Қандыағаш қаласындағы Мұғалжар гуманитарлы-техникалық колледжінде «Кәсіпкерлік негіздері» тақырыбында шеберлік сағаты өтті.
Аталған шараға аудандық Іскер Әйелдер Қауымдастығының төрайымы, «Мөлдір» сұлулық салонының директоры Гүлсара Кенжебаева, аталған колледж директорының міндетін атқарушы Илияш Ниязова, колледж мұғалімдері, ата-аналар мен студенттер қатысты. Шеберлік сағатына қатысқан студенттер бизнес идеяларымен таныстырды. Айталық, 2- курс студенттері Никита Геиоргиев автокөлік қызметі бойынша, Жібек Камал сұлулық салонын ашу жобасы бойынша идеяларын ортаға салып, бизнес жобаларын қорғап шықты. Қатысушылар назарына «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша оқитын 2-курс студенті Гүлбахар Симухан қолдан әшекей бұйымдарын, Айткүл Ербол маникюр жасау, Карина Ахметжан шаш қию, бет әрлеу секілді қызмет түрлерін ұсынды. Ал колледж ұстаздары өздеріне жасалған қызметтерге риза болып, ынталандыру мақсатында студенттердің еңбекақысын төледі. Ал колледждің атқарушы директоры студенттердің қолынан шыққан бұйымдар арасынан өзіне ұнаған бұйымды сатып алды.
— Біздің мақсатымыз – студенттерді өздері таңдаған мамандығы бойынша оқытып қана қоймай, қосымша кәсіпкерлік саласы бойынша дамыту. Осындай мақсатты істерді жүзеге асыру үшін колледжден арнайы кәсіпкерлік кабинетін ашып, қосымша кәсіпкерлік сабақтарын енгіздік, — деді Илияш Еркінқызы.
Шара соңында «Мөлдір» сұлулық салонының директоры Гүлсара Кенжебаева студенттердің жұмысына баға беріп, өзінің кәсіпкерлік саласындағы ақыл-кеңесімен бөлісті.
А.МАНАСБАЕВА