«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕСЕПШІНІҢ ЕҢБЕГІ ӘР САЛАДА МАҢЫЗДЫ

ЕСЕПШІНІҢ ЖҰМЫСЫ МҰҚИЯТТЫЛЫҚ ПЕН ДӘЛДІКТІ ТАЛАП ЕТЕДІ. СЕБЕБІ ОЛАРДЫҢ ҚОЛЫНДА ЖӘЙ ҒАНА САНДАР ЕМЕС, ҮЛКЕН МЕКЕМЕЛЕРДІҢ ТҰРАҚТЫ ЖҰМЫСЫ МЕН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ МАҢДАЙ ТЕР, ЕҢБЕК АҚЫСЫ ТҰРАДЫ. ОЛАР ӨЗДЕРІ ҚЫЗМЕТ АТҚАРАТЫН МЕКЕМЕДЕГІ ЕСЕП, ҚАРЖЫ ЖӘНЕ МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ БАҚЫЛАП, МАҢЫЗДЫ НӘРСЕЛЕР ҮШІН ЖАУАП БЕРЕДІ. СОЛ СЕБЕПТІ ДЕ ҚАЙ ҰЖЫМДА БОЛМАСЫН ЕСЕПШІЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕКШЕ. КӘСІБИ МЕРЕКЕЛЕРІ ҚАРСАҢЫНДА БҰРЫН ЖӘНЕ ҚАЗІР ОСЫ МАМАНДЫҚТЫ СЕРІК ЕТКЕН ЖАНДАРДЫ СӨЗГЕ ТАРТТЫҚ.

Бану МУКУШЕВА, Аудандық білім бөлімінің есепшісі:

Еңбек жолымды 1989 жылы Қазтұтынуодағында сатушы болып бастадым. Ал Мұғалжар ауданының білім бөліміне есепші болып 2005 жылдың 4 ақпанында қабылдандым. Бүгінгі таңда осы бөлімде бас экономист қызметін атқарамын. Бұрын 2005 жылдан 2011 жылға дейін аудандағы әр мектептің өзінің жеке есепшілері болды. Сол кездегі бізбен бірге қызмет атқарған үлкен әріптес апайларымыздан білмегенімізді үйреніп, тәжірибе алдық. Ертеректегі сол уақыттан есіме бір оқиға түсіп отырғаны… Ол оқиға біздің әріптестеріміздің барлығының есінде ерекше қалды деп ойлаймын. Сонымен, Бұлақты ауылында бұрынғы Ломоносов деген мектеп болған еді. Сол мектептің есепшісі Лидия Бақтыбаева апай еді. Бірде Лидия Кеңесқызы қоғамдық көлікке мініп, аудан орталығындағы қазынашылық бөліміне асығады. Есепшілер біледі, жалпы жыл аяғында әр мекеме бөлінген қаражатты толық игеруі қажет. Соның есебін жыл аяғында жаңағы қазынашылық бөліміне әкеліп тапсырамыз ғой. Ол кезде интернет жоқ, барлығын қағазға шығарып алып, діттеген жерге қолмен апарамыз. Сөйтіп, Лидия апай қажетті аялдамасынан түсіп, асыққан күйі жүгіре жөнеледі. Сол мезетте бұрыштан көлік атып шығып, апайымыз сол көліктің астына түседі. Ол өзі ұзын бойлы кісі еді, машинаның астынан сыпырылып шығып, қайта жүгіре жөнеледі. Сасып қалған жүргізуші жігіт көлігінен түсе сала, «апайлап» Лидия апайдың соңынан жүгіреді. Сөйтсе, Лидия апаймыз: «балам тұра тұр, менде «освоение» деп тоқтамайтын көрінеді. Әлгі жүргізуші сонда да артынан қалмай, сасқалақтап, соңынан жүгіре берген ғой. Қазынашылық бөлімі-не кіріп кеткен апайдың артынан салып ұрып жеткен жігіт жалынып жүріп, күзетшіні апайдың соңынан жібереді. Күзетші апайға барып, «сізге бір адам келіп тұр» десе, апай үстінің қарын қағып тұрып, «менің одан да басқа маңызды жұмыстарым бар» депті. Бәлен уақыттан соң қағаздарын тапсырып шықса, әлгі көлік жүргізушісі әлі күтіп отыр дейді. «Мен сізді дәрігерге апарамын, жүріңіз» десе, апай: «шаруам шаш етектен, тапсыратын құжатым әлі көп» деп болмастан әлгі жігітті қайтарып жібереді. Содан бері осындағы есепшілер арасында бұл оқиға аңызға айналып, «освоение» сөзінің салмағы арта түсті десем, артық айтпаспын. Тіпті жыл аяғында есеп тапсырарда, бірбірімізге «байқаңдар, Лидия апай құсап машина астына түсіп қалмаңдар» деп әзілдесетін де болдық. Бұл оқиға-ны еске алғандағы айтпағым, сол кездегі апайлардың жұмысқа деген жауапкершілігі өте жоғары еді. Үлкен әріптестеріміздің сол жұмысқа берілгендігі бізге үлгі болды. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген, үнемі осы оқиғаны еске ала отырып, қызметте әрқашан жауапкершілікті, адалдықты бірінші орынға қоямын. Қазір біздің ауданда 70-тен аса мекеме бар. Солардың барлығының қаржысын игеріп, жұмыстың дұрыс, сапалы орындалуында есепшілердің еңбегі зор деп білемін. Аудан бойынша пилоттық бағдарлама аясында қызмет атқаратын 10 мектеп бар, орталықтандырылған есеп-қисап бөлімі тұр және Мұғалжар аудандық білім бөліміне қарасты 37 мектеп пен 30 мектепке дейінгі ұйымдардағы 3500-ден астам педагог мамандарының, техникалық жұмысшыларының жалақыларын есептеу, қаржылық жұмыстарын атқару – осы білім бөліміне қарасты есепшілердің міндетіне жатады. Бұл жұмыстың қиындығы мен маңыздылығын осы сала қызметкерлері ғана біледі. Осылай «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып», ауызбіршілікте еңбек етіп келе жатқан жайымыз бар. Өзіміздің төл мерекеміз қарсаңында барлық әріптестерімді мерекелерімен шын жүректен құттықтап, еңбектеріне жеміс тілеймін.

Ұқсас ақпараттар

ЖҰРЫН АУЫЛЫНЫҢ КӨШЕЛЕРІ АСФАЛЬТТАНУДА

admin_mugalzhar

Қазақстан инвестиция тарту бойынша рекорд орнатты

admin_mugalzhar

ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.