ЕСЕПШІНІҢ ЖҰМЫСЫ МҰҚИЯТТЫЛЫҚ ПЕН ДӘЛДІКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ. СЕБЕБІ ОЛАРДЫҢ ҚОЛЫНДА ЖӘЙ ҒАНА САНДАР ЕМЕС, ҮЛКЕН МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСЫ МЕН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ МАҢДАЙ ТЕР, ЕҢБЕК АҚЫСЫ ТҰРАДЫ. ОЛАР ӨЗДЕРІ ҚЫЗМЕТ АТҚАРАТЫН МЕКЕМЕДЕГІ ЕСЕП, ҚАРЖЫ ЖӘНЕ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ БАҚЫЛАП, МАҢЫЗДЫ НӘРСЕЛЕР ҮШІН ЖАУАП БЕРЕДІ. СОЛ СЕБЕПТІ ДЕ ҚАЙ ҰЖЫМДА БОЛМАСЫН ЕСЕПШІЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕКШЕ. КӘСІБИ МЕРЕКЕЛЕРІ ҚАРСАҢЫНДА БҰРЫН ЖӘНЕ ҚАЗІР ОСЫ МАМАНДЫҚТЫ СЕРІК ЕТКЕН ЖАНДАРДЫ СӨЗГЕ ТАРТТЫҚ.
Гүлнәр ҚЫЗЫЛБАСОВА, Мұғалжар аудандық ауруханасының есепшісі:
—Туған жерім сол кездері Ақкемер станциясы, Шевченко поселкесі деп аталатын. Сол жерден түлеп ұшып, оқуымды тәмамдадым. Бала кездегі арманым есепші болу болды, сол себептен осы мамандық бойынша оқу аяқтадым. Еңбек жолымды 1984 жылы Мұғалжар аудандық ауруханасында бастадым. Сол мекемеде 1995 жылға дейін еңбек етіп, отбасы жағдайыма байланысты өзге жаққа қоныс аудардым. Араға 12 жыл үзіліс жасап, 2007 жылы осы мекемеге қайтадан есепші болып орналасып, бүгінгі күнге дейін жұмыс жасап келемін. 28 жылдан асқан еңбек жолымда табандылыққа, шыдамдылыққа, әр істің егжей-тегжейіне назар аударып, көп ақпаратпен жұмыс жасап, талдап, қорытындылап, әр іске ерекше мән беруге үйрендім.
Бүгінгі таңда бухгалтер – экономика және қаржы саласындағы ең сұранысқа ие мамандық. Қызығы мен шыжығы мол бұл қызметте асқан жауапкершілік ұдайы бірінші орында тұрады. Нақтылық пен ұқыптылық тым маңызды біздің салада еңбегіміз еленіп те келеді. Алла қаласа, 3 жылдан кейін зейнеткерлікке де шығамын. Жұмысымнан бөлек, жеке өмірімде де жолы болған адамдардың қатарынан екенмін. Жолдасым екеуміз екі баланы тәрбиелеп, жеткіздік. Осы кезге дейін басқа салаға ауысуды бұған дейін ойламаппын. Енді ауысам десем де, зейнеткерлікке уақыт аз қалды ғой деп кейде әзілдеп алатыным бар. Мен өзімді мамандық таңдаудан қателеспеген жанмын деп санаймын. Қанша қиын болса да, өз жұмысымды жақсы көремін.