Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Egemen.kz.сайтына сілтеме жасаған mugalzhar.kz
Сонымен қатар «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтарын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да назарға алынды.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов атап өткендей, заң жобалары Мәжіліс депутаттарының бастамасымен әзірленген. Заң жобалары Мемлекет басшысының тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейту жөніндегі тапсырмасына толығымен сәйкес келеді.
«Заң жобасында мынадай негізгі нормаларды ұсынып отырмыз: біріншіден, ұрып-соғуды және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді қолданыстағы әкімшілік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке ауыстыру және жазаны қатайту ұсынылады. Екіншіден, жәбірленушінің өтінішін күтпей-ақ, бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-платформалардағы зорлық-зомбылық туралы ақпарат негізінде сотқа арыз беруге мүмкіндік беру ұсынылып отыр», деді палатаның жалпы отырысында Асхат Аймағамбетов құжаттарды таныстыра отырып.
Сондай-ақ отбасында зорлық-зомбылық жасаған адамдардың агрессивті мінез-құлқын өзгерту үшін сотқа психологиялық көмек көрсетуді міндеттеу уәкілеттілігін беру ұсынылды.
«Педофилдерді өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы арнайы норма бар. Суицидті насихаттау немесе суицидке итермелеу үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу ескерілген. Бұған қоса, балаларға арналған интернаттық ұйымдарды алдын-ала ескертпей-ақ, кез келген уақытта оларды тексеру және тағы басқа маңызды нормалар ұсынылды. Аталған заң жобасы бойынша Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті қорытынды әзірлеуге дайын», деді Асхат Аймағамбетов.