«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ: ШАЙҚАЛҒАН ШАҢЫРАҚ, БАҚЫТСЫЗ ӘЙЕЛ, ҚОРҒАНСЫЗ БАЛА

ӘЙЕЛГЕ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ КӨРСЕТУ ЖӘНЕ БАЛАҒА ҚАТЫГЕЗДІК ТАНЫТУ — ШЕШІМІН ТАППАЙ ОТЫРҒАН КҮРДЕЛЕНГЕН ӘЛЕУМЕТТІК МӘСЕЛЕ. ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ АШЫП, ПАРАҚТАЙ ҚАЛСАҢ, ҚОҒАМДА ОРЫН АЛЫП ЖАТҚАН ЗОРЛЫҚЗОМБЫЛЫҚҚА БАҒЫТТАЛҒАН ОҚИҒАЛАР ЖАҒА ҰСТАТАДЫ. БҰҰ МӘЛІМЕТІНШЕ, ЖЫЛ САЙЫН ӘЛЕМДЕ 50 МЫҢ ӘЙЕЛ МЕН БАЛА ЖҰБАЙЫНЫҢ НЕМЕСЕ ЖАҚЫНДАРЫНЫҢ ҚОЛЫНАН ҚАЗА ТАБАДЫ ЕКЕН. БҰЛ ДЕРЕККЕ ҮҢІЛСЕК, ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРДІҢ ӨЗГЕДЕН ЕМЕС, ӨЗІНІҢ ЖАҚЫНДАРЫНАН ҚИЯНАТ ШЕККЕНІН АҢҒАРУҒА БОЛАДЫ. АДАМЗАТТЫҢ ҚАСІРЕТІНЕ АЙНАЛҒАН БҰЛ ҚЫЛМЫС ҚАЗАҚСТАНДЫ ДА АЙНАЛЫП ӨТПЕДІ. РЕСМИ ДЕРЕККЕ СҮЙЕНСЕК, ЕЛІМІЗДЕ КҮНІНЕ 300-ДЕН АСТАМ АДАМ ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТАН ЗАРДАП ШЕГЕДІ. ЕҢ ӨКІНІШТІСІ, БІР ЖЫЛДА 400-ГЕ ЖУЫҚ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ӘЙЕЛ КҮЙЕУІНІҢ ҚОЛЫНАН ҚАЗА ТАБАДЫ ЕКЕН. БҰҒАН ЖАҚЫНДА ҒАНА ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ ҚҰРБАНЫ БОЛҒАН АСТАНАЛЫҚ САЛТАНАТ НҮКЕНОВАНЫҢ ӨЛІМІ ДӘЛЕЛ. ЕЛДІ ДҮР СІЛКІНДІРГЕН БҰЛ ОҚИҒА ҚОҒАМДЫҚ ҚОЗҒАЛЫСҚА ҰЛАСЫП, БИЛІК БАСЫНДАҒЫЛАРДЫ ДА ӘРЕКЕТСІЗ ҚАЛДЫРМАДЫ. МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАТЫСТЫ ЗАҢДЫ КҮШЕЙТУГЕ НАҚТЫ ТАПСЫРМА БЕРДІ. ЕНДІ ӘЛСІЗГЕ ӘЛІМЖЕТТІК ЖАСАЙТЫНДАРДЫҢ ЖОЛЫ КЕСІЛЕР ДЕГЕН ҮМІТТЕМІЗ. АЛ БІЗ КҮРМЕУІ КҮРДЕЛІ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ МӘСЕЛЕСІН АУДАН АУМАҒЫНДА ТАРҚАТУ ҮШІН ЖӘБІРЛЕНУШІЛЕРДІ СӨЗГЕ ТАРТТЫҚ. ҚҰЗЫРЛЫ ОРГАНДАРҒА ХАБАРЛАСЫП, ЗАҢГЕР, ПСИХОЛОГ МАМАНДАРМЕН КЕҢЕСІП, ТӘРБИЕГЕ ЖАУАПТЫ АНАЛАРДАН АҚЫЛ СҰРАДЫҚ.

Кейіпкер: ҚОРҚЫНЫШ ӘЛІ ДЕ БАР

Бұрынғы күйеуіммен жолымыздың екіге айырылғанына 6 жылдан асты. Бірақ оның көрсеткен қорлықтары етімнен өтіп, сүйегіме жеткені соншалық, әлі күнге дейін оның есімін естісем, төбе шашым тік тұрып, аяқ-қолым дірілдейді. Ол мені 18 жасымда еріксіз алып қашқан еді. Алғашқы таяғымды келін болып түскен шымылдық ішінде жегенмін. Ол кезде «мас болдым, жаздым-жаңылдым» деп кешірім сұрады. Қазақы тәрбиеден аспаған қызбын ғой, кешірдім. Бірақ бұл мен жеген таяқтың басы болғанымен, соңы емес екен. Аяғым ауырлап, тұңғышымды дүниеге әкелдім. Балам дүниеге келгенде барлығы оңалар деген аз ғана үміт болатын. Бірақ үмітім ақталмады. Ол арақты қойып, шөп шегетін жағдайға жетті. Ол кезде тіпті көзі көрмей кететін. Ата-енем араша түссе, оларды сабайтынды шығарды. Соңында өлімші етіп сабап, ауруханаға түсірді. Оның тепкісінен қабырғам сынып, басым жарылды. Есімді жия алмай, жансақтау бөлімінде бір апта жатыппын. Менің қорлық көріп жүргенімді ата-анам сонда ғана білді. Оған дейін айтпаған едім. Олар күйеуімді сотқа беру үшін маған арыз жаздырды. Әкем оны темір торға тоғыту үшін қанша жүгірді. Неге екенін білмеймін, ешқандай нәтиже болмады. Соңында ажырасып тындым. Бүгінде қызым 5 жастан асты. Қайтадан тұрмыс құрудан қорқамын. Басымнан өткен қиындық қайтып келетіндей жүрегімді үрей билейді. Осы қорқыныштан арылу үшін психолог мамандарға бардым. Жараның ауызы әлі де жазылар емес. Уақыт керек шығар. Мен өзімнің басымнан өткен жайтты ешбір қызға тілемеймін.

Кейіпкер: БАЛАЛАРЫМ ҮШІН ШЫДАП ЖҮРМІН

Менің күйеуіммен бас қосқаныма 15 жыл болды. Арамызда 4 баламыз бар. Ішімдік ішсе үйді қиратып, мазамды алып, маған қол көтереді. Балаларымның да жүректері әбден шайлығып қалған. Әкелері ішіп келсе, бөлмеден шықпай қалады. Сыртта жүрсе, үйге кірмейді. Талай мәрте үйге полиция қызметкерлерін шақырып, 15 күнге жаптыртып тастаған кездерім де болды. Өзім дағдарыс орталығына барып, пана сұрадым. Ол жерде тек уақытша тұрдым. Ажырасып кетуді білемін. Бірақ балаларымды шұбыртып қайда барамын? Ата-анам да қайтыс болған. Бауырларымның өз отбасы бар. Балалы әйелдің туысқанының үйіне барып сыймайтыны ащы болса да шындық. Анам марқұм «кіммен қарайдың, сонымен ағар» деген еді. Анамның да сол сөзі жадымда тұрады. Өзім жұмыссызбын. Күйеуім ішімдікті ішуде қойса, түзеліп кетер деген үміттемін. Өзі көнсе, маскүнемдікке қарсы емдеткім келеді. Ол ішімдік ішпесе, жақсы адам.

Кейіпкер: ТАЛАЙ ТҮНДІ ТАУЫҚ ҚОРАДА ӨТКІЗДІК

Бүгінде жасым алпысты алқымдаған әжемін. Немерелерімнің қызығын көріп, келін жұмсап отырған жайым бар. Жолдасыммен бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқаныма 40 жыл болды. Шынымды айтсам, күйеуімнен талай таяқ жедім. Ол мас болған күні екі баламды жетектеп, көршілердің үйіне барып, тығылатынмын. Бір емес, екі емес, көршілерге де бара беруге ұялып, түнімен тауық қорада отырған күндеріміз көп болған. Қарап отырсам, 30 жылға жуық уақытымды осындай сарсаңмен өткізіппін. Мен бәріне шыдасам да, денсаулығым шыдамады. Жүйкем жұқарып, ашуланшақ болдым. Келін алып, қыз ұзаттық. Күйеуім содан кейін ойланған болар. Бүгінде ішімдікті қойды. «Сенің қадіріңді кеш білдім, ертерек ес жиып, сені түсінгенде, бұлай жасамайтын едім» деп қояды қазір. Дегенмен бүгінгі күніме тәубе деймін. Әйел адам шаңырақтың ұйытқысы болғаннан кейін, барынша шыдағаны дұрыс деп ойлаймын.

«ЗОРЛЫҚЗОМБЫЛЫҚСЫЗ 16 КҮН» АКЦИЯСЫ ӨТУДЕ

Біз әңгімеге тартқан әйелдердің тағдыры ұқсас болғанымен, жас ерекшеліктері әр түрлі. Қарап отырсақ, нәзікжандыларға күйеуі тарапынан жасалатын зорлық-зомбылық қай кезеңде де күн тәртібінен түспегенін аңғаруға болады. Аудандық полиция бөлімінің мамандары аталған мәселені болдырмау мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылса да, зорлық-зомбылық көрсету деректерінің азаймай отырғанын жеткізді. Мамандардың берген мәліметіне сүйенсек, аудандық полиция бөлімінде отбасының шырқын бұзуға бейім 230 адам есепте тұр. Ал 75 адамға ерекше талап қойылса, 16 қолайсыз отбасы бар екен.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бекітілген жоспарға сәйкес, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторларымен бірге отбасы шырқын бұзуға бейім тұлғалармен жеке сөйлесулер жүргізіп, қолайсыз отбасыларға бақылау жүргіземіз. Сонымен бірге өмірдің қиын жағдайында қалған әйелдерді де қабылдап, құқықтық көмек көрсетеміз. Зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі моральдық тұрғыдағы мінеуден қорқып, құқық қорғау органдарына шағымданудан бас тартып жатады. Осыған байланысты әйелдер мен қыздар арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттырып зорлықзомбы — лықтың түрлері мен себепте — рін зерделеп , алдағы уақыт — та қылмыстық әрекеттерді болдырмау бағытында тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда жалпы ел бойынша «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты акция ұйымдастырылуда. Аталған іс-шараның мақсаты — тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу, осы бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы халықты хабардар ету, қоғамдағы отбасының рөлін нығайту мен құқықтық тәрбиені насихаттау. Акция аясында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сондай-ақ, зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін іс-қимыл алгоритмі жазылған ақпараттық парақшалар таратамыз, — деді аудандық полиция бөлімінің ӘЗЗҚТ тіркеу инспекторы полиция капитаны Жания Қожахметова.

Ол акция кезінде есепте тұрған тұлғалардың тұрғылықты мекенжайы бойынша тексерілетінін, психологиялық көмек көрсететін сенім телефондарының жұмыс істейтінін айтады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болған жандар 102 нөмірі арқылы полицияға және 150, 111 нөмірлі сенім телефондарына хабарласуы қажет екенін ескертті.

Бүгінде тұрмыстық жанжалға байланысты әкімшілік және Қылмыстық кодекске бірқатар өзгерістер енгізілді. Отбасылық жанжал кезінде ұрып-соғу деректері бойынша құқық бұзушы бұрын 10-15 тәулікке дейін қамалса, енді оларды 10-20 тәулікке қамайды. Жеңіл жарақат салғандарды қамауға алу мерзімі 15-25 тәулік болды. Қорғаныс нұсқамасын бұзғандарға қазіргідей ескерту берілмейді, бірден 10 тәулікке қамалады. Көбіне жәбірленушілер денсаулығына немесе өміріне қауіп төнген кезде ғана полицейлерге хабарласады. Бірақ көпшілігі арыз жазудан бас тартып жатады, — деді ол.

ОТБАСЫН ҚОЛДАУ ОРТАЛЫҒЫНА 25 АДАМ ЖҮГІНГЕН

Бүгінде елімізде зәбір көрген әйелдерді қолдауға бағытталған бірқатар шаралар қабылданған. Соның бірі — уақытша паналауға арналған орталықтар. Осындай орталық Қандыағаш қаласында 2022 жылы ашылды. Жастар ресурстық орталығы — ның жанынан ашылған Отбасын қолдау орталы — ғында заңгер, психолог және маман жұмыс жасап, өмірдің қиын жағдайына тап болған әйелдерге көмек көрсетеді.

Орталықта жалы саны 7 бөлме бар. Оның ішінде жиналыс залы, денсаулық кабинеті, ішкі іскер кабинеті, коворкинг кабинеті, 2 жатын бөлме, асханаға арналған бөлме бар. Өкінішке орай, орталықтың қажетті материалдық-техникалық базасы толық емес. Жалпы бұл арнайы орынның мақсаты — қолайсыз, өмірлік қиын жағдайда немесе оның туындау қаупі бар аймақта жүрген адамдарды (отбасыларды) анықтау және оларға әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-құқықтық қызметтер алуға жәрдем көрсету, — деді орталықтың заңгері Мейрамгүл Жұманбетова.

Оның айтуынша, орталыққа ашылған уақыттан бері жалпы саны 25 адам жүгінген. Оның үшеуіне психологиялық, 20-сына құқықтық кеңес, екеуіне әлеуметтік көмек көрсетілген.

Әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлықзомбылыққа білім деңгейінің және әлеуметтік жағдайдың төмен болуы себеп. Ал басты себептердің бірі – ішімдік. Соның салдарынан тұрақты зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдер мен балаларда эмоционалды, мінез-құлық проблемалары көбірек болады. Кеңес алушылардың деректері құпия түрде сақталады. Біз оған кепілдік береміз. Бүгінгі күні осы жағдайлардың алдын алу бойынша арнайы жоспар құрылып, тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Жаз айларында тұрмыстық қылмыстың алдын алу мақсатында аудандық полиция бөлімінде тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша есепте тұрған, яғни тұрмыстық салада құқыққа қайшы әрекеттер жасауға бейім, спирттік ішімдікке құмар адамдармен, қолайсыз отбасылармен тұрғылықты жері бойынша аудандық полиция өкілдерімен бірлескен рейд жұмыстары жүргізілді. Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен халыққа отбасылық қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың жолын кесу, балалардың құқықтары, эмоционалды күй мәселелері бойынша сенім телефондары туралы ақпараттық жадынамалар таратылды. Сонымен қатар қаланың халық көп шоғырланған жерлерінде аудандық Отбасын қолдау орталығының жұмысымен таныстыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында жадынамалар таратылып, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап тұрмыстық зорлықзомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін заңнамалық өзгерістер туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, — деді Мейрамгүл Қонысбайқызы.

КОМИСИЯ: МАҚСАТ – АЖЫРАСУДЫҢ АЛДЫН АЛУ

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары да араласып, мәселені шешуге өз үлестерін қосуда. Мұғалжар аудандық әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссиясы да аталған мәселені назардан тыс қалдырмай, жылдық жоспар құрып, қолайсыз отбасыларға барып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады.

Бүгінгі күні отбасындағы зорлық-зомбылық қоғам мен мемлекетті алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі. Әлеуметтік желі, телеарна , бұқара — лық ақпарат құралдарында да отбасында болып жатқан зорлық-зомбылықтар туралы ақпараттар белең алып отыр. Бұл — қоғам шындығы. Бүгінде ауданда зорлық-зомбылықтың алдын-алуға бағытталған бірнеше құрылымдар жұмыс жасайды. Олар — аналар кеңесі, қоғамдық кеңес, ақсақалдар кеңесі, билер кеңесі, медиаторлар, білім беру ұйымдарындағы әкелер, аналар клубтары, аудан әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия. Бұл қоғамдық ұйымдар — қолайсыз отбасылардың үйлерін аралап, психологиялық қолдау көрсетіп, заңды көмек береді. Отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу үшін тек қана құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдар ғана емес, үкіметтік емес ұйымдар да, қоғам да белсенді араласу керек. Себебі қоғам бей-жай қарамай, тәрбиені отбасынан бастау қажет деп ойлаймын. Біздің комиссия отырысына да, жеке қабылдауға келіп те, көмек сұрап жататындар көп. Комиссияның негізгі мақсаты — отбасы құндылықтарын дәріптеу, ажырасудың, зорлықзомбылықтың алдын-алу, болдырмау. Сол себепті комиссия мүшелері жәбірленушілерге қай жағынан да көмек беруге әзір, — деді Мұғалжар аудандық әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Ақзира Мейірбекова.

Оның берген дерегіне сүйенсек, отбасының шырқын бұзып, балағаттау дерегі бойынша 2021 жылы — 225, 2022 жылы — 165, 2023 жылдың 9 айында 173 құқық бұзушылық тіркелген.

ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ – ТЕК ҚОЛ КӨТЕРУ ЕМЕС

«Қазақ әйелдері басынан өтіп жатқан оқиға мен жүрегіндегі мұңды ашып айта бермейді. Мәселесін айтып, мамандарға да көп жүгінбейді. Мүмкін бұл қазақы тәрбиеден болар». Бұл – біз сөзге тартқан психолог маманның пікірі. Ембі аудандық ауруханасында психолог болып қызмет атқаратын Арайлым Құранбаева өзінің қабылдауына келіп, кеңес сұрайтын әйел адамдардың қарасы тым аз екенін жеткізді.

Біздің аумақ қалалық жер болғанымен шағын, қала тұрғындары бір-бірін танып жатады. Сол себепті әңгіме болып кетеді деп ойлай ма екен. Ашылып, әңгіме айтпайды. Бірақ бізде барлық жеке деректер құпия түрде сақталады. Осы жылы менің қабылдауыма бір әйел келді. Күйеуі мен енесі түрлі балағат сөздер айтып, төмендетіп, қолынан дым келмейтінін айтып, мазасын алады екен. Бұл келіншек кімге айтарын білмеген болар, маған келіп, ашылып әңгіме айтып, жылап, ішіндегі барлық жиналып қалған өкпе-реніштерін жеткізді. Бірақ к ү йеу і әлімжеттік жасап, ұрмайды екен . Қарап отыр — сақ, бұл жағдайды психологиялық зорлық- зомбылыққа жатқызуға болады. Бұл жағдай жалғаса беретін болса, адамның психикасы бұзылып, күйзеліске түсіп, өз-өзіне қол жұмсауға дейін алып баруы мүмкін. Ал тұрмыстық зорлықзомбылық күн сайын орын алып жатыр. Оны көріп те жүрміз. Күйеуі әйелін ұрып, балаларын қорқытып, шаңырақтың шырқын бұзып жүргендер жетерлік. Жақында осындай жағдайға тап болған бір әйел күйеуінен бөлек жалдамалы пәтерге шықты. Психологиялық қолдау көрсету үшін байланысымды әлі үзген жоқпын. Ақыл-кеңесімді айтып, сөзбен көмек беремін. Жалпы отбасындағы ата-ананың ұрысы мен керісі, дау-жанжал, ішімдік зардаптары бала психологиясына қатты әсер етеді. Үйде психикалық қысым көрген бала, өсе келе жиі тәртіп бұзатын, агрессор болып қалыптасады. Сол себепті ата-аналар бірінші кезекте баласының жағдайын ойлауы керек. Зорлық-зомбылықтың зардабын көп жағдайда әйел адамдар тартатыны жасырын емес. Жаны да, жүрегі де нәзік әйел адамға жылулық әрдайым керек. Қабылдауыма келген адамдарға барынша көмек көрсетуге тырысамын, — деді психолог.

Ол ауруханадағы әріптестерімен бірлесіп, тұрғындар мен есепте тұратын адамдарға отбасылық құндылықтарды нығайту, тұрмыстық зорлықтың алдын алу мақсатында бейнероликтер көрсетіп, психологиялық тренингтер өткізіп, іс-шаралар ұйымдастыратынын айтты. Сонымен бірге қолайсыз отбасылардың оның ішінде, өгей әкелер, уақытша бас бостандығынан айырылған азаматтардың үйлеріне барып, кездесу ұйымдастырып, профилактикалық әңгімелесу өткізіп, зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларын өткізетінін де жеткізді.

Әйелге қамқорлық, ер адамға сенім қажет. Сенім болған жерде барлығы жақсы болады. Жалпы адамдар үйдегі жанжалды бейбіт жолмен шешуге, саналы ата-ана болуға, ашу мен эмоцияға төтеп беруге үйренулері қажет. Отбасындағы әдемі үндестікті сақтау үшін бір-бірін түсінгені абзал, — деді ол.

ӘЛІМЖЕТТІК ПЕН ҚЫСЫМДЫ ЕР АДАМ ҒАНА КӨРСЕТПЕЙДІ

Қоғамда зорлық-зомбылықтың жиі орын алатынын заңгер, медиатор Гүлзия Иманбаева да растады. Оның құқықтық қабылдауына осы мәселе бойынша кеңес алуға келетін жандардың қатары көп екен. Дегенмен заң жүзінде жазалауға арызданбайды екен. Тұрмыстық зорлық-зомбылық болған жағдайда көп жағдайда екі жақтың келісім тарапымен жылы жабылатын кезде көп болған.

Зорлық — зомбылық оқиғалары соңғы уақытта кәмелеттік жасқа толмағандар арасында көптеп орын алуда. Менің қабылдауыма сондай о қиғалармен келгендер көп болды. Оларға заң тұрғысында кеңес бер-дім. Зорлық-зомбылық тек ер адамдар тарапынан жасалмайды. Әйел адамдардың да тарапынан жасалатын жағдайлар кездеседі. Менің қабылдауымда болған ер адамның әйелі күйеуі мен 30-дан асқан қызын құлша жұмсап, дұрыс тамақ та бермей, зорлық көрсеткен. Ол әйелмен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, мәселенің шешімін табуға көмектестік. Отбасында орын алатын жанжалға көп жағдайда тұрмыстың төмендігі әсер етеді. Бүгінде бір адамның басында бірнеше несие бар. Қымбатшылық қысып барады. Соны көтере алмаған ер адамдар ішімдікке тәуелді болып, барлық ашу-ызасын әйелден алып жатады. Кейбір ер адамдар құмар ойынға, есірткіге әуес болады. Сондай-ақ қызғаншақтық та әсер етеді. Оның салдары қандай болатынын қоғамда орын алып жатқан жағдайлардан көріп жүрміз. Біздің мақсатымыз – ажырастыру емес. Қолымыздан келгенше татуластырып, балаларының толыққанды өмір сүруіне жағдай жасау. Қоғамда қанша адам болса, сонша түрлі тағдыр бар. Бір-біріне ұқсамайды. Егер ана мен баланың өміріне қауіп төнетіндей жағдай болса, ажырасу ісін тездетеміз, — деді Гүлзия Мұхамбетқызы.

Ол өзінің қабылдауына ажырасамыз деп келіп, татуласып, жақсы өмір сүріп жатқандардың көп екенін жеткізді. Жалпы ерлізайыптылардың екі жаққа кетуіне әйелдің де, ер адамның да кінәсі болады екен.

ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР АРАСЫНДА СЫЙЛАСТЫҚ АЗ

«Бүгінде ажырасудың көбейіп, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алуы — отбасында берілген тәрбиенің олқылығынан». Бұл — Ембі қалалық аналар ұйымының төрайымы, ұзақ жыл ұстаздық еткен Нүрия Тәжіғаринаның айтқаны. Ол тәрбие берудің негізгі мәйегі — мейірім мен сүйіспеншілікте екенін айтады.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе!» деп қазақ бекер айтпаған. Сол себепті де отбасында балаға дұрыс тәлімтәрбие беру — оның ержеткен уақытында толыққанды, саналы азамат болып қалыптасуына үлкен септігін тигізеді. Барлық ата-ана баласын жаман болсын демейді. Дегенмен өздерінің жаман іс-әрекеттері арқылы баланың теріс жолға түсуіне себепші болады. Бала кімнен мейірім көрсе, сол адамды ерекше жақсы көреді. Өзі жақсы көрген кісіге еліктегіш келеді. Сол себепті де «ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деп айтқан ғой. Ал отбасындағы зорлық-зомбылыққа келетін болсақ, ер адамның тілін табу, жағдайын жасау, одан бір саты төмен тұру арқылы оның алдын алуға болады. Егер күйеуі күн сайын сабап, көзін көгертіп, қорлық көрсететін болса, ажырасқаны дұрыс деп есептеймін, — деді Нүрия Тәжіғарина.

ТҮЙІН

«Әйел – қырық жанды» деп жатамыз. Иә, әйел адамның мойнына артылар жүк тым ауыр. Оның жаратылысы нәзік, әлсіз болғанымен, ер адамдарға қарағанда әлдеқайда төзімдірек екені де шындық. Тұрмыстағы қиындық, жұқарған жүйке, бастан асқан несие сол шырақты бір-бірлеп сөндіретіні де сөзсіз. Бір нәрсе анық, әлемді әлдиімен тербеткен әйелдің шырағын маздата жағу есті ер адамның парызы. Ал тірегі бар нәзік жандының өмір тауқыметіне де мойымасы анық.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

COVID-19 КАРАНТИН ЖЕҢІЛДЕТІЛДІ

admin_mugalzhar

Қазақстанда газ қымбаттайды

admin_mugalzhar

Блок-бекетті айналып өткен Ойыл тұрғыны екі тәулікке қамауға алынды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.