«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӘКЕМНІҢ ҚАЙЫС ҚАМШЫСЫ ТӨРІМДЕ ІЛУЛІ ТҰР

Балалық шағымның көп бөлігі қой ауылда өтті. Сол себепті де менің достарымның орнын маңыраған қозы, шұнаңдаған лақ, балпиған бұзау мен тапырақтаған бота басты. Күні бойы соларды қызықтап, өзімше әңгіме айтып, уақытымды қызықты өткізетінмін. Ал әкем таңның атысы, күннің батысы шаруашылықтан қолы босамайды. Қолы босай қалса, тері илеу мен қамшы өруді ермек етеді. Теріне әбден иі қанғанша илейді, оны тартып кептіреді, майлайды, сайлайды, соңында керемет қайыс дайындайды. Оны жіңішкелеп қиып алған соң түрлі өрімді үйлестіріп, қамшы дайындайды. Бала болсам да осы әрекеті көз алдымда сол күйі сақталып қалыпты.

Бүгінде ойлап отырсам, өзі қойшы болған соң әкемнің ең сенімді серігі астындағы аты мен қолындағы қамшысы болған екен ғой. Әсіресе қамшының қасиетіне аса мән беретін. Үнемі: «Қамшы тек атқа мінгенде ғана емес, жол жүргенде, түнде далада қонғанда қажет болады. Жыртқыш аң кездессе қаруыңа айналады», — деп айтып отыратын. Бірде мені өзімен аң аулауға, яғни, қасқырдың күшігін аулауға алып шықты. Жасым шамамен он бірде болу керек. Құм арасында қасқырды торып жүргенде ымырт түйілді. Әкем далада қонатынымызды айтты. Анамның дайындап берген тағамдарын жеп, жатудың қамын жасады. Жерге өзінің сырт киімін жайып, ерді жастық етті. Бір уақытта қолындағы қайыс қамшысымен біз жататын жерді шеңбер етіп қоршап шықты. Әкемнің әрекетіне аң-таң болған мен: «Ақке, неге бұлай жасап жатсыз?» — деп сұрадым. Сонда әкем: «Балам, қамшының қасиеті көп. Ессіз далада осылай қонуға тура келгенде қамшымен жан-жағыңды осылай сызып жатсаң, жын-шайтан, құрт-құмырсқа жоламайды. Енді алаңдамай ұйықтай бер», — деді.

Ертеңіне ұйқымыздан тұрып, қасқырдың күшіктері жатқан інді іздеп таптық. Сол жерден оннан астам көзін әлі ашпаған күшіктерді қапқа салып жатқанымыз сол еді, інге қарай бір қасқыр беттеп келеді екен. Тірі қасқырды бірінші рет көруім. Зәрем зәр түбіне жетті. Ал әкем болса, саспай қолындағы дойыр қамшысымен салып қалып еді, әлгі қасқыр ұшып түсіп, қыңсылап, қылжиды да қалды.

Осы оқиғаны көргеннен кейін бала болсам да әкемнің қамшыны неге қадір тұтып, қасиетті санайтынын ұққандай болдым. Әкем қамшының түр-түрін жасады. Үйде қамшыдан көп нәрсе болмайтын. Үйге келген қонақтар бұйымтайлап көпшілігін алып кетті. Бүгінде әкемнің өз қолымен жасаған бір түйір қамшысы ғана қалды. Мен де оны қастерлеп, әкемнің көзіндей етіп, отбасылық жәдігер ретінде төріме іліп қойдым. Қамшының қасиетін, атасының өсиетін ұлым Абатқа үнемі айтып отырамын. Ертең ұлым да осы атадан қалған қамшыны өз балаларына мұра етіп қалдырса екен деймін. Ондағы мақсат — бүгінде ұмыт болып бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, балаларым тарихымызды біліп жүрсін дегенім.

Ізбасқан ЖҰМАҒАЗЫ, Қандыағаш қаласы

Ұқсас ақпараттар

ӘЗІЛІМІЗ ПРАНКСЫЗ ЖАРАСПАЙТЫН БОЛҒАНЫ МА?

admin_mugalzhar

Алғашқы қар еліміздің қай аймақтарында жауады

admin_mugalzhar

РАНТ МҮШЕСІ АУДАНДА БОЛДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.