Өркениетті елдерде ешкімді ұлтына, нәсіліне, дініне қарап кемсітуге жол берілмейді. Қазақстан да Тәуелсіздік алғаннан бері осы ұстанымнан айныған емес. Дархан даласындай пейілі кең қазақ елі түрлі ұлт өкілдерін қиын заманда құшағына алды, бауырына басты. Бірлік пен жарасымды тірлікті ту еткен ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы бүгінде өзге жұртты сүйсінтіп келеді. Тіпті елімізде соңғы кездері қазақша сөйлейтін этнос өкілдерінің де саны артқан. Сондай жандардың қатарында қазақ тілін туған тіліндей меңгерген, ұлты орыс болса да, жаны қазақ — Ирина Полевода.
—Балалық шағым, саналы ғұмырым осы Жұрын ауылында өтуде. Меніңата-әжелерім, әкем мен анам осы жақтың тумалары болғандықтан, мен бұл ауылды еш жатсынбаймын. «Ауылым – алтын бесігім» деген сөз бекер айтылмаса керек. Сол себепті мен үшін оттай ыстық мекен. Менің арнайы оқу оқып, белгілі бір мамандық иесі деген дипломым жоқ. Себебі отбасылық жағдайға байланысты 1995 жергілікті мектепті бітіре салысымен күнкөрістің қамымен жұмыс жасадым. Солай еңбек етіп жүріп, тұрмысқа шықтым. Қазіргі таңда ауылдағы А.Жұбанов атындағы ЖББОМ-де еден жуушы болып жұмыс жасап жүргеніме 10 жыл болыпты, — дейді Ирина Викторовна.
«Жұмыстың еш жаманы жоқ» деп санайтын ол бала кезден атаанасының еңбекке баулып өсіргесін жұмысының еш ауырлығы жоқ екенін жеткізді.
—Жұмыстан бос уақытымды да қызықты өткізуге тырысамын. Тігінтігемін, қолөнермен айналысамын. Соңғы кездегі түрлі хит қолданыстағы қолдан шыққан тойбастарлармен айналысқан ұнайды. Қазіргі таңда интернеттің дамыған заманы, сол әлемді шарлап, үнемі ізденіс үстінде отырамын. Соның арқасында тапсырыстар да түсіп жатыр. Тағы бір сүйікті ісім — ауламдағы бау-бақша. Гүл өсіріп, тал отырғызып, бау-бақшамды безендіргенді ұнатамын, — дейді өзі.
Кейіпкеріміз қазақ отбасының келіні, қазақазаматыныңжұбайы. Екеуі бір мектепте еңбек етеді, ауызбіршілікті, сыйластықты бірінші орынға қоятын олардың отасқандарына 27 жыл болыпты. Бүгінгі таңда екі баланың ата-анасы, тұңғышытұрмыста, екіжиеннің әжесі мен атасы, ал екінші баласы қалада құрылыс саласында жұмыс жасайды.
—Жұмыста да, өмірде де қазақтармен көп араласамын. Ол заңды да. Бала кезден қазақ тілінде сөйлеп, ойлап өстім. Қазақ отбасына келдім, балаларым қазақ. Осы өміріме дейін ешқандай түсінбестік, шеттету, біреуді ұлтына қарап кемсіту дегенді көрген емеспін. Қазақ халқы өте мейірімді, қайырымды халық. Қандай ұлт өкілін де құрметтеп сыйлайды. Менің ұлтым орыс болғанымен, жүрегім әрқашан қазақ деп соғады. Қазақстан – біздің ортақ үйіміз, ортақ Отанымыз. Қазақтың даласы да, баласы да өзге ұлт өкілдерін жатсынбайды. Бауырына басып, бір нанды бөлісіп жеп, саялы мекендеріне паналатты. Қазақтың салт-дәстүрін жақсы білеміз. Беташар, той, құдайы тамақ кезінде бәріміз бір атаның баласындай араласамыз. Қуанышымызды бөлісіп, мерекелерде бас қосып, бір-бірімізді құттықтауды да ұмытпаймыз. Әсіресе, Наурыз мерекесінде ұлттық тағамдарды пісіріп, үйде наурыз көже дайындап, дастархан жайып, көршілерді дәм татуға үйге шақырамыз. Осылай ауызбіршілікте өмір сүріп жатырмыз, — дейді кейіпкеріміз Ирина Полевода.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ