«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

DARA BALA ДАНА БАЛА ҚЫЛА МА?..

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне баса назар аудару қажет. Бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керек. Әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажет. «Балалар үйірмесі» қызметін қайта қалпына келтірген жөн», — деп атап өткен еді. Осы орайда екі жыл бұрын Президенттің тапсырмасымен балаларға қосымша білім беру үшін мемлекеттік тапсырыс институты енгізілген болатын. Оны жүзеге асыру үшін қолға алынған мемлекеттік тапсырысты орналастыру платформалары арқылы қосымша білім беру жұмыстары Мұғалжар ауданында қалай жүргізілуде? Бұл туралы төменде тарқатамыз. Сонымен…

ЖАҢА ПЛАТФОРМА – ЖЕТІЛДІРІЛГЕН ЖҰМЫС

Ақтөбе облысында жекеменшік білім беру ұйымдарына шығармашылық, спорт және білім салалары бойынша мемлекеттік тапсырыс орналастыру бұған дейін Artsport (шығармашылық және спорт бағыттары бойынша) және Odoaktobe (білім бағыты бойынша) платформалары арқылы жүзеге асырылып келді. Ал биыл аталмыш платформалар жетілдіріліп, үш бағытта жұмыс істеуге бейімделіп, ортақ Darabala.kz платформасы енгізілді. Мақсат — қосымша білім саласына берілген мемлекеттік тапсырысты бір жүйеге келтіру, жолға қою.

Үш бағытта жұмыс жасайтын жаңа платформаның ерекшеліктеріне тоқталсақ, ең басты ерекшелігі — «1 бала – 1 үйірме» қағидаты сақталады. Сондай-ақ алаң мемлекет меншігінде және авторлық құқықпен қорғалған, тек ЖСН арқылы тіркелу мүмкіндігі беріліп, бос орындар мен кезектің ашықтығы қарастырылған. Қазіргі уақытта мемлекеттік деректер базасымен интеграциялау процесі жүріп жатыр. Жаңа платформада жұмыс істеп тұрған жеткізушілердің қызметіне сараптама автоматты түрде жүргізіледі.

600 МҰҒАЛЖАРЛЫҚ БАЛА ЖАҢА ПОРТАЛ АРҚЫЛЫ ҚОСЫМША БІЛІМ АЛУДА

Облыс бойынша биылғы жылдың ақпан айынан бастап Darabala.kz порталы арқылы білім бағыты бойынша 6000 бала қабылданды. Оның 2840-ы ақтөбелік оқушылар, қалғаны ауыл балалары. Ал шығармашылық бағытқа 8700, спорттық бағытқа 8500 мемлекеттік тапсырыс бөлінген.

Мұғалжар ауданында Darabala.kz порталы арқылы 2023 жылға 600 орынға конкурс жарияланып, мемлекеттік тапсырысты «Алмашева Л.Н.» ЖК-і, «Кемел» ЖШС-і және «Algur-M» ЖШС-і жеңіп алды. Атап айтсақ, гуманитарлық бағыт бойынша 300 бала, жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 100 бала, көркемдік-эстетикалық бағытқа, оның ішінде модельдеу, мүсін, керамикалық мүсіндеу бойынша 50 бала, шешендік тілге 50 бала, ал осы көркемдік-эстетикалық бағыттың тігу және макраме түрі бойынша 50 бала, ғылыми-техникалық бағытқа (робототехника) 50 бала қамтылып отыр. Жоғарыда аталған оқу үйірмелері бойынша облыстық бюджеттен 58 млн 77 мың теңге бөлінген.

Dara bala сайтындағы сандар да алақандағыдай ашық, кез келген адамға қарау мүмкіндігі бар. Біз де қарадық. Көргеніміз төмендегідей… Мәселен, білім саласына тоқталатын болсақ, бүгінгі таңда 300 орын бөлінген тіл курстарына толық 300 бала қамтылып, 11 бала кезекте тұр, математикалық курстар бойынша белгіленген 100 орынның 96- сы қамтылып, 11 бала өз кезегін күтуде. Ал робототехника бойынша 50 бала қамтылып, 1 бала кезекте тұр. Тігу, макраме курсы бойынша бөлінген 50 орынның 48-і бала санымен толықса, модельдеу, мүсін, керамикалық мүсін бойынша 50 бала қамтылып, 1 бала кезекте, шешендік өнер бойынша 50 бала қамтылып, 3 бала кезегін күтуде.

Ал спорттық секцияларға келер болсақ, баскетбол бойынша 39 бала, еркін күрес бойынша 23 бала, классикалық волейбол бойынша 51 бала қамтылып, 1 бала өз кезегін күтуде. Жеңіл атлетика бойынша 20 бала, үстел теннисінен 52 бала, дзюдодан 4 бала, мини-футболдан 15 бала және шахмат бойынша 59 бала қамтылып, 4 бала кезегін күтуде.

ЖЕКЕ ОРТАЛЫҚТАР ҚАТАРЫ КӨБЕЮДЕ

Мемлекеттік тапсырыс бойынша балаларды үйірмемен қамтып отырған жеке оқу орталықтарының бірі – аудан орталығындағы «Zerde» оқыту орталығы. 2015 жылдан бастап жұмыс жасайтын орталық басында тек ағылшын тілін оқытатын орталық болып ашылған. Ал қазіргі таңда барлық пәндер бойынша қосымша білім беруде.

Darabala.kz платформасы арқылы 2 жыл көлемінде жұмыс жасап келе жатырмыз. Қазіргі таңда 5 үйірме түрі бойынша 100 бала оқытудамыз. Олар — математика, ағылшын тілі, шешендік өнер, робототехника, мүсіндеу және керамикалық мүсіндеу. Қазіргі таңда орталықта 11 оқытушы жұмыс жасайды. Оқушылар сабақтан тыс уақытта үйірмелерге барса, дүниетанымы кеңейеді, шығармашылық қабілеті дами түседі, ортаға үйренеді. Қосымша білім беру арқылы оқушыларға кәсіби бағдар да беріледі. Бұл — мамандық таңдауда қателеспеуге көмектеседі деп ойлаймын, — дейді «Зерде» оқу орталығының басшысы Ләззат Алмашева.

Ал Қандыағаш қаласындағы «Алғыр» оқу орталығы биылғы сәуір айының аяғынан бастап аталмыш платформа арқылы жұмысын бастады. Бүгінде жалпы саны 102 бала осы оқу орталығына келіп, қосымша үйірмелерге қатысады.

Оның 50-і ағылшын тілі бойынша білімдерін жетілдіріп, 25 бала робототехниканың қырсырын меңгеріп, 7 бала тігін тігіп, 20 бала керамикадан мүсін жасап үйренуде. Балалардың жас ерекшелігі 6-16 жас аралығын қамтиды. Үйірмеде балаларды қызықтыру мақсатында, білімдерін одан әрі шыңдау үшін мотивация болсын деп үйірмелер арасында жиі-жиі байқаулар өткізіп отырамыз, — дейді орталық басшысы Меруерт Измагамбетова.

«Дара бала» бағдарламасының спорт саласына келер болсақ, Қандыағаш қаласында орналасқан «Қыран» спорт клубы да аталмыш бағдарлама аясында жұмыс жасауда.

Қазіргі таңда осында аталмыш платформа арқылы 76 бала қатысуда. Оның бесеуі қазақ күресінде, қалған 71 бала дзюдо үйірмесіне барады. Балалар шамалы уақыттың ішінде жақсы нәтиже көрсетуде. Бірқатар байқауларға да қатысып үлгерді. Алдағы уақытта чемпиондар тәрбиелеп шығарсақ деген үміттеміз, — дейді клуб жетекшісі Нұрсұлтан Иманғазин.

Әйгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Ералы Тоғжанов: Ақтөбе облысының экологиялық проблемаларын шешу – басты назарда

admin_mugalzhar

Аудандық мәслихаттың кезектен тыс отыз алтыншы сессиясын шақыру

admin_mugalzhar

Көктемгі тасқыннан орталық және жергілікті билік сабақ алу керек — Қ.Тоқаев

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.