«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ДОМБЫРАНЫ СЕРІК ЕТКЕН ӨНЕРЛІ ЖАН

Бүгінгі зейнет жасындағы ата-әжелер — кешегі еңбеккерлер, өз уақытында елдің дамуы жолында саналы ғұмырын сарп еткен, сан жылдар бойы тер төккен жандар. Қазірдің өзінде де арамызда қартайса да, қайраты қайтпаған, белсенді қарттар көп. Олар көпке үлгі. Әуезді әнін салып, домбырасын қолынан тастамай, ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген қандыағаштық Нұрлыгүл ТЕМІРБАЕВА да сондай жандардың бірі.

Байғанин ауданы, Алтай ауылында туып-өскен кейіпкеріміз бала кезінен домбыраны серік еткен. Өзінің бойындағы өнерге деген сүйіспеншілікті ағасынан, яғни, әкесінің туған інісі-нен дарыды деп санайды өзі. Кейіпкеріміздің айтуынша, сол жылдары Байғанин ауданында «Қазанғап» оркестрін білмейтін адам кемде-кем болған. Сол оркестрде жаңағы ағасы да әнші болған. Үнемі сол ағасының қасында жү-ріп, қызыға қарап, «мен де сондай әнші болсам екен» деген балалық арманы өнерді өмірлік серік етуге себеп болыпты.

3 жасымда домбырада ойнап үйрене бастадым. Маған ешкім домбыра үйреткен жоқ, өзім де қазір біреуге домбыра үйрете алмайды екенмін. Ал 5 жасымда сахналарға шығып, өнер көрсетіп жүрдім. 10-сыныпты бітіргеннен кейін бірден еңбекке араласып, аудандық мәдениет үйіне әдіскер болып жұмысқа орналастым. Кейін өзім туған ауылда «Гүлдәурен» атты эстрадалық ансамбль құрдым. Сол ансамбльде 4 жылға жуық өзім әнші болып жүрдім. Содан тұрмысқа шығып, дүние есігін ашқан тұңғышымның есімін Гүлдәурен деп қойдым. 1985 жылы жолдасымның жұмыс бабымен Қандыағаш қаласына қоныс аударып, араға көп уақыт салмай, 1988 жылы қайтадан жұмысқа орналастым. 1988- 1995 жылдар аралығында аудандық мәдениет үйінде жұмыс жасадым. Кенже ұлым ол кезде кішкентай, бесікке бөлей салып, жұмысқа жүгіремін. Ол кезде мәдениет үйінде 36 адамнан құрылған үлкен халықтық оркестр болды, сол оркестрде әнші болдым, — дейді кейіпкеріміз.

Үйдің де, түздің де жұмысын қатар алып жүріп, жолдасы өмірден өтсе де, бала-шағаның қамымен күндіз-түні еңбек еткен ол бүгінде сол үш баласынан көрген немерелерінің қызығын қызықтап жүрген зейнет жасындағы ақ жаулықты әже.

-Балаларымның барлығы дерлік өнерге жақын болып өсті. Кейін отбасымызбен той бизнесіне шығып кеттік. Солай жүргенімізге 12 жылдан асып кетіпті. Үлкен қызым кішкентайынан сахнаға шығып ән айтып жүрді. Кейін отбасылы болып, өнерден қол үзді. Ал үлкен ұлым музыкант, кенже ұлымның жеке студиясы бар, яғни дауыс өңдеуші. Немерелерімнің біреуі студент, болашақ актриса болса, өзгелері де ән айтып, би билейді. Ал өзім домбырамен ән айтамын, үлкенді-кішілі қонақтыққұдалықтарда асабалық қызметтеатқараберемін, — деп сөзін жалғады ол.

Бүгінде зейнетке шыққан Нұрлыгүл Смадиярқызы аудандық «Қазына» халықтық ансамбліне жетекшілік етеді. Өзі жинап, аудандық ардагерлер үйінің жанынан өзі құрған ансамбльге биыл — 5 жыл.

Әнші де, домбырашы да, қобызшы да, басқа да түрлі аспаптарда ойнайтын әжелер мен аталар бас қосқан ансамбль осы жылы халықтық атағын қорғап шыққан екен.

2019 жылы осы топты құру ойыма келді. Өзім көп адамдармен араласатын болғандықтан бірінен бірін сұрап, әр жерден замандастарымды іздестірдім. Көпшілігі үйлерінде отырып қалған жандар. Барлығын сыртқа шығарып, әупірімдеп бәрінің басын қосқан жайым бар. Қазір құрамда 13 адам бар. Негізі көп едік, көшіп кеткендер бар, денсаулығына байланысты шығып кеткендер бар. Барынша ансамбльді ұстап тұруға тырысып жүрмін. Барлығымен тату-тәттіміз. Бір-біріміздің қайғықуаныштарымызды бөлісіп, бас қосып жүреміз. Барлық ауылдық мекендерді аралап, ұлттық құндылықтарды насихаттау, халықтың көңілін көтеру мақсатында концерттік бағдарламамызды да ұсынатынымыз бар, — дейді өнерлі жан.

Бүгінгі таңда Нұрлыгүл Темірбаева қоғамдық жұмыстарда белсенді, «Мейірім» қайырымдылық қорының мүшесі, отбасылық мәселелерді шешуге көмектесетін медиатор қызметін де қатар алып жүрген белсенді ардагер. Әңгіме барысында ансамбль жетекшісінің ішінде бір өкпе-реніші бар екенін де байқап қалдық.

Жасыратыны жоқ, ансамбльге жергілікті әкімдіктен де, мәдениет үйінен де ешқандай қолдау көрсетілмейді. Ауылдық округтерге концерттік бағдарламамен баратын болсақ, көлікті өзіміз жалдауға, сахналық киімдерімізді де өзіміз сатып алуға мәжбүрміз. Бізге аудандық мәдениет үйінің жанына ең болмаса, бір штат бірлігін берсе деп отырмыз. Көп нәрсе сұрамаймыз. Тек осындай зейнетке шықса да, тәрбиелік мәні бар халықтық өнерді насихаттап жүрген жандардан құралған халықтық ансамбльді сақтап қала алсақ деген арман ғана бар. Үнемі мерекелік кештерде ең бірінші бізге келіп қолқа салады, барлық іс-шараларға бізді жібереді, барлығының шашбауын көтеріп, жанды дауыста ән айтып беретін біз болсақ та, бірақ ешқандай қолдау көрмейтініміз қынжылтады, — деді халықтық «Қазына» ансамблінің жетекшісі сөз соңында.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда COVID-19 және пневмониядан қайтыс болғандар саны күрт өсті

admin_mugalzhar

Биыл құрылысы ұзаққа созылған 22 нысан пайдалануға беріледі

admin_mugalzhar

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАНЫҢ ТИІМДІЛІГІ ТҮСІНДІРІЛДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.