ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫ КЕЙІНГІ ЖЫЛДАРЫ ЕЛІМІЗДЕ ХАЛЫҚ САНЫНЫҢ ӨСУІ 20%-ҒА АРТҚАНЫН ЖАРИЯ ЕТТІ. СОҢҒЫ ЖҮРГІЗІЛГЕН ХАЛЫҚ САНАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДА ЖАН САНЫ 19 186 015 АДАМҒА ЖЕТКЕНІН КӨРСЕТСЕ, 2023 ЖЫЛДЫҢ 1 СӘУІРІНДЕ БҰЛ САН 19 832 737 АДАМҒА ӨСКЕН. АЛ 2021 ЖЫЛЫ ӨТІП, ҚОРЫТЫНДЫСЫ ЕКІ ЖЫЛДАН КЕЙІН ЖАРИЯЛАНҒАН ҰЛТТЫҚ ХАЛЫҚ САНАҒЫНЫҢ НӘТИЖЕСІНЕ СЕНСЕК, МҰҒАЛЖАРЛЫҚТАРДЫҢ САНЫ СОЛ ЖЫЛЫ 64991 АДАМ БОЛҒАН.
Аудандық статистика бөлімінің мәліметі бойынша, 2009 жылы өткен халық санағында ауданда 62115 адам тіркелген. Ал 2021 жыл бұл көрсеткіш ресми есеп бойынша 104,6 пайыз көрсеткішпен 64991 адамға көбейген. Оның ішінде ер адамдар саны 30526-дан 32410-ға, ал әйел адамдар 31589-дан 32581-ге артқан. Бұл – жалпы Мұғалжар ауданы бойынша көрсеткіш.
Ал енді осыны қала және ауылдық округке тарқатсақ, аудан орталығы Қандыағаш қаласында 14 жыл бұрын 29169 тұрғын болған болса, 2 жыл бұрын бұл сан 34898-ге өзгерген. Ал 2009 жылғы 11251 ембілік 2021 жылы 12783 адамға көбейген. Халық санағында 2009 жылы Жем қаласында 1936 адам тұрған деп көрсетілсе, 2021 жылы 1355 адамға азайған.
Аудан аумағындағы ауылдық округтерде де 14 жыл бұрынғы санаққа қарағанда екі жыл бұрынғы санақ ауыл тұрғындарының азайғанын көрсетеді. Мәселен, 2009 жылғы санақта аудан аумағындағы ауылдық округтерде барлығы 19759 тұрғын болса, 2021 жылы 15955 адамға дейін кеміген. Атап айтсақ, есепті жылдары Ащысай ауылдық округіндегі 903 адам 591-ге, Егіндібұлақ ауылдық округіндегі 765 адам 418-ге, Жұрын ауылдық округін дегі 1972 адам 1353-ке, Құм-сайдағы 889 адам 577-ге, Мұ-ғалжар ауылындағы 2118 адам 1623-ке, Қ.Жұбанов атындағы ауылдық округте 1005 адамнан 641 адамға, Ақкемерде 3000-нан 2753- ке, Батпақкөлде 2268-ден 2131- ге, Еңбек ауылдық округінде 2953-тен 2576-ға, Қайыңды ауылдық округі бойынша 1274 тұрғын 1186-ға, Құмжарғандағы 1673 адам 1355-ке, ал Талдысай ауылдық округіндегі 939 тұрғын 751-ге кеміген.
Ал енді биылғы, 2023 жылғы көрсеткішке сенер болсақ, мұғалжарлықтар саны жыл басындағы 65499-дан 1 қазанға 65760- қа көбейген. Оның 32933-і ерлер, ал 32827-сі нәзік жандар екен. Атап айтсақ, аудан орталығы Қандыағаш қаласында 35636 адам (17539 ер, 18097 әйел) тұратын болса, Ембі қаласында 12997 (6449 ер, 6548 әйел) тұрғын бар. Ал Жем қаласы тұрғындарының саны — 1232 (673 ер, 559 әйел) адам. Атап өтейік, жалпы Ақтөбе облысында 2023 жылғы 1 қазандағы көрсеткіш бойынша 936 847 адам тұрады екен. Оның ішінде 567 745 тұрғыны бар Ақтөбе қаласынан кейінгі ең халық саны көп аудан — Мұғалжар ауданы.
Мұғалжар.kz