Өткен аптада облыс орталығында «DIGITAL KAZAKHSTAN» ЖАҢА ЗАМАНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ» атты 2024-2025 оқу жылының тамыз мәслихаты өтті. Аталған шарада Қандыағаш қалалық №4 ЖББОМ-нің ұжымы облыс әкімдігінің “Орта білім беретін үздік ұйым” грантын жеңіп алып, 13 млн теңгелік сертификатқа ие болды.
Үздіктер қатарынан көрінген №4 Қандыағаш қалалық ЖББОМ — еліміз тәуелсіздігін алған жылы ауданда ашылған тұңғыш қазақ мектебі. Бүгінгі таңда аталған білім ордасында 131 мұғалім 1442 оқушыны білім нәрімен сусындатуда. Мектеп директоры Гүлмира Мусина өткен оқу жылында 57 түлектің мектеп бітіргенін айтты.
—Біздің мектептің облыстағы үздік мектептердің қатарынан көрініп, грант жеңіп алуының артында мектеп ұжымының, әсіресе, ұстаздардың үлкен еңбегі жатыр. Өткен оқу жылында мектебімізді жалпы саны 57 түлек бітірді. Соның 36-сы білім гранты иегері атанды. Білім беру жүйесіндегі білім сапасы 60 пайызды құрайды. Сонымен бірге оқушыларымыз аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарды иеленді. Мектеп мұғалімдері аудан аумағында ұйымдастырылатын түрлі мәдени шараларда да белсенділік танытады. Міне, осы еңбектің жемісі – облыстағы үздік мектептердің қатарында болуымыз, — деді мектеп директоры Гүлмира Нысанқызы.
Сонымен бірге жиын барысында жас ұрпақты тәрбиелеу жолында жасап жатқан еңбегі мен жеткен жетістіктері үшін Ақтөбе облысының әкімі А.Шахаровтың атынан Жем қалалық №5 ЖББОМ денешынықтыру пәнінің мұғалімі Е.Жанабаев және Қандыағаш қаласының №3 мектеп-гимназиясының химия, биология пәндерінің мұғалімі М.Қалиева Алғыс хатпен және 100000 теңге каржылай сыйақымен марапатталды. Ал «Еңбек ардагері» төс белгісімен «Қарлығаш» бөбекжай бақшасының, Ембі қалалық №7 ЖББОМ-нің және Ақкемер ЖББОМ-нің ұстаздары марапатталды.