«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТАСҚЫН-2024: КЕЛТІРІЛГЕН ЗАРДАП, КӨРСЕТІЛГЕН КӨМЕК, ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛГЕН КӨПІР

НАУРЫЗ АЙЫНЫҢ АЯҒЫНДА БАСТАЛҒАН СУ ТАСҚЫНЫ ӘЛІ ТОЛАСТАМАЙ, ЕЛІМІЗДЕГІ БІРҚАТАР ӨҢІРЛЕРДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫН ӘБІГЕРГЕ САЛУДА. САРАПШЫЛАР БҰЛ ТАСҚЫНДЫ «СОҢҒЫ 80 ЖЫЛДА ОРЫН АЛҒАН ЕҢ ІРІ ТАБИҒИ АПАТ» ДЕП АТАДЫ. ЕЛ БОЙЫНША ОН ОБЛЫСТА ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАНЫП, КҮН САЙЫН ҮЙ-КҮЙСІЗ, ДАЛАДА ҚАЛҒАНДАРДЫҢ ҚАТАРЫ АРТУДЫ. РЕСМИ ДЕРЕКТЕРГЕ СҮЙЕНСЕК, СУ ТАСҚЫНЫ БАСТАЛҒАЛЫ БЕРІ 113 693 АДАМ, ОНЫҢ ІШІНДЕ 39 922 БАЛА ҚҰТҚАРЫЛЫП, ЭВАКУАЦИЯЛАНҒАН. УАҚЫТША ОРНАЛАСУ ПУНКТЕРІНЕ 6 814 АДАМ, ОНЫҢ ІШІНДЕ 2 995 БАЛА ОРНАЛАСТЫРЫЛҒАН. 613 АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖАНУАРЛАРЫ ҚАУІПСІЗ ЖЕРГЕ АЙДАЛҒАН. БҮГІНГІ КҮНІ 13 543 АДАМ ӨЗ ҮЙЛЕРІНЕ ОРАЛДЫ. 7 014 АДАМ, ОНЫҢ ІШІНДЕ 3 144 БАЛА — ЭВАКУАЦИЯЛАУ ПУНКТТЕРІНДЕ.

АЛ 16 СӘУІРДЕГІ ЖАҒДАЙ БОЙЫНША АҚМОЛА, АҚТӨБЕ, ҚОСТАНАЙ, АТЫРАУ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТАРЫНДА 3 570 ТҰРҒЫН ҮЙ МЕН 2 195 АУЛА АУМАҒЫНАН СУ БҰРЫЛДЫ. 5 708 ЖЕКЕ ТҰРҒЫН ҮЙ, 1 609 АУЛА АУМАҒЫ СУ АСТЫНДА ҚАЛУДА. 9,7 МЛН-НАН АСТАМ ТЕКШЕ МЕТР ЕРІГЕН ҚАР СУЫ СОРЫЛЫП, 2,4 МЛН ҚАПШЫҚ ЖӘНЕ 1,2 МЛН ТОННА ИНЕРТТІ МАТЕРИАЛ ТӨСЕЛГЕН. ЗАРДАП ШЕККЕН ӨҢІРЛЕРГЕ 1 445 ТОННА ГУМАНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ЖЕТКІЗІЛГЕН.

ЕНДІ АУДАН АУМАҒЫНДАҒЫ ЖАҒДАЙҒА АУЫССАҚ. ТАСҚЫН СУ ЖЕМ МЕН ЕЛЕК ӨЗЕНДЕРІН ЖАҒАЛАЙ ЖАЙҒАСҚАН ЖҰРТТЫ БІРАЗ ӘУРЕГЕ САЛЫП, БІРҚАТАРЫНЫҢ ҮЙ-ЖАЙЛАРЫН ЖАРАМСЫЗ ЕТТІ. АУЫЛАРАЛЫҚ КӨПІРЛЕР МЕН ЖОЛДАРДЫ ШАЙЫП ӨТІП, ЖОЛ ҚАТЫНАСЫ ҚИЫНДАДЫ. АУДАН ӘКІМІ ДАРХАН ЕРМАҒАНБЕТОВ 28 НАУРЫЗ КҮНІ ЖЕРГІЛІКТІ АУҚЫМДАҒЫ ТАБИҒИ СИПАТТАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЖАРИЯЛАДЫ. ЖАРИЯЛАҒАН ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ НЕГІЗІНДЕ ТАСҚЫННАН КЕЛГЕН ЗАРДАПТАРДЫ ЖОЮ, ЖАҢАДАН ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРУ БОЙЫНША ҰЙЫМДАСТЫРЫЛЫП ЖАТҚАН ІС-ШАРАЛАР ЖӨНІНДЕ КЕҢІНЕН АЙТАМЫЗ. СОНЫМЕН…

63 ТҰРҒЫНҒА 396 200 ТЕҢГЕ КӨЛЕМІНДЕ ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМ АУДАРЫЛДЫ

Аудан әкімдігінің берген ресми дерегіне сүйенсек, аудан бойынша көктемгі су тасқынынан 63 үй, 14 шаруашылық және кәсіпкерлік нысан зардап шеккен. Аудан әкімінің орынбасарлары Әкімжан Есенаманов пен Бекболат Құлмағамбетов бастаған аудандық комиссия өкілдері Ембі қаласында, Басшилі, Сағашилі, Жағабұлақ, Шеңгелши, Бірлік, Қаракөл ауылдарына барып, зардап шеккен үй иелерімен және жеке кәсіпкерлермен кездесіп, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, шығын көлемін анықтап, өздері тарапынан тексеру актісін жасауда. «Астана АрхСтройПроект» ЖШС-нің мамандары техникалық сараптама жүргізіп, бүгінде толығымен аяқтап, сараптама қорытындысын шығаруда. Ал келтірілген шығынды бағалау жұмыстарын «Центр экономических иследовании и прогнозов Реформа тех.обследование» және «Астана Строй Проект» ЖШС-нің мамандары жүргізуде.

Аудандық бюджеттен су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға, оның ішінде 63 тұрғынға өмірдің қиын жағдайына тап болуына байланысты 396 200 теңгеден жалпы көлемі 24 960 600 теңге көлемінде әлеуметтік төлем аударылған. Сонымен бірге ауылшаруашылығы саласынан арнайы жұмысшы тобы құрылып, елді мекендерді аралап, мал шығындары бойынша анықтап, актілеу жұмыстары да жасалуда.

ЗАРДАП ШЕККЕН ОТБАСЫЛАР БАСПАНАМЕН ҚАМТЫЛАДЫ

Аудан әкімі Дархан Ермағанбетов және аудандық комиссияның мүшелері көктемгі су тасқыны кезінде үйлері жарамсыз болып қалған Жағабұлақ, Шенгелши ауылындағы отбасылармен кездесті. Кездесу барысында аудан басшысы Дархан Жанысханұлы тасқын судан зардап шеккен отбасыларға баспанамен қамтудың барлық тәсілдері мен мүмкіндіктері қарастырылатынын жеткізіп, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Сондай-ақ аудандық комиссия мүшелері Бірлік ауылы мен Ембі қаласында да болып, су тасқыны кезінде үйлері жарамсыз болып қалған отбасыларға да барды.

ЕМБІ: ЖҰМЫСТАР ЖОСПАР БОЙЫНША ЖАСАЛАДЫ

Ембі қаласында су тасқыны кезінде жалпы саны бес үй зардап шеккен еді. Бүгінде бұл үй иелеріне 396 200 теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік төлемақылары толығымен аударылған. Бұл туралы Ембі қаласы әкімінің орынбасары Иманбай Қосмұханбетов айтты. Оның сөзінше, қала аумағында тасқынның салдарынан әлеуметтік нысандар бүлінбеген. Тасқын кезінде Ембі қаласының тұрғындарын қызыл судан құтқару үшін «Ембі-Алтынды» тас жолы бірнеше жерден қолдан жырылған болатын. Бүгінде аталған жол уақытша қалпына келтіріліп, қатынас жолға қойылды. Көліктер еркін жүруде. Қала тұрғындарын «қызыл судың» құрсауынан құтқаруға «AltynEx company», «Техник», «КазГеоруд», «Ембі жылу», мекемелерінің арнайы техникалары мен жұмысшылары және қаланың белсенді тұрғындары жұмылдырылған.

Жайылған су қаланың шығыс бетінде орналасқан «Абай», «Желтоқсан», «Есет батыр», «Спортивная» көшелерін де шайып кеткен еді. Қала әкімі Райымбек Мұсағали жоғарыда аталған көшелерге осы жылы суағар салу үшін бюджеттен қаржы сұрап отырғанын жеткізді.

Тасқынның екпіні Ембі қаласына кіретін жолдағы көпірді де істен шығарды. Себебі көпір тіреуіштерінің көп бөлігін мұзды сел құлатып, су шайып кетті. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жол уақытша жабылған еді. Аудан басшысы аталған жолдың жабылуына байланысты жол қозғалысын «ҚазақОйл-Ақтөбе» кен орны арқылы қамтамасыз етті. Бүгінде тұрғындар аталған кәсіпорнына баратын жолмен Кеңкияқ арқылы айналып қатынауда. Қалаға көлемді азық-түлік тауарлары теміржол арқылы жеткізілуде.

Бұзылған көпірді қалыпқа келтіру үшін «Қазавтожол» ұлттық компаниясы АҚ-ның Ақтөбе облыстық филиалының мамандары Ембіге арнайы келді. Олар апатты жағдайда тұрған көпірдің жағдайын қарады. Аудан әкімі Дархан Ермағанбетов көпірге тиісті сараптама жүргізілгеннен кейін толық жөндеу жұмыстары басталатынын мәлімдеді.

БАТПАҚКӨЛ: 23 ҮЙ ЖАРАСЫЗ ДЕП ТАНЫЛДЫ

Арнасынан асқан Жем өзені Батпақкөл ауылдық округінің орталығы Жағабұлақ ауылының да тұрғындарын әбігерге салды. Түн ортасында ауылға басып кірген қызыл су жағаға жақын орналасқан көше тұрғындарына қауіп төндірді. Сол күні оқиға орнына аудан орталығынан төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары барып, тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарын жүргізді. Жағабұлақ ауылының жалпы саны 145 тұрғыны «СНПСАқтөбемұнайгаз» мекемесінің жатақханасы мен Саға ауылындағы мейрамханаға орналастырылды.

Округ әкімі Мейрамбек Боқашев Батпақкөл ауылдық округі бойынша жалпы саны 51 үйдің ауласына су кіргенін мәлімдеді. Оның ішінде біреуі монша, екіншісі азық-түлік дүкені. Қалғандары тұрғын үйлер.

Жағабұлақ ауылында 43 үйге су толық кіріп, оның ішінде 23 үйді толығымен жарамсыз етті. Үйлері жарамсыз деп танылған тұрғындарға біржолғы әлеуметтік төлем толығымен аударылды. Арнайы комиссия тексеру жұмыстарын аяқтады. Енді қорытындысын күтіп отырмыз. Жақында аудан әкімі ауылға арнайы келіп, жарамсыз болып қалған үй иелерімен кездесіп, мемлекет тарапынан көмектің көрсетілетінін айтты. Оларға үй салынып беріледі не болмаса сатылып алынады. Округ бойынша ешқандай әлеуметтік нысандар тасқыннан зардап шеккен жоқ. Жаркемер ауылының тұсында облыстық маңызы бар жолдағы «Ащы» өзенінің бойындағы көпірді су шайған болатын. Бүгінде ол көпір қайта қалпына келтірілді, — деді ол.

Оның сөзінше округте су тасқыны кезінде шаруа қожалықтарының малдары жоғалып кеткен. Алдын-ала болжам бойынша сумен бірге ағып кетуі мүмкін.

Тасқыннан кейін екі малдың өлексесі табылды. Ал 3 шаруа қожалығының 10 бас жылқысы мен 20 бас ірі қара малының ізі жоқ. Бүгінде мал иелерінен өтініштер алынып, хаттамалары жасақталды. Біз оларды ауылшаруашылық бөліміне жібердік. Енді жауабын күтеміз, — деді Мейрамбек Боқашев.

ЖАРКЕМЕР АУЫЛЫНЫҢ ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛДІ

Көктемгі су тасқыны кезінде Жем өзенінің деңгейі көтеріліп кетуі салдарынан Жаркемер ауылының электр бағаналарын су шайып кеткен еді. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Мұғалжар аудандық электр желіс мекемесі мен «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы тарапынан істен шыққан электр бағаналарына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Істен шыққан құрылғылары жаңартылып, жарық іске қосылды.

Айта кетейік, бұған дейін қиын сәтте «СНПС Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның қолдауымен Жаркемер ауылына 100 киловаттық жылжымалы электр стансасы жеткізілген еді. «Қазақойл-Ақтөбе» ЖШС-нің мамандары негізгі электр стансасы қалыпқа келгенше Жаркемер ауылының тұрғындарына жылжымалы стансасы арқылы уақытша электр желісін қосып берді.

БІРЛІК: 9 ТҰРҒЫН ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛДЫ

Арнасынан асқан Жем өзені Құмжарған ауылдық округінің орталығы Бірлік ауылына да басып кірген еді. Өзен жағасында орналасқан Ғ.Аязбаев көшесіндегі 14 үйге су кірген. Округ әкімі Қанағат Қалиев бүгінде ауылдың ахуалы қалыпты екенін айтты. Бүгінде үйлері жарамсыз деп танылған 9 отбасыға біржолғы әлеуметтік көмек берілген. Ал қалған тұрғын үйлердің құжаттары комиссия мүшелеріне қайта қаралуға ұсынылған еді.Газет беттеліп жатқанда аудан әкімі хабарласып, тағы да төрт үйге комиссия шешімімен әлеуметтік төлем берілетінін айтты.

Су тасқынынан ауылда орналасқан ешқандай әлеуметтік нысан зардап шекпеді. Бірлік ауылы азаматтарының көмегімен салынған өткелді су шайып кетті. Суға кеткен үйлерді комиссия мүшелері қарап, сарапшылар анықтап, бағалау жұмыстарын жүргізуде. Тасқын кезінде құлаған бағаналар мен үзілген сымдарды Мұғалжар аудандық электр желісі мекемесінің қызметкерлері қалыпқа келтіріп, жарық жүйесін іске қосты, — деді округ әкімі.

Аудан орталығынан Бірлікке қарай тікелей жол қатынасы әзірге қиындық туғызып отыр. Дегенмен бүгінде аудан әкімінің ұйымдастыруымен аталған ауыл тұрғындарын Ембі қаласына «СНПС Ақтөбемұнайгаз» мекемесінің вахталық жолаушылар пойызы тегін тасымалдауда. Сонымен бірге жүргізілген келісімдердің арқасында «СНПС Ақтөбемұнайгаз» мекемесінің вахталық автобусы «Бірлік-Ембі» аралығында жолаушыларға тегін қызмет көрсетуде.

АҚКЕМЕР: АУЫЛАРАЛЫҚ ЖОЛДАР ТОЛЫҒЫМЕН ЖАСАЛАДЫ

Тасқын кезінде Ақкемер ауылдық округі бойынша жалпы саны екі үйге су кірді. Округ әкімі Дамир Қожаниязов аталған үйлерге күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілетінін жеткізді.

«Ақкемер-Көтібар батыр» ауылы, «Көтібар батырКөктөбе» ауылдары бағытындағы 3 көпір шайылып кетті. «Ақкемер–Көтібар батыр» бағытындағы көпір қалыпқа келтірілді. Бүгінде «Көтібар–Көктөбе» бағытындағы жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Тасқын су көпірлердің суағар бетондарын бұзып кетуіне байланысты, ауданға сұраныс хат жолданды. Ал Ақкемер ауылында Елек өзенінің бойымен өтетін электр бағаналары құлап, сымдар үзілді. Елек өзенінің жоғарғы бетіндегі су сорғы станциясының электр желісі сөндірілген болатын. Қазіргі уақытта қайта қалпына келтіріліп, жұмыстар жасалуда, — деді ауыл әкімі.

Тасқын салдарынан жапа шеккен ауыл тұрғындарының төрт түлігін түгендеу мақсатында аудандық комиссия құрылып, арыздары қабылданған. Бүгінде тұрғындар комиссия шешімін күтуде.

САҒАШИЛІ: КӨПІРЛЕР ҚАЛЫПҚА КЕЛТІРІЛЕДІ

Еңбек ауылдық округі бойынша 1 тұрғын үй мен 2 кәсіпкерлік нысанды су басты. Округ әкімі Аманбай Каюпов тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың шығынын есептеу мақсатында арнайы құрылған комиссия өкілдері ауылға келіп, тексеріп кеткенін жеткізді. Бүгінде тұрғындарға біржолғы әлеуметтік көмектің берілгенін айтты.

Округ аумағындағы Басшилі және Темір-Көпір ауылдарындағы, кіреберіс жолдағы көпірлерді су шайып кеткені белгілі. Бүгінде бұл көпірлердің барлығы ауыл тұрғындарының көмегімен қалыпқа келтіріліп, уақытша пайдалануға берілді. Көпірге қосымша бетон жабындысы қойылып, топырақ араласқан қиыршық тас төселді. Сонымен бірге ауылдың қысқы жолдарын күтіп ұстауға жауапты мердігер мекеменің арнайы техникалары мен жұмысшылары да көмекке келді. Ауданда енгізілген төтенше жағдайға байланысты ауыл аумағындағы бұл көпірлер жаңғыртылып, қайта салынатын болады. Алдағы уақытта бұл көпірлерге бюджеттен қаржы бөліну үшін жобалық-сметалық құжаттар жасақталуды, — деді ол.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ӘЛІ ДЕ ЖАЛҒАСУДА

Жүрегіне мейірім түйген мұғалжарлықтар су тасқыны кезінде шет қалмай, тасқынан зардап шеккен ауылдарға гуманитарлық көмекті лек-легімен жіберді. Белсенді жастар мен еріктілер тобы азық-түлік, киімкешек, тұрмыстық қажетті заттар жинап, барынша көмек қолын ұсынды. Осындай қайырымдылық шаралары әлі де жалғасын табуда. Айталық, «Шапағат» ауруханасының бас дәрігері Аманжол Адаевтың «Имандылық» жекеменшік қорына аудан аумағындағы мекемелер көмек үшін қаржы аударуда. Осы уақытқа дейін аталған қорға 4 266 685 теңге көлемінде қаржы келіп түскен. Қаржылай көмек көрсеткендердің қатарында аудандық «Мансап» орталығы, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімі, Мұғалжар аудандық газ шаруашылығы, т.б. мекемелер бар. Сонымен бірге жеке адамдар да өз үлестерін қосуда. Жиналған қаражаттың барлығы мақсатты түрде қайырымдылыққа жұмсалатын болады.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ, Әсел АБДАНБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

Қазақстан Президенті ұмра қажылығын өтеді

admin_mugalzhar

20 күнде 27 мың көлік тіркелді

admin_mugalzhar

МАМАНДЫҒЫ МАҚТАНЫШЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.