Бақытжан НИЕТАЛЫНЫҢ журналистикадағы алғашқы еңбек жолы 1966 жылы бұрынғы Мұғаджар ауданының орталығы Ембі қаласында шыққан аудандық «Еңбек таңы — Коммунист» газетінде әдеби тілші болып басталды. 1969-1973 жылдарда Маңғыстау облысының «Коммунистік жол» газетінде бөлім меңгерушісі, 1973-1983 жылдары Мұғаджар аудандық «Еңбектаңы-Коммунист» газетінің редакциясында жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1983 жылы Октябрь аудандық «Октябрь туы — Знамя Октября» газеті редакторының орынбасарлығына тағайындалып, 1986-1997 жылдары газет редакторы қызметін атқарды. Қаламы жүйрік журналист Бақытжан Назкенұлы жергілікті баспасөзде отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп, оқырмандардың мұң-мұқтажын атқарушы билікке жеткізіп, күрмеуі күрделі мәселелерді шешу жолында қалам тербеді. Оның очерктері, репортаждары, фельетондары, публицистикалық мақалалары облыстық, аудандық баспасөз беттерінде үзбестен жарияланып тұрады. Бақытжан Ниеталы — Қазақстан журналистер Одағының мүшесі, «Мұғалжар ауданының құрметті азаматы».
1972 жылдың қысы еді. Алматы Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімінің 3-ші курсында оқып жатырған кезім-тін. Оқу программасы бойынша қысқы сессиядан кейін бір ай газетте практикадан өту керек екен. Емтихандарды ойдағыдай тапсырып болғасын ректордың қолы қойылған жолдама хатпен Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы» газетінің редакторы Нұрқайыр Төлеуовтың алдына келдім. -Партия мектебінде оқиды екенсің, «Партия тұрмысы» бөліміне барасың, — деді Нұр-аға, хаттың шекесіне қолын қойып жатып. Редактор жіберген бөлімнің есігін жасқана ашқанымда стол басында шұқшия бірдеңе жазып отырған, өзіме етене таныс, бүгінде марқұм Болат Теміров досымды көрдім. Басқа ешкім жоқ екен. Ол да мені көргенненақ орнынан ұшып тұрып амандасты.
Амансың ба, ей? Сені Алматыда партшколда оқиды деп естіп едім. Каникулға шыққансың ғой, сірә. Қолыңдағы не? Мақала ма? Бұрын редакцияға соққанда құр келмеуші едің, — деп жатыр. …1966 жылы Мұғаджар ауданы (орталығы Ембі қаласы) ашылып, аудандық газет редакциясында жұмыс істей бастағаннан бері Бөкеңмен жақсы таныспын. Ол Ақтөбеден іссапармен келіп жүргенде жиі-жиі кездесіп тұрдық. Кейін достасып кеттік. Кейде аудан туралы бірлі-жарым деректер қажет бола қалғанда телефон соғып, өтініш жасайтын. -Өй, мынауың тамаша екен. Мұқаң қазір келеді. Обкомда жиналыс болып, соған қатысуға кетті, — деді ол, менің қағазымды бастығының столының үстіне қойып жатып.
Біршама уақыттан соң бөлім бастығы Мұрат Нұртаев ағай келді. Сырбаз адам ғой. Асықпай амандасып, асықпай шешініп, асықпай столына отыра бергенде көзі қағазға түскен болса керек, асықпай оқып шықты да: -Сені танитын сияқтымын ғой, өзі? Мұғаджарлық емессің бе? Оқуда екенсің ғой. Жақсы, практикаңды өте бер, — деді. Әрі-беріден соң Мұқаң отбасымның жағдайын сұрады. Алматыда өзім барып оқып жатырғанымды, Ембіде шешем, екі балам мен әйелім тұрып жатырғанын айтым. «Отбасылы адамға оқу деген қиын жағдай ғой», — деді де қойды.
Мен газеттің тігіндісін ақтарып, жарияланған материалдарды оқып, танысып отырғанымда, Мұқаңның бөлмеден шығып кеткенін аңғармасым керек, есік ашылып, ішке кіріп келгенсін ол маған қарап: -Сен, Бақытжан, редакторға тағы кіріп шықшы, тап қазір, — деді. Нұр-ағаға барғанымда: -Інішек, отбасың бар жігіт екенсің, саған азғантай да болса тиын-тебен артық болмайды. Бір орын бос тұр еді, соған корреспондент етіп бір ай болса да ала тұрайын, айлығы 90 сом. Істей бер сол бөлімде. Бұйрықты бүгіннен бастап жазамын, — деді. Ішкі дүнием елжіреп, аударылып-төңкеріліп түскендей сезіндім. «Рахмет, аға!» — деген сөзім дірілдеп шыққандай болды. Бір күн өткенсін Мұқаң тапсырма бере бастады. Үшінші жұмыс күнім басталғанда: -Ал, шырағым, сені іссапарға жібергелі отырмыз, — деді бөлім бастығы.
Хромтау ауданының «Новотройцкий» деген совхозы бар. Белді шаруашылық. Сонда Ленин орденді, коммунист Құдайберген Үсенов деген атақты комбайнер тұрады. Сол туралы очерк жазатын боласың. Айтылды — бітті. Жолға дайындалдым. Болаттан ол жаққа қалай жетудің жөнін сұрап едім: -Саспа, — деді ол. – Қаладан аудан орталығына «Икариус» маркалы автобус жүреді. Іші жайлы, тоңбайсың. Ал, енді, совхозға жету машақаттау болуы мүмкін. Күн көзі қырау ғой, көрмейсің бе? Хромтауға жетіп, аупартком ғимаратының алдына келгенімде, бағыма үлкен жиналыстың үстінен түстім. Бүкіл совхоз директорлары осында жүр. Мен баратын шаруашылық басшысы Ғарифолла Мұқамбетқалиев ұзын бойлы, еңселі, кең тұлғалы кісі екен, танысып, шаруамды айтқансын: -Е, жақсы… Мен ауыл шаруашылығы басқармасына азғантай жұмыспен соғамын. Ыңғайсыздау көрмесеңіз, мына машинаның ішінде күте тұрасыз. Сонсын тоқтамай жүріп кетеміз, — деді. Ақпан айының бір тұтам күні кешкіріп қалған кез. Әйтеуір жолға шықтық. Шаруашылық орталығына түн ортасы ауа жеттік. Жол бойы қардың қалыңдығынан тоқтап қалып, жерге түсіп машинаны итерген сәттеріміз де болды.
Айнала ақ көрпесін жамылған кең дала, ай жарық, төңірек бұлдырап көрінеді. Ауылда өстім ғой, көптен мынадай дала көрінісін көрмегенсін бе, қайтақайта жан-жағыма көзімді сүзіп, телміре қараймын… Совхоз шынында да күрделі шаруашылық екен. Астық, баубақша өсіреді, мал өнімдерін өндіреді, суармамен айналысады. Ертеңгісін негізгі шаруам — іздеп келген болашақ очеркімнің геройы комбайнер Қ.Үсеновті шеберханада техника жөндеп жатқан жерінен таптым. Сонсын ауыл жастарының өмірінен материал жинадым. Орталықтағы сүтті мал фермасының жайымен таныстым. Мәдениет ошақтарына бас сұқтым. Газетке едәуір материалдар жинап, аман-сау Ақтөбеге оралдым.
Бір айда облыстық газеттің қызметкерлерімен тым-тәуір бауырласып қалдым. Редакцияның жұмыс кухнясын жақынырақ білдім. Іссапардан әкелген материалдарымды жазып, Мұқаңның алдына жаямын. Ол кісі мұқият қарап шығып, қасына отырғызып қойып, ескерту жасайды, ақылкеңесін береді. «Қалыптасып келе жатырған журналистсің ғой», — деп мақтағандай болады. Бір апта өткенсін жазған очеркімді Мұқаңның столына қойдым. Үш күнге дейін үн болмады. Тынышсыздана бастадым. «Мұқаңның ойынан шықпағанмын-ау, сірә», — деп қиналумен жүрдім. Сұрауға батылым бармайды-ақ. Төртінші күні Мұқаң шақырып алды.
Жарайды, тәуір жазыпсың. Бүгінгі еңбек геройының образын көрсете алғансың. Наурыз айының ортасында комбайнерлердің облыстық слеті өтеді. Сол күнге шығарылатын арнаулы нөмірге береміз шығар, — деп қойды. …«Туған ай тураған еттей» деген. Менің практикам да аяқталып келді. Кетерімде редакцияның бухгалтериясына кіріп, айлық жалақымды және жарық көрген материалдарыма тиесілі гонорарымды есептегенде, 120-130 сомдай қаржы қолыма тиіп, «шала байып» қалдым. Кетерімде Мұқаңа рахметімді айтып, «жолаяқ жасайын» деген емеурін танытып едім, Мұқаң шошып кетті. «Өй, қиналма сен олай, — деді ол. – Қайта біз сені қонақ етуіміз керек еді»… Мен оқыған партия мектебіндегі кітапхананың оқу залында республика бойынша барлық облыстар мен аудандардан шығатын газеттердің тігінділері жинақталатын-ды. Туған жердің жаңалықтарын осы тігінділерден оқып-біліп отырамыз. Бір күні өзімнің очеркім жарық көрген облыстық «Коммунизм жолы» газетінің нөміріне жолықтым. Артынан менің атыма 45 сом қаламақы келді. Мұндай ақша ол кезде студенттер үшін едәуір қаржы-тын. Сол жылдардағы абзал ағалардың азғантай да болса маған жасаған жақсылылықтары әлі есімнен кетпейді…
Мен 32 жыл аудандық газеттерде жұмыс істедім. Соңғы қызметім бұрынғы Октябрь (қазіргі Мұғалжар) ауданының «Октябрь туы» – «Знамя Октября» газетінің редакторлығы болды. Біздер, жергілікті газет қызметкерлері, жұмысымыздағы бағыт-бағдарымызды облыстық газеттердің үлгі-өнегесінен алып отырдық. Көбіміз облыстық газеттің қоғамдық (штаттан тыс) тілшілері болдық. Аудандағы жаңалықтарды үзбей хабарлап тұратынбыз. Кейде газеттегі ағалар тапсырма да беріп тұратын. Сондағы бір жай есімде қалыпты. Ол кезде мен Қандыағаштағы аудандық газетте редактордың орынбасары едім. Облыстық газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінен Кәдірбай Бекмағамбетов ағамыз телефон шалды. Айтқандағы әңгімесі – жақында шопандардың облыстық съезі өтпекші. Аудандағы атақты қойшылардың біреуінің сөзін ұйымдастыру қажет. Мен «Ақтөбе» совхозындағы Социалистік Еңбек Ері НауанДосмағамбетовті қаладым. Ол міндетті түрде слетке қатысады, әрі биыл отарындағы саулықтан қозы алу көрсеткіші де тәуір. Кәдірбай аға ұрпақтар сабақтастығы, яғни ертең шопан зейнетке шыққанда оның қасиетті таяғын баласы ұстап, әке кәсібін жалғастыруы жағын сөзге тиек етуді өтінді. Сол кездегі партияның саясаты сондай-тын.
Шаруашылықтың атақты шопаны тұратын шалғайдағы Ақсу фермасына жол тарттым. Бұл мамыр айының орта шамасытын. Шопанды өріс үстінде таптық. Нашарлау қозыларды шөбі шүйгіндеу жерге шығарып, өріске еркімен жіберіп, өзі жайып отыр екен. Көктем айлары шопандар қауымы үшін күні-түн тыным көрмейтін нағыз қауырт кезең. «Қой қоздап, қорада шу» дегендей, ол кез отбасындағы барлық әңгіме-жыр төл алу шаруасының айналасында болады. Едәуір уақыт сұқбаттан соң, тақырыпты еңбек сабақтастығы, шопан таяғын балаға аманаттау жағына бұрғанда шопан манағы жырынан бәсеңдеп, ойланып қалды. Сонсын маған тура қарады. -Ал, мынаны айтшы, шырағым. Неге менің балам ғана шопан болуы тиіс, неге мен киген қамытты ол да киуі тиіс?! Немене, оның басқа мамандық таңдауына, басқа кәсіппен айналысуына құқы жоқ па? Қой, олай болмас. Менің балаларым шопан таяғын ұстай ма, жоқ па, ол – өз еріктері. Малшы болуға тек мал жанды адамдар ғана лайықты. Малға жаны ашымайтындар малдан аулақ жүрсін. Рас, бұрын ауылда малдан басқа кәсіп болмады. Біздер мектепте шала-пұла оқып жүріп, малға араласып кеттік. Малсыз күніміз қараң екенін түсіндік. Уақыт сондай еді. Шүкір, тынымсыз еңбектің арқасында мынадай абыройға ие болған жайымыз бар. Бірақ, қойшының ауыр еңбегі әлі өзгерген жоқ, баяғы итшілікпен келе жатырмыз. Осының бәрін көріп өскен балаларым: «Әке, сенің көрген бейнетің де жетер. Біз басқа мамандықты таңдаймыз», — деп ашық айтты. Ойласам, бұл да дұрыс екен. Айтарым осы. Жазар болсаң, осылай жаз, — деді.
Менде қарсы дау айтуға шама болмады. Шопан байғұстың қыс кезіндегі, мал төлдету мезгіліндегі, отарда ветеринарлық шараларды жүргізудегі, басқа да тынымсыз тіршілігіне қанық едік. Айтып-айтпа, қойшының еңбегі ауыр еңбектің бірі екенінде дау жоқ. Шопанның мына ойын тілге тиек етіп, редакцияға жазып жібердім. Хатты алған бойда Кәдірбай аға телефон соқсын маған. -Әй, бала, мынауың «қызық» болды ғой. Сонда шопанның айтқаны осылай ма, әлде сенің қосқаның ба? – деп сұрады. — Ойбай, аға, «өлдә-білдә» өзі айтты. Мен соны хатқа түсірдім, — дедім. -Жақсы. Мынау тың пікір болды, — деп телефонды жауып тастады. Артынан облыстық газет бетінде Еңбек Ері Н.Досмағамбетовтің қолы қойылған «Ізбасарларымыз кім?» деген сөзі жарияланды. Арты немен тынғаны маған белгісіз. Қазір ойға оралады: облыстық газеттің сол кезде осындай батыл пікірді жариялап жібергені тура ерлік сияқты еді.
.Аудандық газеттердің журналистері аға газеттің әр нөмірін асыға күтетін-ді. Қолға алып ашып қалғанда түрлі газет жанрларымен жазылған материалдар жамырап тұратын. Содан үйренуге, тәлім алуға зор мүмкіндік болды. Өйткені, аудандық газет қызметкерлерінің көбісінің арнаулы журналистік білімдері жоқ-ты.
Жергілікті жердегі оқырмандар да облыстық газет бетіндегі материалдарды құмарта оқып, артынан әңгіме ететін. Оқырмандарды әсіресе, мәдениет, мораль және әлеуметтік тақырыптарға жазылған материалдар қызықтыратын. Жас таланттар және әдебиетті сүйетіндер үшін «Әдебиет және өнер» аталатын арнаулы беттің орны бөлек еді. Анда-санда «Фельетон» айдарымен жариялаған материалдар қолдан-қолға ауысатын-ды. Ал газеттің «Халықтық бақылау бетінде» жарияланған сын мақалалардың беделі ерекше болды. Онда жергілікті халық бақылаушыларының хаттарынан құрастырылған материалдар партократ басшыларды едәуір әбігерге салатын. Жылда 5-ші мамыр — «Баспасөз күні» қарсаңында Қазақстан жуналистер Одағы облыстық филиалының қолдауымен аудандық газеттің беттерін көркемдеуден конкурстары ұйымдастырылатын. Бұл да газеттің әр нөмірін тартымды етіп шығару шеберлігін шыңдайтын шаралардың бірі еді. Бұған төрелік ететін де, бағасын беретін де аға газеттің журналистері-тін.
Оқтын-оқтын аудандық газеттің жұмысына шолу жасайтын мақалалардың шығып тұруы жергілікті журналистерді дүр сілкіндіріп тастайтын-ды. Мұнда аудандық газет ұжымының міндеттеріне тоқтала келіп, талдауға түскен газеттің жетістіктері мен кемшіліктері айтылады, алдағы міндеттері меңзеледі, партияның саясатын іске асыру бағыты сілтенеді. Осының бәрі жергілікті баспасөз қызметкерлеріне үлкен шығармашылық мектеп болғандай еді. Аға газеттің осындай тәлімі, осындай өнегесіні аудандық газеттерде тым-тәуір журналистер қатарының қалыптасуына көмектескені сөзсіз.
1965-80 жылдары Қазақстан журналистер Одағының облыстағы филиалына облыстық газеттің редакторы Н.Төлеуов (марқұм) төрағалық етті. Аталған ұйым оқтын-оқтын түрлі тақырыптарға арналған семинарлар, кездесулер өткізеді. Ондай бас қосулар, әрине облыстық газеттің негізінде өткізіледі. Ол кезде, тағы, облыстық партия комитетінің қолдауымен аудан газеттерінің шығармашылық қызметкерлері бас қосқан топтық (кустовой) семинарларды өткізу дәстүрге айналдырылды. Осындай семинарлар біздің ауданның негізінде бірнеше рет ұйымдастырылды. Әрине, мұндай шаралар жергілікті баспасөз қаламгерлерінің шығармашылық ізденістеріне игі әсерін мол тигізетін еді. Сол жылдарда облыстық журналистер филиалы аудандық газет редакторларын еліміздің орталық қалалары Мәскеуге, Ленинградқа шығармашылық іссапармен шығып тұруы да ұйымдастырылып отырылатынын да атап өткен лазым. Сондай-ақ, аудандық газеттердің қызметкерлері облыстық газетте екі апталық үйрену сабағынан (стажировка) өтіп отыру дәстүрі де пайдалы шаралардың бірі-тін. Көптеген жас тілшілеріміз аға газеттің қалам герлерімен қатар отырып бірбірімен пікір алысуы жергілікті баспасөз қызметкері үшін шығармашылық ізденісін шыңдауға баға жетпес мүмкіндік еді. Сондай мүмкіндіктің сәті Октябрь аудандық «Октябрь туы – «Знамя Октября» газеті редакторының орынбасары болып істеп жүргенімде маған да туды. Лауазымдық міндетіме байланысты облыстық газеттің әр бөлімінің жұмысымен танысып, өзімізге пайдалы деген тұстарын ескеріп, үйренуге тырыстым.
Бір күні ертеңгі сағат 11-лер шамасында газеттің қызметкерлері редактор Нұрқайыр Төлеуовтың кабинетіне жинала қалды. -Сен де жүрсейші, — деді бөлім редакторы Төлеміс Меңдіғалиев. -Ыңғайсыздау болмай ма? Барғым-ақ келіп тұр, — дедім. -Жүр, онда! …Редактордың кабинетіне газеттің барлық шығармашылық құрамы жиналыпты. Нұрекеңнің қасында жазушы Тахауи Ахтанов отыр. Жүзінен шаршаңқырағандықтың табы байқалады. Редактордың орынбасары Т.Шыңбатыров ағай үшеуі әңгіме шертісуде. Бәрі жиналды-ау деген кезде Нұрекең орнынан тұрды.
Жігіттер, ортамызға жазушы
Тахауи Ахтанов келді. Құттықтап жіберейік, — деді. Бәріміз қол соқтық. Әңгіме қазақ әдебиетінің бүгінгі жайы, келешегі төңірегінде өрбіді. Жазушы 12-15 минуттай сөйледі. Келешекте үлкен үміт күттіретін жастарды атады. Қазақ әдебиеті алдағы 15-20 жылда самғау биікке көтерілетініне тоқталды. Әркім сұрақтар беріп жатты. Мен де сұрақ бергім келіп қыпылдап отырдым. Оның себебі бар-ды. Алдында Мәскеуден берілетін орталық теледидар хабары орыс ақыны Евгений Евтушенконың оқырмандармен шығармашылық кездесуін көрсетті. Сонда залдан: -Знаем, что, Вы работаете над поэмой о Пугачеве. Если не секрет, то она на какой стадии завершения? — деген сұрақ қойылды.
Ақын сәл кідіріп қалды. Сосын басын көтеріп: -Эта ноша для меня оказалась весьма нелегкой… такая глыба… я смог только ее чуть-чуть приподнять… Раз уж вы задали мне такой вопрос, я прочту вам отрывки из моего черновика, — деді де 4-5 минуттай бітпеген поэмасынан үзінді оқыды. Жұрт сілтідей тұнып тыңдады. «Қазақтың Пугачевы» атанған дана, батыр, шешен, әрі би Сырым Датұлының туған тарихымыздағы орнын әр қазақ зиялысы жақсы біледі. Бірақ ол кезде Сырым батырға арналған көркем шығарма жоқтың қасы-тын. Біздің білетініміз 1947 жылы жарық көрген М.Вяткиннің Сырым Датұлы бастаған Кіші жүздегі қазақ шаруаларының азаттық көтерілісіне (1772-1773, 1783-1797 жж.) арналған еңбегі және қазақ ауыз әдебиетіндегі Сырым батырдың шешендік сөздері еді.
-Тахауи-аға, Сырым батыр туралы қаламтартпайсыз ба? – деп қалдым. Ол маған тура қарады. Партиямектебінде оқыпжүргенімде жазушы Тахауи Ахтановпен осындай бір кездесу өткенде, оның ол кезде бестселлерге айналған «Қаһарлы күндер» романының тұңғыш басылымын қолтаңба алуға ұсынғанымда таң қалып: «Мынаны қайдан тапқансың, ә?!»- деп, күлімдеп қарағаны есімде қалыпты. -Сырым батыр өте күрделі тақырып. Оны жазуға бір ғұмыр кетер… Сырым Датұлы туралы жазып жатырғандар бар, — деді. Тағы да сұрақ қойғым келіп ыңғайлана бергенімде қасымдағы Төлеміс білегімді қысқансын тоқтап қалдым. -Сіздің ойыңызша әлемде қай елдің әдебиеті биікте тұр? – деген сұрақ қойылды. -Латын Америкасы елдерінің жазушылары ғажайып шығармаларымен озып тұр ғой, — деген жауап алдық. Бұл — Нобель сыйлығының иегерлері (1971,1982 жж.) Чилидің ұлы ақыны Пабло Неруданың «Любовь моя, Чили» ( «Чили, махаббатым менің») поэзия жинағы, колумбиялық жазушы Гарсиа Маркестің «Сто лет одино-чества» («Жүз жыл жалғыздық») романы орыс тілінде баспадан шығып жатқан кезі-тін. Кездесуден кейін жазушымен естелікке суретке түстік. Жігіттердің артында жыбырайып мен де тұрып қалыппын.
Ақтөбеге жолымыз түсіп келе қалсақ, облыстық газет редакциясына кіріп шығуды міндетіміздей көретін едік. Редакцияның жігіттері де бізді жылы қарсы алып, ауылдағы жаңалықтарды ауызба-ауыз естіп, білудіжөнесептейтін. Солкездер бүгінде еске түседі… Иә, аға газеттің жергілікті журналистер қауымы үшін бергені мол болды ғой.
Ақтөбе қаласы, 2004 жыл