«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МУЗЕЙ: МӘДЕНИ МҰРА, ҚҰНДЫ ЖӘДІГЕР, ТАСҚА БАСЫЛҒАН ТАРИХ

18 МАМЫР — ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МУЗЕЙ КҮНІ. АТАЛҒАН МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА АУДАН ТАРИХЫН САҚТАП, КЕЛЕШЕК ҰРПАҚҚА ЖАЛҒАСТЫРЫП ОТЫРҒАН МУЗЕЙЛЕР ТУРАЛЫ ЖАЗҒАНДЫ ЖӨН КӨРДІК. БҮГІНГІ ТАҢДА АУДАН АУМАҒЫНДА ЕКІ МУЗЕЙ ЖҰМЫС ЖАСАЙДЫ. ОЛАР — АУДАНДЫҚ ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІ МЕН АҒАЙЫНДЫ ЖҰБАНОВТАР МУЗЕЙІ. БҰЛ МУЗЕЙЛЕР КӨНЕДЕН ҚАЛҒАН ЕСКЕРТКІШТЕР МЕН ЖӘДІГЕРЛЕРДІ МҰҚИЯТ САҚТАП ҚАНА ҚОЙМАЙ, ҰРПАҚ САБАҚТАСТЫҒЫН ҮЗБЕЙ, ӨТКЕН КҮН МЕН БҮГІННІҢ АЛТЫН КӨПІРІНЕ АЙНАЛЫП ОТЫР.

АУДАНДЫҚ МУЗЕЙДЕ 5000-НАН АСТАМ ЖӘДІГЕР БАР

Аудан орталығындағы тарихи өлкетану музейі 2000 жылы «Мәдениетті қолдау жылы» аясында ашылған. Алғаш музей директоры қызметін Жайшылық Мақашева атқарған. Ал бүгінде аталған музейге Шамшат Әбдірзақов басшылық етеді. Бүгінгі таңда музей қорында 5000-нан астам экспонат бар. Музей ғимаратының екінші қабатында орналасқан алты залдың бірі — «Табиғат» залы. Бұл жерде аудан табиғатына қанық боласыз. Ал этнография залында қазақ халқының және өзге ұлт өкілдерінің тұрмыс-тіршілігі бейнелейтін экспонаттар сақталған. Үшіншісі «Даңқ» залы деп аталады. Бұл жерде елді қорғау жолында ерлік көрсеткен батырлардың жәдігерлері сақталған. «Гоелогия» және «Аудан тынысы» деп аталатын төртінші залдан аудан аумағында өндірілетін қазба-байлықтар туралы, ауданның дамуына үлкен үлес қосқан жандар туралы деректер табуға болады. Бесінші және алтыншы залдар «Мәдениет майталмандарына» арналған.

Музей жұмысы үлкен ізденіс пен зерттеуді қажет етеді. Музей қызметкерлері әрбір экспонатты жинақтап, оларға мұқият қарап, зерттеп, оның тарихын ашу үшін еңбектенеді. Қазіргі уақытта жәдігерлерді цифрландыру жұмысы жүргізілуде. Музей қорындағы ең құнды жәдігерлер — 19 ғасырдың ортасында жасалған сүйекпен қапталған домбыра мен шәй сандық. Екі ғасырлық тарихы бар домбыра мен шәйсандықты жергілікті композитор, күйші Жаңаберген Әлбетов тапсырды. Бұл бұйымдар оның бабасынан қалған құнды жәдігерлер. Ұлы Отан соғысына қатысқан сарбаздардың жауынгерлік киімдері, хаттары сақтаулы. Сонымен бірге ауданнан шыққан, елімізге белгілі тұлғалардың құжаттары да бар, — деді музей директоры Шамшат Әбдірзақов.

Жыл сайын музей қызметкерлері аудан аумағында орналасқан тарихи-мәдени мәні бар ескерткіштерге экспедиция жасайды. Экспедиция барысында ауыл қарияларынан мәдени құндылықтар туралы мәліметтер жинақтап, ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізеді.

Бүгінде музейге қызығушылық танытатын жастар жетерлік. Осындай жастарға, яғни, ғылыми жұмыс жазушыларға музей қызметкерлері бағыт-бағдар беріп, ізденіс мәліметтерін жинақтауға көмек көрсетеді. Алдағы мақсатымыз — музей жұмысын жандандыра отырып, келушілер санын көбейту, жұмыстың сапалы жасалуын қамтамасыз етіп, жастарды мәдени қызметке қызығушылықтарын ояту. «Жас архиолог», «Жас экскурсовод» үйірмелерін ұйымдастыру ойымызда бар. Ол енді болашақтың еншісінде, — деді Шамшат Әміржанұлы.

АУДАНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ МУЗЕЙ

Ембі қаласында орналасқан Ағайынды Жұбановтар музейі ауданда алғаш ашылған мәдени орын. Музей директоры Ұлболсын Мұханбетова аталған музейдің ашылуына Мұғаджар аудандық партия комитетінің 1- ші хатшысы Қуандық Әлішевтің қосқан үлесі зор екенін айтты.

Қуандық Әлішев Алматыға арнайы барып, Ғазиза Жұбановамен кездесіп, алғашқы экспонаттарды алып келген.

Ол өзінің «Мазасыз тірлік мұратым» атты кітабында: «Академик А.Жұбановтың музейі өздігінен ашыла салған жоқ. Жалпы арамыздан біз өткен өмірден бір белгі қалсыншы деп, құжаттарды құнттап, жинап жүрген адам суырылып шыға қоймады. Бәрін басынан бастау керек болды. Музейге қажетті экспонаттарды әкелу үшін Алматы қаласына Ғазиза апамызға арнайы барып, Ахаңның домбырасын, дирижерлік фрагін және сирек кездесетін суреттерін әкелдім», — деп жазды. Міне, елін сүйген жанашыр жанның арқасында музейге алғашқы жәдігерлер осылай жинақталды. Сөйтіп, 1983 жылы 15 ақпанда Есет батыр көшесіндегі 17-ші үйде орналасқан екі қабатты кәсіптік-техникалық училищенің жатақанасының жанынан 64 шаршы метрді алатын шағын музей өмірге келді. Экспозиция жұмыстарын сол кезде Алматы қаласынан көркемсурет училищесін тәмамдап келген Ақырап Жұбановтың шәкірті Есет Исмайлов, Бақытжан Қожабергенов, Әли Құлмұратов, Бекболат Бертілеуов, Бауыржан Әбіловтер жүргізген, — деді Ұлболсын Мұханбетова.

1999 жылы музейге «Ағайынды Жұбановтар мемориалдық музейі» статусы берілген. Ал 2008 жылы Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойы өтіп, құнды жәдігерлер жаңа ғимаратқа көшірілген.

Музей директоры бүгінде музей қорында 3048 дана жәдігердің барын жеткізді. Жинақталған жәдігерлер — ағайынды Жұбановтардың және олардың ұрпақтарының жазған еңбектері, фото суреттері, тұтынған заттары. Ал Құдайберген Жұбановқа байланысты құжаттар мен фото суреттердің бірқатары көшірмелер. Себебі ғалым 1937 жылы «халық жауы» деп ұсталып кеткенде барлық ғылыми қолжазбалары мен еңбектері, киген киімдеріне дейін НКВД алып кетіп, кейін жойып жіберген. Тіпті ғалым ұсталғаннан кейін жары Раушан да алты баламен тұрған үйінен қуылып, тұрмыстық заттарына дейін тәркіленген.

Арада 20 жыл өткеннен кейін 1957 жылы ғалымның есімі ақталған. Сол сәттен бастап, ғалымның еңбектері жарық көре бастады. Өз кезінде баспадан шыққан ғылыми қолжазбалары, архивтерден табылған құжаттар мен бірен-сараң фото суреттері ғана сақталған. Музейге жәдігер жинақтау өте қиын. Себебі ағайынды Жұбановтар туған елінен ертеректе кеткен. Тарихты білетіндер тым аз деуге болады. Сонда да қолымыздағы әрбір құжат, фото суреттер және заттай жәдігерлер өте құнды, — деді музей директоры.

Музей қорындағы ең құнды жәдігерлер қатарын ғұламалардың анасы Бибішынардың тұтынған таспиығы мен білезігі бастайды екен. Сонымен бірге олардың ішінде 1935 жылғы қазақ филармониясының афишасы, Қ.Жұбановтың 1936 жылы жарық көрген латын тілінде жазылған «Қазақ тілінің грамматикасы» ғылыми еңбегі, А.Жұбановтың 1950 жылдары баспадан жарық көрген «Қысқаша нота сауаты» кітапшасы және қолтаңбасы қойылған еңбектері, өзі киген концерттік фрагі, тұтынған заттары, 1989 жылы Қ.Жұбановтың 90 жылдығына орай шығарылған афишасы, 1937 жылы жасалған бөрік, шекпен бар.

Музей қызметкерлері Мұғалжардың ғана емес, барша қазақ елінің мақтанышына айналған тарихи тұлғалары — ағайынды Құдайберген, Ахмет Жұбановтар мен ұрпақтарының зерделі еңбектерін насихаттау мақсатында жүйелі жұмыстар атқаруда. Олар Алматы қаласында «Ахмет, Ғазиза Жұбановтардың ғылыми орталығы» пәтер-музейінде, Шымкент қаласында «Саяси қуғын-сүргін» және тарихиөлкетану музейінде, Қызылорда қаласындағы «Нартай Бекжановтың өнер музейінде», Ақтөбе тарихи-өлкетану және «Әлия» музейлерімен қатар, облыстағы аудан музейлеріне барып, жылжымалы көрмелер ұйымдастырып, түрлі мәдени шаралар өткізуде.

Өткен жылы «Жұбанов көктемі» мерекесіне орай, Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музей-қорығына іссапармен барып, «Елімнің мақтанышы Жұбановтар» атты жылжымалы көрме ұйымдастырып, «Абайтанудағы Жұбановтар еңбектерінің ерекшелігі» атты шарасын өткізіп келдік. Осындай рухани құндылықтарға толы шаралар біздің дамуымызға үлкен әсерін береді. Өзге музейлерден алған тәжірибемізді пайдаланып, музей ісіне жаратудамыз, — деді ол.

Сонымен бірге музей қызметкерлері тарихи деректерді іздеу, зерделеу жұмыстарын да жоспарлы түрде жүргізеді. Ұлболсын Мұханбетова ел аузында Шоқай жыршы атанған шын есімі Құсайын Қарағұлұлы жайлы деректерді іздестіру жұмысы жүргізілгенін мәлімдеді. Жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде жыршылық өнерді пір тұтқан Шоқай ата Батыс, Жетісу, Арқа, Сырдың мақамымен, сонымен ішінде қисса-дастандардан «Қарасай-Қази», «ҚызЖібек», «Сегіз-сері», «Қыз Мақпалдың» және халық композиторлары Ақан-Серінің, Мәдидің, Ғайнидің, Абайдың әндерімен қатар Асан Қайғыдан бастап, Майқы бидің, Сүйінбай Аронұлының, Балқы-Базардың, Кердері-Әбубәкірдің, Нұрымның, Абылдың, Махамбеттің термелерін халық арасында шебер насихаттағаны анықталған. Сонымен бірге Шоқай ата бір айтқанын қайталамай, таң асырып жырлағаны туралы мәліметтер де табылған. Өкінішке орай, тірі кезінде таспаға жазылмай қалған.

Сонымен қатар туған өлкемізде дүниеге келіп, халықтың игілігі үшін еңбек еткен тұлғалардың бірегейі ҚР халық ағарту ісінің үздігі Абдолла Беркінов жайлы да зертеу жүргізілді. Абай атамыздың: «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деген сөзі Абдолла атамызға айтылғандай. Білім нәрін алған шәкіртері ел мақтанышына айналған ағайынды Жұбановтар, тұңғыш қазақ архитекторы, КСРО академиясының мү-шесі Төлеу Бәсенов, қоғам қайраткері, ғалым Сақтаған Байішов, Социалистік Еңбек Ері, Қазақ ССР-нің түсті металлургия өнеркәсібін өркендетушілердің бірі Нәби Жақсыбаев, Кеңес Одағының батыры Мәл-кеджар Бөкенбаев, жазушы- драматург Жиенғали Тілепбергеновтердің өмір деректері зерттелді. Зертеу нәтижесінде А.Беркіновтің сонау 1928 жылдары «Қонжар» балалар үйінде тәрбиеленушілермен түскен фото суреттері, қолтаңбасы бар құжаттары, «Ға-лия» медресесін тәмамдағаны туралы және ағартушылық салада алған Құрмет грамоталары мен фото суреттерінің кө-шірмелері қорға қосылды. Биылғы ғылыми зертеу жұмыстарының бірі 1989 жылы ғалым Құдайберген Жұбановтың 90 жылдығы туған жері Орқашта тойланып, мәдениет үйінде ақындар айтысы өткізілген. Алайда осы айтысқа байланысты толық деректер осы уақытқа дейін болмады. «Айтысқа кімдер қатысты? Қандай сөз, әуені қозғалды?» деген сұрақтармен зертеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде, айтысқа Ырғыз, Көкшетау, Шалқар, Арал, Қызылорда, Ақтөбе қалаларынан айтыскерлер шақырылғаны, әуелі Орқашта, кейін Ақтөбе қаласында жалғасқаны белгілі болды. Айтыста жұптасқан ақындар Ө.Әбдірзақов, Б.Жаппасбаевалар жүлделі орын алғандары туралы деректер айқындалды, — деді ол.

Ұлболсын Мұханбетова өзі басқарып отырған музейде алдағы уақытта атқаратын жұмыстардың көп екенін айтып, бүгінде ізденімпаз маманның аз екенін тілге тиек етті.

Ағайынды Жұбановтардың көрген тауқыметін, киелі еңбектерін, жеткен жетістіктері мен саналы ұрпағының жемісін, бүгінгі жастар ұлағаттаса деймін. Жоғарыда айттым, музей жұмысының қызығы да, шыжығы да жетерлік. Ал оның жақсысын асырып, зерделеп жинақтауға жақсы маман керек, бүгінгі күні музейге мамандар айлықтың аздығынан және жұмыстың қиындығын көріп келгісі келмейді. Музейге білімді де, білікті, жан-жақты маман қажет-ақ, — деп қынжылды музей директоры.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫНА АЙНАЛҒАН ҚАЛА

admin_mugalzhar

Қазақстан мектептерінде арнайы дайындық жүргізіледі — ІІМ

admin_mugalzhar

«Ақтөбе халқы Қостанаймен бірге!»

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.