Әлеуметтік желіні ақтарып отырғаным сол еді, «шұжық өнімдерін сатамын» деген инста парақшаны көзім шалып қалды. Парақшаны қарап отырып, бұл өнімдердің өзіміздің Қандыағашта шығарылатынын білгеннен кейін, көрсетілген нөмірге хабарласып, өзімді таныстырып, кәсіп иесін әңгімеге шақырдым. Ол да қарсылық танытпай, әңгімеге кірісе кетті.
Қандыағаштық Лаура Каржаулова үй жағдайында шұжықтардың алуан түрлерін, әсіп, ысталған құйрық май, сосиска өнімдерін, тіпті қонақтыққа арналған арнайы комболарды дайындап, азық-түлік дүкендеріне тапсырыспен өткізеді. Бұған дейін тұрмыстық заттар сатумен айналысқан ол тағам саласына осы жылдың наурыз айында бет бұрып, өз қаражатымен бастаған кәсібі жүріп кетіп, бүгінде тұрақты тұтынушылары да жетерлік.
—Бұл кәсіпті бастауыма балаларым себеп болды. Олар дүкен колбасаларын жақсы көреді, үнемі үзбей алып тұратын едік. Содан бір күні «осыны өзім неге үйден дайындамасқа?» деген ой келді. Не дегенмен дүкендегі өнімдерде түрлі химиялық қоспалар мен консерванттар болатыны белгілі емес пе?! Осыған байланысты өзім курс біліктілігін арттырып, оқып, шұжық жасауға кірістім және осы арқылы кәсіп дамытуға бел байладым. Қазір халықтың талғамы жоғары, табиғи өнімді алуға тырысады. Мен де осы үдеден шығуға тырысып, таза еттен, табиғи, ешбір қоспасыз өнім жасаймын, — дейді Лаура Елемесқызы.
Кәсіпкердің өнімдері аудандық сауда жәрмеңкелеріне шығып үлгерген, арнайы форумдарға да апарған, өнімі үшін тіпті аудан әкімінен ауданның шағын және орта бизнесін дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін Алғыс хат та алған екен.
-Бар өнерім мен білігімді салып жасайтын өнімдерім үшін тұтынушыларымның ықыласына бөленіп, рахметін алып және өз кәсібімді дамытып, қаржылай табыс табудамын. Қазір өнімді үйден жасап жатырмын. Бірақ тапсырыс ұлғайған сайын арнайы орын қажет болады екен. Сондықтан болашақта осы кәсіпті кеңей-тіп, цех ашсам деген арманым да бар. Қазір кәсіпкерлерге мемлекеттен қолдау өте жақсы. Цехашуүшін алынатын керекжараққа көп қаражат керек. Алдағы уақытта мемлекет тарапынан берілетін гранттар мен несиелерге құжат тапсырып, жобамды ұсынамын. Жалпы, алға қойған мақсат та, жоспар да көп. Алла қаласа, осы кәсіпті мейлінше үлкейтіп, тұрғындарды толықтай таза өн-іммен қамтамасызетсем деймін, — деп Лаура алдағыжоспарларымен де бөлісті.
Расында, «ет жемесе, түсіне кіретін» қазақ халқы ет өнімдерінекелгендетазалыққа, ұқыптылыққа, сапасы мен құрамынақаттымән береді.
—Шұжықтарды жасайтын құралсаймандарым бар. Сонымен қатар оған қосылатын дәмдеуіштер мен дәрумендерді Алматы қаласынан арнайы тапсырыспен алдырамын. Өніміме қажетті дүниелердің барлығын ең жақсысынан таңдаймын. Ал ет өніміне келетін болсам, Ақтөбе қаласынан лабораториялық зертханадан өткен, халал өнім екенін дәлелдейтін сертификаты бар етті аламын, — деп сөзін жалғады.
Айтуынша, өнімді нарыққа емінеркін шығару үшін талапқа сай барлық жұмыстар жасалынған. Ендігі мақсат – өнімнің сапасын тұтынушыларға түсіндіру, сапаның жоғары екеніне көз жеткіздіру. Өйткені сырттан келетін шұжық өнімдері өте көп. Нарық болғасын бәсеке қызу. Сондықтан тұтынушылар қатарын арттыру қажет екендігін де жасырмады.
— Өнімдерім конвекциялық пеште арнайы терпературада піседі. Сақталу мерзімі тоңазытқышта 7-10 күнге дейін жарамды, ал мұздатқышта 4-6 айға дейін сақтауға болады. Басты айырмашылығы – табиғи таза өнім. Ешқандай консерванттар мен бояғыштар қоспаймын. Құрамына артық майлар қосылмайды. Өнімдерімді сиыр мен жылқы етінен, ал сосискаларды «Алель» фирмасы тауығының төс етінен алып жасаймын. Әр істі адалынан атқарғанды ұнатамын, сондықтан артық дүниелерді шұжыққа қоспаймын. Мен жасаған өнімнің ерекшелігі де осында, — деді кәсіп иесі.
Үйі мен кәсібін қатар алып, бала тәрбиесіне де, әйелдік міндеттеріне де бірдей үлгеріп жүрген келіншек аяулы жар, 5 баланың анасы. Үлкені Мәншүк Маметова атындағы медицина колледжінің студенті болса, кенже қызы 1 жарым жаста.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ