«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТОҒЫЗ КЕЛІН ТҮСІРГЕН МӘРИЯ ӘЖЕ

Сағалық Қалиевтер отбасының отанасы Мәрия Қалиева өмірге тоғыз ұл, бір қыз әкелген Батыр ана. Ол бүгінде ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырып, үлкен шаңырақтың ұйытқысына, тұтастай ауылдың абыройлы анасына айналып отыр.
Мәрия апаның отбасындағы бірлікке аса мән беретіні соншалық, тоғыз келінін де бірбіріне жақын қылу үшін қолында ұстап, өзі тәрбиелеп, білгенін үйретіп, бүгінде еншілерін беріп, бөлек шығарған. Осынша келінді өзінің жанына үйіре білетін анадан бұл даналықтың сырын сұрадық.


Ене мен келін арасындағы ауызбіршілік ененің де, келіннің де сана-сезіміне байланысты. Бір-біріне сабырмен қарап, келін шалыс басса, ене кешіру керек. Менің келіндерімнің о бастағы тәрбиесі осы болды. Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұр-майды. Бірақ, кешірімді болсаң еңбегің зая кетпейді. Менің келін тәрбиесіндегі ұстанымым осы. Өзімнің тоғыз келінім айтқан ақылымды тыңдайды, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіре алады, кішіпейіл. Тағы бір айтарым, олардың өз үйінде алған тәрбиесі де өте маңызды. Тәлім-тәрбие көрген қыз бала ата-енені де сыйлай алады. Отбасының тату болуы үшін енеден бұрын, балаң ақылды болуы керек. Балаң жақсы болса, келінің жақсы болады. Келін жақсы болса, бәрі жақсы болады, — деді ол.
Мәрия апаның бір уақыттары бірнеше келінді бір шаңырақ астына бірге ұстаған кездері де болған. Ал бүгінде өмірлік жолдасы Жылқыайдар екеуі кенже баласын қолына алып, келін жұмсап отырған жайы бар. Отбасылық кәсіпті дөңгелеткен балаларына көмектерін де беріп отырады. Тоғыз ұлы үйіне тоғыз тәрбиелі қызды жетектеп әкелген Мәрия апамыздың әр сөзі шүкіршілікке толы.


Бүгінде жолдасымыз екеуміз өзімізден тараған балалардан 31 немере, 13 шөбере көріп отырмыз. Құдайға шүкір, отағасы екеуміз сол немере-шөберені ортаға алып, мәз-мейрам болып отырамыз. Тоғыз келінімді бөліп, жармаймын. Олардың бәрі мен үшін бірдей. Келіндерім де мені жерге қаратпауға тырысады, айтқан сөзімді жерге тастамайды, бәрі де тәрбиелі, еңбекқор, ата-ене десе, желпілдеп тұратын ашық-жарқын келіншектер. Бүгінде немерелерімнің де алды үйленіп, тұрмысқа шығып, өрісіміз одан әрі жайылуда. Бүгінде 17 әулетпен құдандалы-жекжат болып отырмыз, — деді Мәрия апа.


Осылайша ата-ананың ақ батасын алған тоғыз ұл адал жолмен ас ішіп, бір-бір сауапты кәсіппен айналысып, түрлі салада елеулі еңбек етіп, қызмет жасайды.
Н.ТІЛЕП

Ұқсас ақпараттар

ЖАЙДАРМАН ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

admin_mugalzhar

Үкімет басшысы су тасқыны салдарын жойғаннан кейін коммуналдық және жеке меншіктегі гидротехникалық құрылыстарда жан-жақты тексерулер жүргізуді тапсырды

admin_mugalzhar

Министр Жұбанов университетінде дәріс оқыды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.