Қазақстанда атом электр cтансасының (АЭС) құрылысы – бұл қоғамда көптеген пікірталас туғызатын маңызды және көпқырлы мәселе.
АЭС салу туралы сөз болғанда халықтың басты мәселелерінің бірі – қауіпсіздік екені даусыз. 1986 жылы Чернобыль АЭС-інде, 2011 жылы Фукусима АЭС-інде және 1979 жылы АҚШ-тағы Три-Майл-Айленд АЭС-інде апаттардың тарихи мысалдары осындай апаттардың қайталану мүмкіндігіне алаңдаушылық туғызады.
Алайда Қазақстанда құрылыс үшін қауіпсіздіктің едәуір жоғары стандарттарына ие III және III+ жаңа буын реакторлары қарастырылады. Бұл реакторлардың басты ерекшелігі – cтансаның сыртқы және ішкі әсерлерге төзімділігін қамтамасыз ететін активті және пассивті қауіпсіздік жүйелерінің үйлесімі. Бұл жүйелер автономды түрде жұмыс істей алады және төтенше жағдайда оператордың араласуын қажет етпейді, бұл адам факторынан туындаған қателіктердің ықтималдығын азайтады. Мұндай реакторлар үшін ауыр апаттың ықтималдығы 10 миллион жылдық жұмыс үшін бір оқиғадан аз, бұл оларды алдыңғы буын реакторларымен салыстырғанда әлдеқайда қауіпсіз екенін көрсетеді.
Егер Қазақстан халқы референдумда АЭС салуды қолдаса, мемлекет халықаралық қауіпсіздік стандарттарына сәйкес келетін заманауи жобалардың бірін таңдайды. Қарастырылып отырған технологиялардың ішіне ВВЭР-1200 (Ресей), EPR1200 (Франция), HPR-1000 (Қытай) және APR-1400 (Оңтүстік Корея) реакторлары кіреді. Бұл жобалар жаңа буын реакторларға жататынын, жылу нейтрондарындағы реакторлардың екі контурлы дизайнын және басқа елдерде осындай cтансаларды пайдаланудың оң тәжірибесінің болуын қамтитын критерийлер негізінде құрастырылған «шорт тізімге» енгізілген.
АЭС қауіпсіздігін бақылауды Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) жүзеге асырады, ол құрылыс пен пайдаланудың әрбір кезеңінде халықаралық стандарттардың сақталуын қадағалайды.
Қазақстанның атом энергетикасын дамыту саласындағы мемлекеттік саясаты базалық энергия өндіру көздерін әртараптандыруға бағытталған. Қазір елдегі электр энергиясының шамамен 70%-ын көмір электр cтансалары өндіреді, олардың көпшілігі қазірдің өзінде тозған. Көміртекті бейтараптыққа көшу және климаттың өзгеруіне қарсы жаһандық күш-жігер жағдайында көмір электр cтансалары өзектілігін жоғалтады. Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында, ал оның қорлары көлемі бойынша Аустралиядан кейінгі екінші орында. Осылайша, атом энергиясын пайдалану тұрақты энергетикалық жүйені дамытудың табиғи қадамына айналады.
Қазақстанның ядролық технологиялар саласындағы ғылыми әлеуеті халықаралық аренада жоғары бағаланады. Елімізде атом технологияларын әзірлеумен және зерттеумен айналысатын Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтын қоса алғанда, дамыған ғылыми-техникалық инфрақұрылым бар. Қазақстанда үш зерттеу реакторы, Қазақстандық термоядролық материалтану Токамак және ядролық медицина орталығы жұмыс істейді. Бұл ғылыми мекемелер радиациялық қауіпсіздік, экология және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың басқа да бағыттары саласындағы құзыреттерді белсенді дамытуда. 2021 жылы Үлбі металлургия зауытының аумағында Қытайдың АЭС-тері үшін отын жинақтарын шығаратын зауыт пайдалануға берілді, бұл да Қазақстанның өзінің ядролық энергетикасын дамытуға дайындығын көрсетеді.
Даулы мәселелердің бірі – АЭС-тің экология мен адам денсаулығына әсері. Атом энергиясы «жасыл» энергетикаға жатады, өйткені ол көмірқышқыл газын шығармайды және жаһандық жылынуға ықпал етпейді. АЭС-ті пайдалану кезінде қуаты 1 200 мегаватт энергоблогы үшін жылына шамамен 50 текше метр радиоактивті қалдықтар түзіледі. АЭС 60 жылдан астам уақыт бойы пайдалануда болады, бұл кезде екі блокты cтансада барлығы 7 200 тоннаға жуық қалдықтар өндірілетін болады. Радиоактивті қалдықтарды қайта өңдеудің қолданыстағы технологиялары оларды сақтау және кейіннен көму кезінде толық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Егер салыстырсақ, көмір электр cтансасының қалдықтары жыл сайын жүздеген мың тоннаны құрайды. Радиоактивті қалдықтар ешқайда төгілмейді, бірақ уақытша немесе тұрақты радиоактивті қалдықтар қоймаларында сақталуы мүмкін. Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуде Ұлттық ядролық орталығының және Ядролық физика институтының тәжірибесі бар.
АЭС салатын жерді таңдау да маңызды аспект. Жүргізілген зерттеулердің қорытындысы бойынша қауіпсіздіктің барлық қажетті аспектісін және табиғи-климаттық факторларды (сейсмикалық қауіп, су ресурстарының болуы, жер бедерінің болуы, геологиялық құбылыстар және т.б.), сондай-ақ бірінші кезекте елдің оңтүстігінде электр энергиясының болжамды тапшылығын ескере отырып, cтансаның қуаты 2 800 МВт дейінгі АЭС құрылысының ең қолайлы ауданы ретінде Алматы облысы Жамбыл ауданы Үлкен ауылының аумағы ұсынылды.
Сарапшылардың пікірінше, екі блокты АЭС-ті пайдаланудан судың қайтарымсыз шығыны (булануы) жылына 63 млн м3 құрайды, бұл Балқаш көлінің табиғи булануының 0,32%-на тең. Бұл ретте Балқаш көліндегі судың жалпы көлемі шамамен 108,3 млрд м3 құрайды, бұл АЭС-ті салқындату үшін қажетті көлемнен едәуір артық, демек АЭС Балқаш көліне айтарлықтай әсер етпейді.
Алайда су ресурстарына және су сапасына әсерді дәл бағалау үшін Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес инженерлік ізденістер мен қоршаған ортаға әсерді бағалауды қамтитын АЭС құрылысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жөніндегі болашақ жұмыстар шеңберінде қосымша зерттеулер қажет болады.
АЭС Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігіне айтарлықтай ықпал ете алады. Қазақстанда жұмыс істеп тұрған жылу электр орталықтарының, су электр cтансаларының және жаңартылатын энергия көздерінің болғанына қарамастан елдің энергетикалық жүйесі қазірдің өзінде электр энергиясының тапшылығына тап болып отыр, ол болжам бойынша тек ұлғаяды. Экономикалық дамуға және халықтың өсуіне байланысты өсіп келе жатқан сұраныс жағдайында 2035 жылға дейін 26 ГВт-тан астам қуаттылығы бар cтансаларды іске қосуға жоспарланған. Оның ішінде қолданыстағы cтансалардың жаңарту жұмыстары бар, жел мен күн электростансаларының жаңа жобалары көзделген және газ cтансаларының жобалары бар. Сонымен қатар екі үлкен қуатты реакторлары бар бір атом электр cтансасы қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ Қазақстан АЭС салу және пайдалану үшін білікті мамандарды даярлауға ерекше назар аударады. Жалпыәлемдік тәжірибеге сәйкес, АЭС-ті толыққанды пайдалану үшін жоғары және орта арнаулы білімі бар шамамен 2 000 адамнан тұратын қызметкер қажет. Маңызды аспект – бұл санның шамамен 20%-ы ядролық физика және атом энергетикасы саласындағы білімі бар мамандар болуы керек, өйткені олар cтансаның негізгі жүйелерінің жұмыс істеуін және қауіпсіздікті бақылауды қамтамасыз етеді. Қазір Қазақстанда атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласында 17 мыңнан астам адам еңбек етуде, оның ішінде «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-да 15 мыңға жуық қызметкер бар. Бұл елдің атом энергетикасында жұмыс істеу үшін кадрлық әлеуетті кеңейтуге дайындығын көрсетеді.
Атом саласы үшін мамандар даярлау еліміздің жетекші университеттерінде «Ядролық физика», «Теориялық ядролық физика», «Ядролық инженерия», «Атом электр cтансалары мен қондырғылары» және басқа да сабақтас пәндер бойынша жүргізіледі. Салалық мамандарды даярлауға қатысатын негізгі жоғары оқу орындарының ішінде Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетін, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетін және Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетін атап өтуге болады. Білім беру бағдарламаларының маңызды элементі қос дипломды бағдарламаларды енгізуге мүмкіндік беретін халықаралық университеттермен ынтымақтастық.
Мысалы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде және Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жетекші ядролық зерттеу орталықтарының бірі Ресейдің «Дубна» университетімен бірлесіп іске асырылатын екі дипломды бакалавриат бағдарламасы жұмыс істейді. Сонымен қатар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Ресейдегі «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті «Теориялық ядролық физика» бағыты бойынша бірлескен магистрлік бағдарламаны іске қосты.
Сонымен қатар білім алушылар Үлбі металлургия зауыты, Ядролық физика институты, Ұлттық ядролық орталығы сияқты мекемелерде, сондай-ақ металлургия саласы кәсіпорындарында алған білімдерінің әмбебаптығына байланысты ғылыми-зерттеу зертханаларында тәжірибеден өтеді.
Бұл білім беру бастамалары Қазақстанға жоғары деңгейдегі мамандарды даярлап қана қоймай, атом саласы үшін кадрлар даярлауда халықаралық стандарттарды қолдауға көмектеседі. Осылайша, Қазақстан атом энергетикасын табысты дамыту және елімізде ядролық технологияларды бейбіт мақсатта пайдалану үшін қажетті сенімді маман базасын құруда.
АЭС қызметкерлерінің, әсіресе әйелдердің денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлінеді. Атом cтансаларында жұмыс істеу иондаушы сәулеленудің әсерімен байланысты болғанымен, қазіргі заманғы АЭС-тер жұмысшылар мен халықты сенімді қорғауды қамтамасыз ететін радиациялық тәуекелдерді барынша азайтуды ескере отырып жобаланады.
Осылайша, Қазақстанда АЭС салу – бұл энергетикалық тәуелсіздікті қамтамасыз етуге, экономикалық дамуға және елдің ғылыми әлеуетін нығайтуға ықпал ететін стратегиялық қадам.
Гүлмира МҰРСАЛОВА, Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары.