮН ТӘРТІБІНДЕ

Талғат Өтемұратов есеп беру сөзінде тұрғындарға Қандыағаш қаласы бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің бірқатарының аулаларын абаттандыруға жобалықсметалық құжаты мен сараптама қорытындысы дайын екенін жеткізді. Оларға «Жастық» м/а №5,9,1,4,12,14,15,11, «Достық» м/а №13,20,21 және Ж.Жабаев көшесі №72, 73, №68, №69, №70, №71, №20, №21 көпқабатты тұрғын үйлері кіреді. Сондай-ақ Б.Алғазиннің демеушілігімен «Жастық» №40, №41, №48, №49А, №49Б көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыруға да ЖСҚ дайындалуда, — деді ол.

Бұл жылдың сүйіншілер жұмысының бірі С.Сейфуллин көшесі бойынан салынып жатқан аллеяның осы жылдың аяғына дейін тапсырылуы болды. Қандыағаштықтар көптен күткен аллеяның құрылыс жұмыстарын 2019 жылдың мамыр айында келісім-шартқа отырған «Ғимарат+» ЖШС-і жүргізуде. 2023 жылы жетіспейтін 53,0 млн теңге қаражат толықтай бөлініп, жылдың аяғына дейін құрылыс жұмыстары аяқталатынына сендірді қала әкімі.

ТРОТУАР, СУАҒАР ҺӘМ ҚАУІПСІЗДІК

Аудан орталығында биыл жүргізілген жұмыстарға жеке-жеке тоқталған қала әкімі жаяу жүргіншілерге арналған тротуар құрылысына тоқталып өтті.

Қала көшелеріне жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар салуға қаражат бөлінді. Атап айтсам, Ю.Гагарин көшесіндегі №1ЖБООМ маңына ұзындығы 223 м болатын тротуар салуға 7,8 млн теңге бөлініп, жұмысты “СтройСервисУниверсал” ЖШС-іжүргізді. Сонымен қатар «Жастық» м.а. №30А үй мен №4 орта мектептің екі ортасына ұзындығы 145 м тротуар салынды. Оған 7,6 млн теңге жұмсалып, оның да құрылысын “СтройСервисУниверсал” ЖШСі қолға алды, — деді ол.

Ал «Жастық» мөлтек ауданындағы орталық такси тұрағының көшесіне 14,0 млн теңге қаржыға суағар салу жоспарланып, ол жұмысты мердігер “R-Logistics Group” ЖШС-і жауапкершілігіне алып, аяқтаған. Белгілі болғандай, алдағы уақытта «Спартак» дүкенінен «Қарлығаш» МДҰ-ға дейін тротуар, Н.Қаржаубаев көшесіне және «Достық» м.а. №14 үйденАқтөбеАтырау тас жолына дейін тротуар жасалады. Бұл бастамалар бойынша 21 қыркүйекте мердігелер анықталып, құрылыс жұмыстары 2024 жылы аяқталмақ. Жиын барысында қала әкімі қалаішілік автокөлік жолдарды күтіп ұстаудың маңыздылығына және қала тұрғындарының қауіпсіздігіне мән артты. Ол өз сөзінде «Тәуелсіздік» даңғылына және С.Сейфуллин көшесіне жарықтандыру жұмыстарына қаражат бөлініп, жұмыстар жүргізілгендігін жеткізді. Сонымен қатар Н.Орынбасаров, Бұлақты және Бейбітшілік көшесіне электр жүйесін ауыстыру және жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ дайындалып жатқанын, қазан айында жеңімпазы анықталатынын айтты.

Қандыағаштықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Нұршуақ», “Жансая” бала-бақшасының алдына, А.Жұбанов, Жамбыл көшелеріне, «Орталық Стадион» аялдамасына, «Достық» м/а №20 үйдің артына, “Достық” м/а№14 үйдің аялдамасына, “Жастық” м/а№31 үйдің алдына, Е.Баймұхамбетов көшесіндегі аудандық аурухана аялдамасының алдына, биылғы жылы С.Торайғыров, Е.Қодаров, Жамбыл көшесі («Бауыржан» дүкені) және «Алан» базарыаумағына жасанды жол кедергілері орнатылды. Енді қосымша 2 жасанды кедергі Н.Қаржаубаев көшесіндегі №38А және №38Б көпқабатты тұрғын үйлердің артына, «Тәуелсіздік» даңғылы бойындағы №114, 115, 116 үш этажды тұрғын үйлердің алдына орнатылатын болады, — деді баяндамашы.

ЖАҢА МЕКТЕПТЕР БОЙ КӨТЕРЕДІ

Білім саласына келер болсақ, келер жылы қаладағы мектептер саны артпақ. Мәселен, аудандық аурухана ғимаратының артынан «Самұрық-Қазына» ұлттық әлауқат қоры» АҚ-ның тапсырысы бойынша 600 орындық жайлы мектептің құрылысы басталды. Құрылысты “ANTARIUM GROUP” ЖШС-і жүргізуде. Есеп беруші құрылыстың аяқталу мерзімін 2024 жылдың 1 қыркүйегі екенін атап өтті. Сонымен қатар «Самал» мөлтек ауданында салынып жатқан 600 орындық мектеп те алдағы 2024 жылдың 1 қыркүйегіне тапсырылатынын жеткізді. «Самал» мөлтек ауданының халқы асыға күтіп отырған бұл мектептің құрылыс жұмыстарын “ARS-BUILDING” ЖШС-і қолға алған.

7,7 ШАҚЫРЫМ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ ЖАҢҒЫРТЫЛАДЫ

Қала бойынша қайта жаңғыртуға жататын кәріз жүйесінің жалпы ұзындығы 7,7 шақырым. Бұл мақсатта бюджеттен жалпы көлемі 280 млн теңге бөлініп, жұмысты “АймарСтройСервис” ЖШС-і жүргізуде. Аталмыш жұмыстар 2024 жылдың соңына дейін созылмақ. Баяндамашы сонымен қатар Р.Қошқарбаев көшесіндегі кәріз жүйесі құрылысының жобалық-сметалық құжаттамалары дайын екенін, сараптаманың қорытындысы тамыз айында шығатынын да айтты. Кәріз жүйесінің жалпы ұзындығы 850,1 м болатын жобаның жалпы құны 36,1 млн теңгені құрайды.

ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫН КӨБЕЙТУ – МАҢЫЗДЫ

Есепті кездесулер барысында қала аумағында зауыт-фабрикалар ашу қажеттігін алға тартқан тұрғындар да болды. Осы тұрғыдан Талғат Өтемұратов бүгінгі таңда республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау-Астрахань автокөлік жолын қайта жаңғырту мақсатында «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тапсырысы негізінде жолды күтіп ұстау кәсіпорнының құрылыс жұмыстары басталғанын айтып, Қандыағаш қаласы аумағынан сағатына 130 тонна асфальт жабындысын шығаратын «ABBZ 2023» зауытының ашылып, іске қосылғанын да тілге тиек етті.

Ал есепті кездесуге қатысқан аудан әкімі Дархан Ермағанбетов жеңіл өнеркәсіпке қатысты ұсыныстардың орынды екенін айтып, Қандыағаш қаласынан логистикалық орталықты ашу мүмкіндігін қарастырып жатқандарын және бұл жұмыстардың болашақтың еншісінде екенін жеткізді.

ЖЕР КЕЗЕГІНДЕ 5500 АЗАМАТ ТҰР

Қандыағаш қаласы бойынша жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте бүгінде 5500 азамат тіркеліп тұр. 2023 жылғы жоспар бойынша 2012-2013 жылы кезекте тұрған азаматтарға жер бөліну жоспарлануда. Сонымен қатар Мұғалжар ауданының аумағында стационарлық емес сауда объектілерін орналастыру орындарын айқындау және бекіту туралы 2022 жылдың 21 шілдедегі №210 қаулысына сәйкес, Қандыағаш қаласынан 4 жер учаскесіне дүңгіршек орналастыру үшін конкурс өткізіліп, жеңімпаздар анықталған.

ҚАЛА АУМАҒЫНДА 15 КӘСІПОРЫН БАР

Аудан орталығында бірнеше жылдан бері жаңа ғимараттар бой көтеріп, түрлі кәсіпкерлік нысандары ашылуда. Бұл – қандыағаштық кәсіпкерлердің көбейгенін білдіреді. Атап айтсақ, бүгінгі таңда қала бойынша 3530 кәсіпкер өзінің жеке кәсібін дөңгелетіп отырса, 15 ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Бұл кәсіпкерлік нысандарда жалпы саны 8500 адам жұмыс жасайды.

Ал «Ауыл Аманаты» бағдарламасы бойынша 63 жоба тапсырылса, «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша 689 адам оқытылып, 21адам грант иесі атанды. Жалпы 44 адамға 60 млн 720 мың теңге бөлініп тұр, — деді Т.Өтемұратов.

ӘЛЕУМЕТ САУАЛЫ ЖӘНЕ ӘКІМ ЖАУАБЫ

Кездесу соңында тұрғындар қала әкіміне сауалдарын қойды. Түйіні тарқамай, бірнеше жылдар бойы қордаланып келе жатқан мәселе де баршылақ екен. Оны тұрғындар қойған сауал арасында байқадық. «Жастық» мөлтек ауданы №12 үйдің тұрғыны Дина Саттарова өзі тұратын аула ішіндегі ескі ағаш бұталарын кесіп беруді және күз, көктем айларында жиі кездесетін жаңбырлы кезде шатырдан су кетіп, ауланың іші суға лық толып кететінін, жаяу жүруге мүмкіндік болмай қалатынын айтып, әкімнен осы мәселе бойынша жұмыстануды сұрады.

Талдарды кесу, оның ішінде тұрғын үйлердің ауласының ішіндегі ағаштарды кесу әкімшіліктің міндетіне жатпайды. Бұл мәселе бойынша сіздерге қарасты ТҮК тұрғындармен бірге жұмыстануы керек еді. Дегенмен жазда қала ішіндегі барлық көшелерде кездесетін ескі ағаштарды кесіп, жинап алғанбыз. Әлде де қауіп төндіріп, өзі құлайын деп тұрған ағаштар болса, көмектесуге әркез дайынбыз. Ал шатырдан су кету мәселесіне келсек, егер сіздер, яғни ТҮК пен тұрғындар бірлесе сұраныс берсеңіздер, тұрғындардың 70%-ы мәселеге қатысты белгілі бір хаттамаларға қол қойса, біз әкімшілік тараптан сол жердегі тұрғындармен кездесіп, ұсынысын тыңдап, ЖКХ бөліміне сұраныс жіберіп, жер актісі бойынша жобалық-сметалық құжатын әзірлеп береміз. Осылайша әрі қарай жұмыс жалғасатын болады. Қазіргі таңда біз қаладағы 120 тұрғын үйдің 30-ның ғана ауласына асфальттау жұмысын жүргіздік. Енді қалған аулаларға да есебімде көрсеткенімдей, бірқатар түзетулер енгізіп жатқандықтан, асфальттау жұмыстары жүргізілетін болады. Оның ішінде сіздің де үйіңіз бар, — деді қала әкімі Талғат Өтемұратов.

Сондай-ақ «Жастық» мөлтек ауданы №49 үйдің тұрғыны Жұмабек Жиеналиев алдыңғы есеп беруде көтерген тротуар мәселесінің оң шешім тапқанын айтып, алғысын жеткізді. — Енді сол №49 үйдің артында «Жолаушы» кафесіне қарай өтетін жер бар. Ол жерде тротуар мен жарық жоқ. Бұл мәселені қозғамайын десем, сол маңайда тұратын 5-6 ошақ бар. Сол үйлердің балалары мектепке қатынайды. Оған қоса сол жерге осы жасанды жол кедергілері де орнатылса деген сұранысым бар, — деді. Сонымен қатар «Жастық» мөлтек ауданы №3А үйдің ауласында балаларға арналған ойын алаңы жоқ екенін, 2017 жылдан бері ол аула жеке кәсіпкердің игілігінде екені мәлім болғанын жеткізіп, өздеріне қарасты ауланың жоғын айтып, сол аумаққа қатысты кәріз мәселесін де көтерді.

«Жастық» м/а №49 үйдің мәселесі бойынша алдымен тұрғындармен жиналыс жасап, сол жерде талқылап, нақты шешім қабылдаймыз. Ал тұрғын үйдің ауласындағы жер бойынша арыз түсті. Біздің де заңға сәйкес өзіміздің жауап беретін мерзіміміз бар. Мәселе толықтай жан-жақты қаралып жатыр. Дегенмен балаларға арналған ойын алаңы бойынша оң нәтиже шығаруға уәде береміз, — деді әкім.

«Достық» мөлтек ауданының №13 үйдің тұрғындары да өздерінің шағымдарын жеткізді. Атап айтсақ, №13 үйдің тұрғындарын жаңбыр жауған сайын үй төбесінен су кететіні мазалайды. 10 жылдан бері шешімін таппаған осы мәселені тағы атап өткен тұрғындар әкімдіктен көмек сұрады. Қала әкімі аталмыш үй мәселесінен хабардар екенін жеткізіп, алайда бұл жылғы жоспарға енбегенін, мүмкіндік болса келесі жылы қарастыратындарын айтып, аталмыш үйге терможаңғырту жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттарының әлі дайындалып жатқанын жеткізді.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ, Айдана НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Словакияда барлық тұрғындар коронавирусқа тест тапсыратын болды

admin_mugalzhar

Көкпардан Ұлттық құрама Көшпенділер ойындарына дайындықты күшейткен

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ СТУДЕНТ «МЕЙІРІМ» ТӨСБЕЛГІСІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.