«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БЕЙНЕБАҚЫЛАУ: ҚАУІПСІЗ ҚАЛА, АЛАҢСЫЗ ТҰРҒЫН

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЕЛІМІЗДІҢ ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ЖҮЙЕСІНЕ ТҮБЕГЕЙЛІ РЕФОРМА ЖАСАУ ЖӘНЕ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІН ЖАҢА ҮЛГІДЕ ЖҮРГІЗУ ҚАЖЕТТІГІН АЙТЫП, «ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН ПОЛИЦИЯ» ҚАҒИДАСЫН ҰСЫНЫП, НАҚТЫ ТАПСЫРМА БЕРГЕН ЕДІ. БҮГІНДЕ ЕЛ БОЙЫНША «ҚАУІПСІЗ ҚАЛА» ЖОБАСЫ ЖАСАҚТАЛЫП, КӨШЕЛЕРДІ ҚАУІПСІЗДЕНДІРУ МАҚСАТЫНДА БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫН ОРНАТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ. АЛ АУДАНДА ҚАУІПСІЗДІКТІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МАҚСАТЫНДА ҚАНДАЙ ЖҰМЫСТАР АТҚАРЫЛУДА? ТҰРҒЫНДАР ӨЗДЕРІН ҚАУІПСІЗ СЕЗІНЕ МЕ? БҰЛ ТУРАЛЫ ТӨМЕНДЕ ТОЛЫҒЫРАҚ ТАРҚАТАМЫЗ.

Жоспар: 100 адамға — 15 бейнекамера

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде әрбір 100 адамға 15 бейнебақылау камерасын орнату көзделуде. Себебі бұл – қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен құқықбұзушылықтың алдын алудың маңызды тетігі. Бүгінде ел аумағында 1 млн 274 мың бейнекамера орнатылған. Әзірге 100 тұрғынға 6 құрылғыдан келеді екен. Өткен жылы бейнебақылау құрылғыларының көмегімен 8,5 мыңнан астам қылмыстық, 500 мыңға жуық әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. Автоматтандырылған тіркеу жүйесі арқылы 4,6 млн жол ережесін бұзу оқиғасы тіркеліп, 52 млрд теңгеге айыппұл салынған.

Ал өткен жылы Ақтөбе облысында 2500-ге жуық қоғамдық бақылау камерасы орнатылған. Қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтарды, жол-көлік оқиғаларын, сондай-ақ жол апаттары салдарынан азаматтардың жарақаттануы мен қаза болуының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органың қолдауымен Ақтөбе қаласының көшелері мен облыстың 11 елді мекенінде қылмыс пен құқық бұзушылықтарды тіркеуге арналған бейнекамералар пайдалануға берілген.

Облыстық полиция департаментінің мамандарының айтуынша, орнатылған бейне камералардың арқасында өткен жылдың қорытындысы бойынша жол қозғалысы ережелерін бұзу саны 12%-ға төмендеген. Олар жүргізушілердің тәртібінің жақсаруына жолдағы бейнекамералар, оның ішінде «Сергек» камераларының санының артуы ықпал еткенін мәлімдеді.

«Қауіпсіз қала» — қаладағы қауіпсіздікті орнату үшін технологиялық шешімдерді қамтамасыз етуге арналған жоба және біріктірілген бейнетіркеу жүйесі. Деректерді өңдеу жүйесі әртүрлі жағдайда тиімді жұмыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуден басқа, жоба қаланың тыныс-тіршілігіне анализ жүргізуді автоматтандыруға, сондай-ақ соның негізінде шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Қала көшелерінде 30 бейнекамера орнатылған

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған жобаның жүзеге асу деңгейін білу мақсатында аудандық полиция бөліміне арнайы барып, қала қауіпсіздігіне жауапты мамандармен тілдестік. Сондай-ақ бейнебақылау жүйесі жедел басқару орталығының және кезекші бөлімнің жұмысымен танысып, тәртіп сақшыларының қала қауіпсіздігін сақтаудағы бірегей көмекшісіне айналған бейнекамераларды біз де бақыладық. Қала көшелеріне орнатылған бейнекамералар қаланың қайнаған тыныс-тіршілігін алақандағыдай көрсетіп тұр. Бақылау бөлмесіндегі саптай тізілген мониторлардың бірінен жолдағы жүйткіген көлік нөпірін, екіншісінен базар маңындағы сабылған халықты, үшіншісінен мектеп маңын анық көруге болады. Тіпті көлік ішіндегі жүргізушілердің қауіпсіздік белдігін тағып-тақпағанына дейін айқын көрінеді. Сонымен бірге камераны жақындату арқылы адамның бет-жүзін тануға мүмкіндік бар.

Қандыағаш қаласындағы саябақтар мен көшелерге, адамдардың көп шоғырланатын орындарына, облыс орталығынан келетін, қаламен шектесетін өзге ауылдарға шығатын және республикалық автожолдарға жалпы саны 30 бейнекамера қойылған. Бұл туралы аудандық полиция бөлімі, ақпараттандыру және байланыс тобының аға инспекторы, полиция майоры Райхан Махамбетова айтты.

Бұл біздің қаламыздағы өмірді жақсартуға, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам деп білемін. Бұл камералар жол қозғалысы ережелерін сақтаудың алдын алып, құқық бұзушылықты болдырмайды. Қазіргі таңда қаламызда 30 жерге бейнекамера орнатылды. Барлығы да жұмыс жасап тұр. Қаладағы барша көлік ағыны мен күдікті тұлғалардың қозғалысын бақылау мына жедел басқару орталығы арқылы жүзеге асырылады. Жедел басқару орталығының қызметкерлері түрлі жағдайда шұғыл әрекетке дайын. Бейнекамералар көп жағдайда адамдар көп шоғырланатын жерлерге, көлік көп жүретін көшелерге, әлеуметтік нысандардың маңына, қаладан кіріп-шығатын жолдарға қойылды. Айталық, «Тәуелсіздік» және «Жеңіс» даңғылдарына, негізгі көшелердің бойында, орталық базар мен сауда орындарының, мектептер мен балабақшалардың, ауруханалар мен емханалардың маңында бар, — деді полиция майоры Райхан Махамбетова.

Оның сөзінше, бұл камералар орын алған қылмысты ашуға, қоғамдық орында тәртіп бұзған адамның түр-тұлғасын анықтау арқылы жеке деректерін нақтылауға мүмкін береді. Тіпті осы бейнекамералардың арқасында бірнеше қылмыстың беті ашылған. Сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда, қоғамдық орындар мен көшелерде құқықбұзушылық, ұрлық жасау деректері едәуір азайған.

Бұрын қаламызда ұрлық жасау, бір-бірін ұрып кету секілді түрлі құқықбұзушылық оқиғалары көптеп тіркелетін. Соңғы жылдары азайды деп айта аламын. Бүгінде тұрғындар өздерін бейнекамералар бақылап тұрғанын, тәртіп бұзса, жауапкершілікке тартылатынын біледі. Сол себепті аяқтарын аңдап басуға тырысады. Көшеде тұрып түкіру, белгіленбеген жерде шемішке шағу мен шылым шегу, жол ережесін бұзу, қоғамдық орындардағы заттарға зиян келтіру секілді тәртіп бұзушылықтар камераның арқасында тасада қалмайды. Бұл деректер жедел басқару орталығында тіркеліп, тәртіп бұзған адам анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Күн сайын 20-ға жуық ұсақ құқықбұзушылық анықталады, — деді ол.

Оның сөзінше, бейнебақылау камералары Қандыағаш қаласына 2021 жылдан бастап қойыла бастаған. Бұлардың саны жыл санап артып келеді. Жедел басқару орталығының мамандары алдағы уақытта тұрғын үйлердің аулаларын, қалған көшелерді осындай бақылау құрыл-ғыларымен қамту көзделіп отырғандығын мәлімдеді. Бейнекамерадағы жазбалар үш ай көлемінде сақталады екен. Ал қажет болған жағдайда қалыпқа келтіріп, тексеріс жұмыстарын жүргізуге де мүмкіндік бар.

Мобильді қосымша – жедел көмекке мүмкіндік

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы күзде орталық базар маңына «SOS POLICIA» деген жазуы бар құрылғы қойылды. Бұл туралы сол кезде хабарлап, жазған болатынбыз. Тағы да айтып кетсек артық болмас. Бұл дабыл түймесін басу арқылы сіз өзіңізге төнген қауіп туралы немесе қандай да бір заң бұзушылыққа куә болсаңыз, тез арада аудандық полиция бөліміне хабарлай аласыз. «SOS POLICIA» деп аталатын дабыл түймесі — полицейлердің азаматтардың хабарламаларына жылдам кері байланыс жасап, жедел жауап беруіне мүмкіндік береді. Аға инспектор Райхан Махамбетова осы уақытқа дейін аталған дабыл түймесін ешкімнің баспағанын айтады.

Бүгінгі таңда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында халықты полициямен байланыстыру және құқықбұзушылықтың жолын кесу немесе қылмысты «ізін суытпай» ашу үшін «102» мобильді қосымшасы да іске қосылды. «102» мобильді қосымшасы оқиға орнынан қысқа хабарлама, сондай-ақ фото мен видео жіберуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бейне қоңыраулар жасауға болады. Бұл ретте қоңырау шалушының орналасқан жері анықталады, ал операторлар не болып жатқанын көре алады және дереу тиісті ден қою шараларын қабылдай алады. Қосымша арқылы сыбайлас жемқорлық, полиция қызметкері тарапынан бопсалау фактісіне тап болған жағдайда ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік қызметіне де жүгінуге болады. Қосымшаны кез келген адам өз смартфонына жүктеп ала алады. Содан соң тіркеліп, өзіне қатысты мәліметтерді енгізеді, — деді аға инспектор.

Осы уақытқа дейін аталған қосымша арқылы 2 тұрғыннан жол ережесін бұзуға байланысты хабарлама түсіп, тиісті шаралар қабылданып, заң бұзушылық бойынша хаттамалар толтырылған.

Тұрғындар не дейді?

Асем Абданбаева, қала тұрғыны:

Қала көшелерінде бейнекамералардың барын білемін. Бейнекамераларды көшеге көптеп орналастырған дұрыс деп есептеймін. Себебі адамның, оның ішінде балалардың қауіпсіздігі бірінші орында болуы қажет. Бүгінде көше толған ит-мысық, одан қалды ішкен адамдар да жүреді. Балалардың өміріне қауіп төнген жағдайда бейнебақылауға жауапты адамдар дер кезінде әрекетке көшіп, көмек шақыруы керек. Қала көшелерінде бейнебақылау камералардың санын көбейтсе, қылмыскерлер мен бұзақылар аяқтарын тартып жүрері сөзсіз. Ұрлық та болмайтын еді.

Берекет Сапарғалиев, қала тұрғыны:

Осыдан бір жыл бұрын көлігімен келе жатып, басып озуға тыйым салынған жолақты басып өттім. Себебі асығыс едім. Осы әрекетім бейнебақылау камерасына түсіп қалып, жауапкершілікке тартылдым. Айыппұл төлеп қана қоймай, алты ай көлемінде көлік жүргізуге тыйым салынып, жүргізушілік куәлігімнен айырып тастады. Бүгінде куәлігімді қайта алдым. Бұл оқиға маған үлкен сабақ болды. Шамам жеткенше, жол ережесін бұзбауға, тәртіп сақтауға тырысамын. Бүгінде айыппұлдардың да бағасы аспандап барады. Тәртіп бұзсаң, қалтаңа айтарлықтай салмақ түседі. Бұл шаралардың барлығы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасалып жатқаны анық.

Әсемгүл Мырзатаев, қала тұрғыны:

Қала көшелерінде бейнабақылаудың бар екеніне аса мән бермейді екенмін. Жалпы олар жұмыс жасай ма? Адамдардың қауіпсіздігі үшін камералардың көп болғаны жақсы деп есептеймін. Интернет желілерінен балаларға жасалған қатыгездікті көріп, шошып қалатынымыз рас. Тұрғындар бейнебақылаудың барын біліп жүрсе ұрлық жасамай, тәртіп бұзбай, аяғын тартып жүрер еді. Қазіргі таңда адамнан адам қорқатын заман болды емес пе?! Балаларымыздың қауіпсіздігі үшін алаңдаймыз. Бұл камералар тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жұмыс жасаса, алдағы уақытта көп нәрсенің шешімі табылар еді деп ойлаймын.

БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫ АУДАН БОЙЫНША ӘЗІРШЕ ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА ҒАНА ОРНАТЫЛҒАН. МАМАНДАР АЛДАҒЫ УАҚЫТТА 12 МЫҢҒА ЖУЫҚ ТҰРҒЫНЫ БАР ЕМБІ ҚАЛАСЫНА ДА ОРНАТУДЫҢ ЖОСПАРЛАНҒАНЫН ЖЕТКІЗДІ. ОЛ ЕНДІ УАҚЫТ ЕНШІСІНДЕ…

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

35,6 тысяч рабочих мест создадут в этом году в рамках ДКЗ

admin_mugalzhar

Қазақстан Халық партиясы Мәжіліске өткен депутаттарының кандидатурасын бекітті

admin_mugalzhar

Коронавирустан тез айығудың жолы анықталды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.