«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

СҮЛЕЙМЕННІҢ ҚИЯРЫ СҰРАНЫСҚА ИЕ

ЖЫЛДЫҢ АЛТЫ АЙЫ ҚЫС, СУЫҚ БОЛАТЫН, АУА РАЙЫ ҚАТАҢДАУ АҚТӨБЕ ӨҢІРІ ҮШІН ЖЫЛЫЖАЙ ТАПТЫРМАС КӘСІП. ӨЙТКЕНІ, КӨКӨНІСТІҢ КӨП БӨЛІГІ ОБЛЫСҚА ЕЛІМІЗДІҢ ОҢТҮСТІГІНЕН ЖЕТКІЗІЛЕДІ. ОНЫҢ ҚИЫНДЫҒЫ ДА АЗ ЕМЕС. ЖАНАРМАЙ ҚҰНЫ ЖОҒАРЫЛАҒАН КЕЗДЕРІ ТАУАР БАҒАСЫ ДА АСПАНДАП КЕТЕДІ. ОСЫ ОРАЙДА ТЫҒЫРЫҚТАН ШЫҒУДЫҢ БІРДЕН-БІР ЖОЛЫ — ҚЫСЫ-ЖАЗЫ ӨНІМ БЕРЕТІН ЖЫЛЫЖАЙЛАР САНЫН КӨБЕЙТУ ЕКЕНДІГІ АЙТПАСА ДА ТҮСІНІКТІ. БІЗДІҢ БҮГІНГІ КЕЙІПКЕРІМІЗ СҮЛЕЙМЕН ЖАҢАБАЕВ ТА ОСЫ ОЙМЕН ТОЛЫҚ КЕЛІСЕДІ.

Нәсібін қолға алған кәсібінен теруге бел байлаған басшилік Сүлеймен Сапарбайұлының негізгі мамандығы – маркетинг-техник. Еңбек ауылдық округінде салынған жылыжай жұмысын бастағанына аз уақыт болса да, кәсіпкер азамат отбасымен бірге іс басында тынбай еңбек етуде.

Жылыжай салуыма Ақтөбе облысының ауа райы себеп болды десем де болады. Себебі бізде жазғы күндердің, жалпы жылы күндердің қысқалығына байланысты далалыққа егін ексең өнімді аз аласың, бір-екі тергеннен кейін күзде салқын ерте түседі. Көп ұзамай үсік шалып бастайды. Осыған байланысты ертерек жылыжайға егіп, жылыжайдан көшет қылып әкеліп ексең, сол кезде өнімді кішкене ертерек жинап алуға болады, — дейді бағбан.

-Мамандығымыз да бұл саладан емес. Алғашында қиындау болғаны жасырын емес. Бұрынсоңды жылыжай салып көрмесем де, далалыққа бау-бақша өнімдерін егіп жүрмін. Бірақ, адам баласы бір істі бар ынтасымен қолға алса, оның түбіне жетпей қоймайды екен. Осы істі бастағанымызға аз уақыт болса да, еткен еңбектің жемісі мен жеңісінен дәм тататын күн жақындай түскендей.

Сүлеймен Сапарбайұлы Өзбекстан елінен Басшилі ауылына 2004 жылы көшіп келген. Тарихи отанға оралғаннан кейін ата кәсіптен ажырамай, сиыр, қой секілді ірілі-ұсақты шағын мал бағады. Кейін далалыққа қарбыз-қауын егуді бастайды. Ал өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5 пайызбен 4 млн 600 мың теңге несие алып, одан кейін мемлекеттен 1 млн 280 мың теңге қайтарымсыз грантқа да ие болады.

2023 жылдың қараша айында бастамамызды қолға алып, грант, несие секілді шаруаларды бірыңғайлап, 2024 жылдың наурыз айында жылыжаймен айналыстық. Басында 2 млн теңге далаға ұшты десем де болады. Бұл бірінші бастамам болғасын, қателіктер де жібердік. Бірде қажетті материал жетпей қалса, бірде ауа райы бұзылып, ойлағаныңдай күн болмай қалады. Аяқ астынан жаңбыр жауып кетеді немесе қар жауып, жарық сөніп қалып, бар жұмысымызды тоқтатып қойған күндер болды. Мен соған қарамастан, қиындықтарға төзе біліп, алға қойған мақсатыма жеттім. Кәсіптің қиындығы мен қызығы қатар жүретіндіктен, кез келген кәсіпкер үшін төзімділік керек екенін жете түсіндім, — дейді ол.

Көктем шыға сала өз ауласынан жылыжай салып, қоршап, арнайы жылыжайға арналған күннен қорғайтын құралдармен жасақтап, жұмысын бастаған Сүлеймен Жаңабаевқа әзірге көмекші болып жүрген – балашағасы мен жақын туыстары. Қолға алған кәсібі туралы тарқата айтқан кейіпкеріміз жылыжайда көкөніс өсірудің қыр-сырымен де бөлісе кетті.

Жылыжайда өсетін кез келген өнім үшін ең бірінші ішіндегі ауа температурасы бірқалыпты болуы керек. Ең басты ескеретін жайт осы. Өйткені топырақты жарып шыққан әр жас өскін бала секілді нәзік келеді. Мәселен, түннің салқынында, жаздың аптап ыстығында олар шыдамауы мүмкін. Осындайда ішкі температураны реттеп отыратын құрылғы міндетті түре болуы керек, — дейді жылыжай иесі.

Көлемі 340 ш/м жылыжайда бүгінде қияр, қызанақ өсуде. Сонымен қатар ішіне қарбыз бен қауын отырғызып, шыққан көшетін далалыққа апарып егеді.

Өнімдеріміз егістікте де өсуде. Жерді әкімшіліктен 6 айға жалға алдық. 10 гектар сұрадық, бүгінде 4 гектарға жуық жерде өнімдеріміз өз жемісін беруде. Мана айтып өткенімдей, жылыжайда алдымен өнімдердің дақылдарын егіп, көшеттерін егістікке отырғызамын. Жоспарым өте көп, әрине. Ең алдымен, жылыжайды үлкейтуді мақсат етіп отырмын. Содан кейін өнім көлемін де көбейтемін, — дейді ол.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Биыл 150-ге жуық елді мекенге интернет қосылады

admin_mugalzhar

КӨТЕРМЕ ЖОЛ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУДЕ

admin_mugalzhar

ЖАСТАРҒА ҚОЛДАУ КӨП

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.