«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АТА-АНАМНЫҢ ҚОЛДАУЫ ҚАНАТ БІТІРДІ

ГАЗЕТІМІЗДІҢ ӘР НӨМІРІНДЕ КӘСІПТІҢ КӨРКІН ҚЫЗДЫРЫП, КӨЗІН ТАПҚАН, ШАРУАНЫҢ ЖАЙЫН ТАНЫП, ІСІН ӨРГЕ ДОМАЛАТЫП ЖҮРГЕН ЕҢБЕКҚОР ЖАНДАР ЖАЙЫНДА ЖАЗЫП КЕЛЕМІЗ. МЕМЛЕКЕТТІҢ ШАҒЫН КӘСІПТІ ДАМЫТУҒА, ШАРУАНЫ ҚОЛДАУҒА АРНАЛҒАН БАҒДАРЛАМАЛАРЫ БЕРЕР МҮМКІНДІКТІ КӘДЕГЕ ЖАРАТЫП, ЕҢБЕКТІҢ ТӘТТІ ДӘМІН ТАТҚАН ЖҰРЫНДЫҚ МАРАТ САРШИН ДЕ СОЛ ЖАНДАРДЫҢ БІРІ.

Мараттың еңбекқор екенін, алға қойған мақсатқа жету жолында әрбір істі бағамдап, икеміне қарай ыңғайластырып еңбек етуді басты ұстанымына айналдырғанын әңгіме барысында байқадық.

Кәсіп бастауға отбасым көмек көрсетіп, демеу берді. «Егін бітік шықса – ел ырысы» деген қазақ халқы қашан да мал бағып, егін еккен, сол бейнеттен береке тапқан. Күнкөрістің қамына айналған кәсіп түрімен шұғылданғандардың ырысы мол, әрине. Сондықтан картоп егуді қолға алдық. Алдымен ауыл ақсақалдары мен үлкендерінен ақылкеңес сұрап, ғаламторды ақтарып, ізденіп, осы жұмыстың кәдімгідей ішіне сүңги түстім. Қателіктерді де жібердім. Дер кезінде олқылық тардың орнын толтырып, алған бетімнен қайтпай, алға жүре бердім. Содан атаанамның: «балам, мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, өзіңнің биснес-жоспарыңды ұсынсаң қайтеді. Ал біз өз тарапымыздан әрқашан көмек қолын созуға, қолдауға даярмыз», — деген сөздері қанат бітірді. Түсінгенім, мейлі сен қанша жаста болсаң да, атаананың балаға сенім білдіріп, қолдау танытқаны тылсым күш сыйлайтындай әсер береді екен. Олар қолдап тұрғанда қиындық көріп келгеннің бәрін жеңуге болатынын түсінесің, — деген жас кәсібіне көңілімен кірісіп, бергенін береке көреді.

-Содан «шешінген судан тайынбас» деп, жергілікті әкімшілікке барып, мән-жайды түсіндіріп, тиісті құжаттарды дайындап, іске кіріседІ. «Ауыл аманаты» жобасы аясында. Биыл 2,5 пайызбен 1 млн 800 мың теңге несие алып, қаржыны кәдесіне жаратып, жерге картоп екті. Жас бағбан картопты мол өнім беретін дақылдардың қатарына жатқызады. Халық арасында «екінші нан» аталатын көкөністің бабын табудың да оңай емес екенін айтады ол.

Негізі 2017 жылдан бері қарай өз отбасымыз үшін аздап картоп егіп тұратынбыз. Бірде жақсы өнім береді, бірде өнім болмай да қалады. Солай жыл сайын тәжірибемді шыңдай бердім. Картоптың жақсы өсуі үшін жер құнарлы болуы керек. Жер тым ылғал болса да болмайды, құрғақ болса да қиын. Алқапта таң атқаннан күн батқанға дейін жүретінмін. Отбасылық кәсіп болғандықтан анам да, әкем де қарындасым да көмектесті. Биыл 1 гектар жерге өнім салдым, одан 4 тоннадай картоп алдым. Оның бабы расымен оңай емес. Сондықтан уақытында күтіп баптайтын болсаң ғана күзде мол өнім алатыныңызға шүбә болмайды. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, ауыл адамдарын жұмыспен қамтамасыз еткім келеді. Оның бәрі уақыт еншісінде, — дейді Марат.

Еңбекқор жас картоп түйнектерін мамыр айында отырғызыпты. Содан бері кешегі күз түскенше алқаптан алыстамаған ол өз ісін жақсы көретінін жеткізді.

Картоп өсіруде ең бастысы зиянкес жәндіктерден бақылап, арамшөптерден қорғауға көңіл бөлу керек. Өсу кезеңінде қажетті минералды заттармен тыңайтып отырған абзал. Бұл — үлкен табандылықты талап етеді, әрине. Жалпы, картоп жапырағына мән берсек, көп нәрсені аңғаруға болады. Жапырағы арқылы ауырып тұрғанын, тым ылғалданып кеткенін, немесе керісінше су жетпей шөлдеп тұрғанын көруге болады. Мәселен, бір қап картоп егіп, жақсы күтім жасасаңыз, күзде он қап қылып жинап алуыңызға болады, — деген кеңес берген ол кейбір күтімдерді әлеуметтік парақшалардан қарайтынын айтты.

Жас бағбан картоп егуде тамшылатып суару әдісін қолданады. Өзі еккен алқапта картоптың «гала», «розан» деген сорттары бар. Қазіргі кезде ол картопты жақын ауыл-аймақтарға саудалауда.

«Жәрмеңкелерге жиі шығып тұрасыз ба?» деген сауалымызға Марат Ерболатұлы «өзіміздікінен де артылмайды» деп жауап берді. Ұққанымыз, жұрындық диқаннан картопты жерлестері лезде сатып алып кетеді екен. Онысына дән риза өзі. Азды қанағат тұтпай, шаруаны дөңгелетіп, ауылды ғана емес, ауданды картоппен қамтуды армандап жүрген жігітке біз де сәттілік тіледік.

Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

«АУЫЛ АМАНАТЫ» — АУЫЛ ХАЛҚЫНЫҢ ТҰРМЫСЫН ТҮЗЕМЕК

admin_mugalzhar

Дильназ Даулетова: Еліме пайдам тисе деймін

admin_mugalzhar

ӨНЕРЛІ ЖЕРЛЕСТЕР ЖАРАДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.