Оқу-ағарту министрлігі балаларды кезекке қою және мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау қағидаларына өзгеріс енгізді. Бұдан былай әр балабақшаның кезегі жеке-жеке құрылады. Енді жалпықалалық кезектер болмайды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Енді әр балабақшаға кезек бөлек-бөлек құрылады. Жолдамалар Оқу-ағарту министрлігінің жүйесімен автоматты түрде беріледі. Сосын баланы қабылдау және келісімшарт жасасу процесін бақылайтын Индиго жүйесіне өткізіледі.
Балабақшаға қабылдау ережелеріне қандай өзгерістер енгізілді? Жаңартылған Индиго жүйесі бұдан былай қалай жұмыс істейді? Осы сауалдарды қарастырайық.
Бұдан былай балабақша кезегі қалай құрылады?
Ең басты өзгеріс – жалпы кезектіліктің жойылуы болып тұр. Егер бұрын кезектер балалардың туған жылдары бойынша жалпықалалық болса, енді кезектер әрбір мектепке дейінгі ұйымға бөлек-бөлек құрылады. Ал орындарды бөлу мен балабақшаларға жолдама беру кезінде бұдан былай басымдық және жалпы кезектегілер деген тетік болмайды.
—Енді балабақшаға баланы кезекке қою кезінде мектепке дейінгі ұйымды таңдау керек. Яғни, барынша ертерек. Бала туғаннан кейін оны бірден кезекке қою керек. Бұл ретте өтініш бергіңіз келетін балабақшаны бірден таңдайсыздар. Кейін баланың өскенін күтуіңіз керек. Кезегіңіз келген кезде балабақшаға қабылдау туралы электрондық хабарлама аласыз. Кезекке қою кезінде мектепке дейінгі 4 ұйымды таңдауға болады, — делінген хабарламада.
Индиго жүйесі балабақшаларды таңдау үшін ата-аналарға барынша толық ақпарат береді. Яғни балабақшалардың орналасқан жері, сол балабақша кезегіндегілердің нақты тізімі, орындардың босауы, берілген жолдамалардың хаттамаларына дейін барлығы қамтылады. Бұл балабақшаға қолжеткізу рәсімдерінің барынша ашықтығына кепілдік береді.
Бұл ретте ата-аналар сайттағы жеке кабинеттерінде телефон нөмірлерін көрсетуге тиіс. Себебі жолдамалар автоматты түрде телефонға жіберіледі.
Сол үшін жеке кабинеттегі телефон нөмірінің дұрыстығына көз жеткізіңіз. Тағы бір айта кететіні міндетті түрде телефонда ed24 мобильді қосымшасы орнатылуы керек. Қосымша арқылы ата-аналар кезектегі орны және жаңа балабақшалардың пайдалануға берілгені туралы хабардар болып отырады.
Балабақшаға жолдама қалай беріледі?
Балабақшаға қабылдаудың мынадай кезеңдері бар:
1. Кезекке қою туралы өтініш беру
2. Қабылданғаны жөнінде жолдаманы күту
3. Балабақшамен келісімшарт жасасу
Бір ғана өтініш беруге болады. Бірақ бұл өтініште 4 балабақшаны көрсетуге рұқсат етілген. Демек, баланы бір уақытта 4 кезекке, яғни, бірнеше балабақшаның кезегіне қоюға болады.
Баланың кезегі бірінші орынға жылжығанда жолдама автоматты түрде беріледі.
Егер балабақшаға кезек болмай, бос орындар бар болса, бәрібір кезекке қою туралы өтініш беру керек. Бала бірден кезектегі бірінші орынға түсіп, оған қабылданғаны туралы жолдама беріледі.
Сауалнамаларды толтырудың маңызы қандай?
Егер бұрын ата-аналар балабақшаны жолдама алған кезде таңдаса, енді балабақшаны кезекке қою кезінде бірден таңдау керек.
Және кезектерді жаңа Қағидалар бойынша бастау үшін бірыңғай кезектілік жүйесі ата-аналардың таңдаған балабақшалары туралы ақпаратты қажет етеді. Қазіргі кезектерде мұндай ақпарат жоқ.
Сондықтан пайдаланушылар жеке кабинетте сауалнамасы бар бөлімді тауып, тілдер мен балабақшалар туралы мәліметтерді көрсете отырып, оны толтыруы керек.
Жұмыс режимін ауыстырған кезде Индиго жүйесі:
1) кезекте тұрғандардың тізімін Бірыңғай кезекке сәйкес келтіреді
2) толтырылған сауалнамалар бойынша ақпарат береді.
Егер жүйені ауыстыру кезінде пайдаланушы сауалнаманы толтырмай, таңдаған балабақшалары туралы мәліметтерді көрсетпесе, оның өтініші кезектен алынып, тоқтату парағына шығарылады.
—Сауалнаманы уақтылы толтырыңыздар! Бұл процесс жыл сайын күзде кезекте тұру ниетін растау үшін жасалады. Бірақ кейбір пайдаланушы оған мән бермейді. Дәл қазір осы рәсімге қатысуыңыз өте маңызды, — делінген хабарламада.
Жеке кабинетке кіру деректерін бөтен адамдарға беруге тыйым салынады
Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде белгілі бір ережелер бар. Оның ішінде INDIGO ақпараттық жүйесінің жұмыс істеу ережелері. Ережелер порталда ашық түрде жарияланған. Ережеге сәйкес жеке кабинетке кіру деректерін бөтен адамдарға беруге тыйым салынады. Жеке кабинетті оның иесі ғана пайдалана алады. Балабақшаға жолдаманы баланың заңды өкілі (жеке кабинеттің иесі) ғана алуы мүмкін.
Ақпараттық жүйе бұзушылықтардың тұрақты мониторингін жүргізеді. Ол үшін техникалық құралдар қолданылады. Сонымен қоса уәкілетті органдармен бірлесіп рейд жүргізілетінін ескертеді.
—Сотта жеткілікті дәлел жиналғанда, жеке кабинеттер бұғатталады, балабақшалармен шарттар бұзылады. Бұзушылықтың қашан жасалғаны маңызды емес. Тергеу іс-шаралары мен дәлелдер базасы кештеу де қалыптасуы мүмкін. Қалыптасқаннан кейін балабақшамен жасалған шарт бірден бұзылады. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана интернет-порталдың жұмыс ережелерін оқымай-ақ, олармен келісе салады. Бұл ережелер негізделетін заңнама нормаларымен таныспайды. Алаяқтарға жолығып, оларға жеке кабинеттердің деректерін береді. Бұл ретте, жасап жатқан әрекеттерінің барлығы заңды деп ойлайды, — делінген хабарламада.
Заңдарды бұзған кезде жазаның бұлтартпайтындығын ұмытпау керек. Ол үшін ата-ананың өзі жауапты болады.
Қай қалалар жаңа жүйе бойынша жұмыс істей бастады?
Қарағанды облысының Шахтинск қаласы жаңа қағидаларды пайдалана бастаған елдегі бірінші қала болды. Қалада ата-аналардың қатысуынсыз кезектің тізімдеріне сәйкес жолдамалар бірден автоматты түрде беріле бастады.
Қалаларды балабақшаларға қабылдаудың жаңа қағидаларына ауыстыру процесі жалғасып жатыр. Қазір бұған Петропавл қаласы қосылды. Жуырда бұл жұмыс Қостанай қаласында басталады. Басқа қалалар бұл жүйеге 2024 жылдың басынан бастап қосыла бастайды. Бұл туралы қалалық Білім басқармаларынан білуге болады.