«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

САҚ БОЛЫҢЫЗ! ҚЫЗЫЛША ҚАУІПТІ!

БҮГІНДЕ ЕЛ БОЙЫНША ҚЫЗЫЛША АУРУЫ ӨРШІП ТҰР. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІНІҢ МӘЛІМЕТІНШЕ, ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ 7540 АДАМ ОСЫ ДЕРТКЕ ШАЛДЫҚҚАН. ОНЫҢ ІШІНДЕ 83 ПАЙЫЗДАН АСТАМЫ 14 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАР, АЛ 3 ПАЙЫЗЫ 15 ЖАСТАН 18 ЖАСҚА ДЕЙІНГІ БАЛАЛАР, ҚАЛҒАН 14 ПАЙЫЗДЫ 18 ЖАСТАН АСҚАН АДАМДАР ҚҰРАЙДЫ. БҰЛ АУРУДЫ ЕЛІМІЗГЕ ШЕТ ЕЛДЕН КЕЛГЕН ЖОЛАУШЫЛАР,  ЯҒНИ, МЫСЫР, ӨЗБЕКСТАН, ТӘЖІКСТАН, РЕСЕЙ ЖӘНЕ ҚЫРҒЫЗ ЕЛІНЕН КЕЛГЕНДЕР ТАСЫМАЛДАҒАН. АЛ АУДАН АУМАҒЫНДАҒЫ АХУАЛ ТУРАЛЫ АУДАНДЫҚ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ ЕРЛАН МҰРАТОВТАН СҰРАП БІЛДІК.

-Ерлан Бүркітұлы, бүгінде қызылша ауруы көпшілікті алаңдатып отырғаны белгілі. Осы орайда аудандағы эпидемиологиялық ахуалға тоқталып өтсеңіз?

Бүгінгі күнге Мұғалжар ауданы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Дегенмен қазіргі таңда қызылша ауруының тіркеліп, эпидемиологиялық жағдайы шиеленісіп, аталған ауруды жұқтырушылардың денгейінің өсуі орын алып отырғанын айтқым келеді. Қазіргі таңда Мұғалжар ауданы бойынша қызылшаның күдікті 15 жағдайы және лабораториялық жолмен расталған 1 жағдайы тіркелді. Тіркелгендердің барлығы 14 жасқа дейінгі балалар арасында болып отыр. Оның ішінде 9 жағдай қарым-қатынаста болған балалар арасында тіркелді. Қазіргі таңда барлық науқастар амбулаторлық және стационарларлық ем алуда. Тіркелген жағдайлар ішінде 12-сі қызылшаға қарсы екпе алмаған. Екпе алмау себептері әр түрлі. 4 бала қызылшаға қарсы екпенің 2 турымен егілмеген. Аудан бойынша қызылшамен ауырған науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар саны 1848 адам болып отыр. Оның ішінде 1795-і — 14 жасқа дейінгі бала. Қызылша ауруының алдын алу мақсатында қарым-қатынаста болғандар 21 күнге дейін медициналық бақылауға алынды.

Жалпы қызылша ауруын кім және қалай таратады?

Қызылшамен науқастанып қалған адамның дене қызуы көтеріліп, ағзасы уланады. Сонымен бірге жоғары тыныс жолдары зақымданып, денесінде қызыл дақтар пайда болады. Бұл ауру жіті инфекциялық аурулар қатарына жатады. Жұқпа көзі қызылшамен ауырған адам болып табылады. Аталған аурудың бастапқы белгілері білінбей тұрып 2 күн бұрын және денеге бөртпе түскеннен кейін 5 күн бойы жұқпа таратуға бейім болып келеді. Қызылша вирусы тыныс жолдары жасушаларының кілегейлі қабығына еніп, сол жерде көбейіп, одан әрі қан арқылы бүкіл ағзаға тарайды.

Денеге бөртіп шығатын аурудың түрі көп. Айталық, желшешек, аллергия секілді. Қызылша ауруын өзге аурулардан қалай ажыратамыз. Нақты белгілеріне тоқталып өтесіз бе?

Қызылша ауруы кезінде науқастың дене қызуы 38-390  дейін көтеріліп, мұрыны бітеліп, тамағы қарлығып, басы ауырып, құрғақ әрі қатты жөтел болады. Жарыққа көз аша алмай, жалпы дел-салдық болып, ұйқысы бұзылады. Беті мен қабағының үстінің ісіп, көзінің, ауыз қуысының кілегейлі қабығының қызаруы пайда болады. Аурудың 2-3 күнінде ауыздың ішінде жақтың шырышты қабатында кішкентай шамамен 1 мм-дей қызыл шырышты қабаттан сәл көтеріліп тұратын ақ ұсақ дақтар пайда болады. Бұл «Бельский-Филатов-Коплик» дағы деп аталады. Әдетте, олар топтанып, еш уақытта бір-біріне қосылмайды және  2-3 күн сақталып, сосын жойылады. 4-ші тәулікте құлақтың сыртында, мұрынның үстінде, жайлап бүкіл бет терісіне, мойынға және кеуденің жоғарғы бөлігіне ашық қызыл немесе қызыл түсті дақтар пайда болып, олар бірнеше сағаттан соң үлкейіп, жиектері тегіс емес, бір-біріне қосылған үлкен қан қызыл дақтарға айналады. 5-ші тәулікте дақтар денеге және қолға, ал 6-шы тәулікте аяққа дейін жайылады. Беттегі дақтардың бір-бірімен қосылып үлкеюіне байланысты бет ісініп, қабақ қалыңдап, адамның беті дөрекіленіп бет-әлпеті өзгеріп кетеді. Аталған дақтардың әсерінен дене қызуы 400 С көтеріліп, тыныс жолдарының қабынуы күшейіп, аурудың жалпы жағдайы нашарлайды. Дақтар түсу кезеңнің 2-3 күнінде дене қызуы ең жоғарғы көрсеткішке жетіп, содан соң жылдам қалыпты жағдайға түсіп, ауру сауыға бастайды. Дақтар 3-4 күнге дейін сақталып ағара бастайды сосын қоңыр немесе сарғылт түстес болып, бастапқы пайда болған кезеңмен жойылады, түсінің жойылуымен қатар терінің қабыршақтануы мүмкін.

Әңгіме басында өзіңіз қызылша ауруын жұқтырғандардың көпшілігі екпе алмағандар деп айтып қалдыңыз. Осы тұста екпе алмағандар аталған инфекцияны жұқтырған жағдайда қандай асқынулар орын алуы мүмкін?

Қызылшаны тез емделетін ауру түріне жатқыза алмаймыз. Егерде ол асқынып кеткен жағдайда тіпта вакцинацияланбаған болса, ауру түрі ауыр жүреді. Бұл індет миға, тыныс алу жолдары мен өкпеге қатты зақым келтіреді. Сонымен бірге өкпе қабынуы пневмонияға, құлақ (отит), мұрын шырышты қабатының, көздің және нерв жүйесінің қабынуларына, энцефалиттер, кей кезде тіпті ауру өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Ауру айтып келмейді. Сондықтан сақ болған жөн.

Қызылша ауруынан сақтану үшін маман ретінде тұрғындар назарына қандай алдын алу шараларын ұсынасыз?

Аурудың алдын алудың сенімді жолы — қызылшаға қарсы екпе алу. Қызылшадан егілу сақтану иммунитетін қалыптастырады. ҚР ұлттық күнтізбесіне сәйкес, қызылшаға қарсы бірінші вакцинация құрамында антигендер қызылшаға, қызамыққа және эпидемиялық паротитке қарсы құрама вакцинамен балаға 12 және 15-ші айында жүргізіледі. Иммунитетті бекіту үшін келесі вакцинациялау 6 жасында салынады. Сондай-ақ қызылшамен қатынаста болған, бұрын қызылшаға қарсы вакцина алмаған 30 жасқа дейінгі адамдарға жүргізіледі. Егерде балаңыз екпе алмаған жағдайда қызылша ауруын жұқтыратын болса, асқыну жағдайларына әкеліп соқтыруы мүмкін. Ата-аналарға айтарым, ең алдымен баланың қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеру. Вакцинация болмаған жағдайда қызылшаға қарсы профилактикалық егуді алу. Егер бала әр түрлі себептерге байланысты вакцинацияланбаған болса, оны адамдар көп жиналатын жерлерде болуын шектеуге кеңес береміз. Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде, яғни дене қызуының көтерілуі, мұрыннан су ағу, жөтел, денеде бөртпенің пайда болуы кезінде дереу медициналық көмекке жүгіну керек.

Әңгімеңізге рақмет.

Н.КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстандықтар ақпан айында қанша күн демалады?

admin_mugalzhar

Мереке күндері ХҚКО-лар қалай жұмыс істейді?

admin_mugalzhar

БАҚ қызметкерлері «Болашақ» бағдарламасымен шетелде тағылымдамадан өте алады

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.