Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов 1937 жылы 13 қарашада Жұбановтар отбасында дүниеге келген. Асқар алты баланың ең кішісі болғандықтан, алдындағы апа-ағалары шама-шарқына қарай әкесінің жоқтығын сездірмеуге тырысқан.
“Атын да өзіміз қойдық. Сол кезде Ақырап екуміз А.С.Пушкиннің «Руслан и Людмила» деген поэмасын оқып жүргенбіз. Ақы-рап сол поэманың кейіпкерлері Руслан мен Ратмир деген аттың бірін қойғысы келді. Мен қарсы болдым. Маған бұл аттың екеуі де қазақ баласына жараспайтындай көрінді. Ақырап ойланып: «Ендеше, Еуропаша Оскар деп қойсақ қайтеді?» — деді. Осы кезге дейін үндемей отырған Есет: «Оскардың қазақша Асқар болып кетеді ғой», — деп пікір айтты. Бұл есім менің құлағыма жағып кетті, жүгіріп мамама бардым: «Мама, Асқар деген сөздің мағынасы қандай?» — дедім. Мамам: «Асқар деп тауды айтады, «биік» деген сөз ғой», — деді. «Олай болса, біздің кішкентай ініміз қол жетпес биік болсын», — деп атын Асқар қойдық. Асқарға 4 ай толғанда ауылға көшіп келдік. Ауылымыз — Ақтөбе облысы, Мұғаджар ауданындағы «Жаңатұрмыс» колхозы болатын. Ауылымыздың үлкені мен кішісі түгел төрт айлық баланы Асқар демей, «Асеке» дейді. Біз оған күлеміз, бірте-бірте құлағымыз үйреніп, өзіміз де «Асеке» дейтін болдық. Бір күні жаңа көшіп келген кезімізде мамамның қайнысы Сәндібек атты ағамыз қал-жағдайымызды білуге біздің үйге келіпті. Жаңадан ғана отыра бастаған баланы қолына алып, «атың кім?» деп сұраса, мамам «Асқар» дейді. Сол кезде Сән-дібек ағай мамама қарап: «Менің әкемнің атынан басқа ат аузыңа түспеді ме?», — депті жеңгесіне қалжыңдап. Мамам қатты қысылып, «Менің ат таңдайтын шамам болды ма, қойып жүрген балалар ғой. Қайнағаның атын өзім атап көрмегесін есімнен шығып кетіпті», — деп жауап беріпті.
Асқар біздің көңілімізді көтеретін, қуаныш сезімін тудыратын ойыншығымыздай болып өсті. Мінезі жұмсақ, ашулануды білмейтін ерке бала болды. Асқар мектепке баруға асықты. Мүмкін ол ауылда балаға басқа қызықтайтын жер болмағандықтан ба, әйтеуір ол 5 жасында ауылдағы мектепке барып, мені алмады деп ренжіп қайтатын. 1944 жылы ғана Асқар мектепке барды. Үш кластық білімді ауыл мектебінен алды. Одан кейін барлығы Алматыдағы институттарға түсіп кеткендіктен, Асқарды да Алматыға әкеліп, №18 қазақ орта мектеп интернатына беруге тура келді. Бірақ ол интернатта жалғыз болған жоқ. Қасында сол кезде 7- класта оқитын, Мұхаммеди ағамыздың баласы Мұрат бар еді. Аға-апаларының арқасында анасынан бөлек жүргенін сезген жоқ. Мектепте жақсы оқыды. Техникаға, математикаға қабілеті бар екенін көрсетті. Петропавл қаласына музыка мектебіне барып, үш жылдай екі мектепте қатар оқып, скрипкадан сабақ алды. Асқар үйлі-баранды болып, бала сүйіп, немере көріп, пенде көретін қызықты көрем-ау деген кезінде тағдыр оның алдына ауыр сын тосты. Жұбайы Гүлшара мен екінші қызы Ляззат науқастанып, қайтыс болған еді. Үлкен қызы Айгүл және немерелері, күйеубаласы тосыннан кездескен жол апатынан қайтыс болды. Қасында қалған жалғыз қызы Назыммен екеуі бірге ауыр қайғыны жеңе білді. Елмира атты жар тауып, Еңлік атты қызы дүниеге келді.
Тілдің жаңа саласынан 3-4 шәкірт тәрбиелеп, диссертациялар қорғатып, өзінің бірнеше ғылыми еңбектерін жариялады. Ол филология ғылымдарының докторы, профессор және А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, компьютерлік лингвистика бөлімінің меңгерушісі, қазақ тіл білімінің жаңа саласы бойынша тақырыптардың ғылыми жетекшісі болып қызмет атқарады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогигалық университетінің филология факультеттерінде қолданбалы тіл білімінің жаңа саласынан студенттер мен магистранттарға дәріс беріп келді.
Асқар әкесі Құдайберген Жұбановты ерекше жақсы көретін. Оған дәлел бір бөлмеге әкесінің суреттерін іліп қойған. Күнде лекция оқуға барған сайын қабырғада ілулі тұрған әкесінің портретін көріп, ұзақ қарап тұрады. Мүмкін ішінен «Маған ризасың ба, әке? Қолымнан келгені осы болды», — дей ме екен, кім білсін? Жастай қалған баласына әке әруағы да риза болар. Көзі күлімдеп, әке суреті де баласына қарап тұрады», — деп жазылған Мүслима Жұбанованың «Әулет және заман белестері» атты кітабында.
Асқар Жұбанов туралы материал жинақтау барысында жан жары Елмира Жұбановаға шығып, ғалым туралы естелігімен бөлісуді сұрадық. «Асекем екеуміз үйленіп, 20 жыл бірге тұрдық. Мен Түркістан облысы, Отырар ауданы, Арыстан бабтың қасында өмірге келдім. Екеуміз кітапханада танысқанбыз, танысқан кезде оның жасы 63-те болатын, тіл білімі институтында жұмыс істеді. Ғылыми кандидат, доцент және кіші ғылыми қызметкер болды Сөзіміз жарасып, сөйлесіп кеттік. Араға бір жыл салып, Еңлік атты қызымыз дүниеге келді. Екеуміз қосылғаннан кейін Мүслима, Қызғалдақ апалармен таныстырды.
Интернатта жатып оқыған кезде әке жоқтығын сезіндірмеген Мүслима апай, Ақырап, Есет ағайлар болғанын айтып отыратын үнемі. «Бір күні біреуі киноға апарса, келесі күні саябаққа алып баратын» деп еске алатын. Балалық шағында ауылда өскен,ал апасы Мүслима күйеуге шыққаннан кейін Петропавлда оқыған. Сол кезде Ресейден келген ғалымдар сабақ берген екен. Тек қана әдебиет пен тарих сабағын ғана қазақша оқыған, қалғандарын орысша оқыпты. Сонда да мектепті үздік бітірген. Физика, математика сабағын жақсы оқып, Алматыдағы политехникалық институтқа оқуға түскенімен, кейін «халық жауының» баласы деп оқытпай, шығарып жібереді. Сол кезде Есет ағай: «КазПИ-ге бар, сені ол жерде ешкім «халық жауы» деп айтпайды», — деп өз ақылын береді. Содан КазПИдің физика факультетіне оқуға түседі. Екінші рет менімен отбасын құрып, қызымыз Еңлік өмірге келгеннен кейін, екі жылдан кейін докторлығын қорғады.
Асекем өте жақсы адам болды. Мейірімді, бауырмал, ауыр сөз айтпайтын, тазалықты, ұқыптылықты, әр заттың өз орнында тұрғанын жақсы көретін. Балаларға көп нәрсені үйрететін. Маған да көңіл бөліп үлгеретін, қыста әр демалыс сайын тауға барып шаңғы тебетінбіз. Ер адам істейтін үй тірлігінің бәрін жасайтын.
Ғылыми жұмыстарымен айналысуды да тоқтатпады. Бірге тұрған кезде 20 кітабы шықты. Оның ішінде жеке өзінің 14 кітабы және Мүслима апаның 6 кітабын жарыққа шығардық. Әкесі Құдайберген Жұбановтың «Қазақ тіл біліміне» қатысты кітабын шығарды. Өзіне арнап жасалған кабинетте әкесінің суретіне қарап отыратын. Бірге тұрған 20 жыл ішінде Ақтөбеге де баратынбыз. Ағасы Ахмет Жұбановтың 100 жылдығында Франция мемлекетінде болды. Жұмыс барысымен Әзірбайжанға, Мәскеуге, Минск, Ташкент, Қырғызстан, Түркияға барып келді», — деп еске алыпты Елмира Жұбанова өз естелігінде.
Бүгінде өзінің туған жерінде Жұбановтарды білмейтін, олармен мақтанбайтын жан жоқ шығар, сірә! Асқар Жұбанов та әке жолын жалғаған өнегелі өмірімен көпке үлгі бола білген тұлға. Қазір Мұғалжар аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорында Асқар Құдайбергенұлының былғарыдан тігілген сөмкесі, әкесіне арнап жасалған портреттері, кітаптары сақтаулы тұр. Бұл құнды жәдігерлерді музей аралаған әрбір жан көріп, тарихына қаныға алады.
Лилия ШАМҒАЛИЕВА, Мұғалжар аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері