«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Қазақстанда әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстар үшін жазаны қатаңдататын заң қабылданды

Мемлекет басшысы елімізде әйелдер мен балаларға қарсы қылмыстар үшін жазаны қатаңдататын заңға қол қойды, деп хабарлайды Zakon.kz. сайтына сілтеме жасаған mugalzhar.kz.

Заңның мақсаты – әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша мемлекеттік саясаттың құқықтық, экономикалық, әлеуметтік және басқа да негіздерін жетілдіру.

Әйелдер мен балаларға қатысты кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдататын, сондай-ақ отбасы институтын, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін нығайтатын нормалар енгізілді:

Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру және ұрып-соғу қылмыстық құқық бұзушылық ретінде танылды. Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа және ауыр зиян келтіруге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды;

Неке және отбасы, әке болу, ана мен бала институтын нығайтуға негізделген неке және отбасы заңнамасының жаңа қағидаттары, сондай-ақ жалпыадамзаттық, ұлттық, дәстүрлі, мәдени, отбасылық құндылықтарды құрметтеу негізінде балалардың адамгершілік, рухани тәрбиесін қамтамасыз ету қағидаты қарастырылған;

Отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі байланыс орталығы қызметінің құқықтық негіздері жасалды. Оның рөлін ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға атқарады. Бұл ретте мемлекеттік органдар отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзара әрекет етіп қана қоймай, байланыс орталығына азаматтардың өтініштерін қарау нәтижесінде қабылданған шаралар туралы ақпарат беругеміндетті болады;

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін отбасын қолдау орталықтарын құруға және олардың жұмысына қатысты мәселелер заңнамалық тұрғыдан бекітілді;

Өзін-өзі өлтіруге итермелегені және ықпал еткені, сондай-ақ өзін-өзі өлтірудінасихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді;

16 жасқа толмаған адамдарға сексуалдық сипатта тиіскені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді. Кәмелетке толмағандарды ұрлағаны және заңсыз бас бостандығынан айырғаны үшін жаза айтарлықтай қатаңдатылды;

Кәмелетке толмағандарды жәбірлегені (буллинг, кибербуллинг) үшін әкімшілік жауапкершілік алғаш рет енгізілді;

Білім беру ұйымдары кәмелетке толмағандар жасаған немесе оларға қатысты жасалған заңға қайшы әрекеттер туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға міндетті;

16 жасқа дейінгі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жол ақысын төлемегені үшін оларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп түсіруге тыйым салынды.

Жалпы, заңда 15 заңнамалық актіге, оның ішінде жеті кодекске және сегіз заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделеді.

Заңның күтілетін нәтижелері: әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейту, балаларды жыныстық зорлық-зомбылықтан қорғауды күшейту, өз-өзіне қол жұмсау және жыныстық зорлық-зомбылық жағдайларын азайту, қиын өмірлік жағдайлардағы отбасылар үшін жағдайды жақсарту, арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын жақсарту, неке және отбасы институтын нығайту.

Айта кетейік, заң жобасын сенат депутаттары 11 сәуірде екі оқылымнан қабылдаған.

Ұқсас ақпараттар

Футбол: Бүгін Еуропа біріншілігі басталады

admin_mugalzhar

«Болашақ» бағдарламасы бойынша құжат қабылдау 4 мамырда басталады

admin_mugalzhar

БІРЛІКТЕ ТӨРТ КӨШЕ ЖӨНДЕЛУДЕ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.