Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, былтыр «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатыңызда жылды қорытындылап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың басым бағыттарын белгілеп бердіңіз. Осындай сұхбаттар жақсы дәстүрге айналып келеді. Бұл елімізді дамытуға қатысты шаралардың мән-маңызын азаматтарымыздың терең түсінуіне мүмкіндік береді. Бүгін де мазмұнды әрі ашық әңгіме өрбітеміз деп ойлаймын. Алғашқы сұрақ: Қазақстан үшін өткен жыл несімен ерекше болды?
– Былтыр көптеген маңызды оқиға болды, қыруар жұмыс атқарылды. Мысалы, әбден тозығы жеткен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары барлық аймақта жүргізілді. 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 7 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа жолаушылар терминалы іске қосылды. Тау-кен, мұнай-химия және металлургия салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Қайта өңдеу секторы қарқынды дами бастады. Оның өнеркәсіптегі үлесі өндіру саласының деңгейіне жуықтады.
27 миллион тоннаға жуық астық жинап, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізген диқандарымыздың жетістігін айрықша атап өткен жөн.
Мен былтырғы сұхбатымда 2024 жыл Қазақстан үшін айрықша маңызды жыл болатынын айтқан едім. Шын мәнінде солай болып шықты.
Біз еліміз үшін күрделі болса да, жүйелі экономикалық реформаларды қолға алып, алдағы бес жылдық дамуымыздың берік негізін қаладық. Сол үшін көптеген маңызды жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды. Келешекте бұдан да ауқымды жұмыс жасалмақ.
Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды. Шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілді. Мұның бәрін азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция деуге болады.
Қазір әлемде бұрын-соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отыр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбітшілік үшін диалог орнату жолында тиімді рөл атқаратын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы позициясын күшейтті. Бұл жағдай еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізеді.
Жалпы, өткен жыл оңай болған жоқ, тіпті күрделі жыл болды деуге келеді. Қазақстанға сыртқы факторлардың салқыны тиді, табиғат апаты да жоспарларымызға әсер етті. Алайда біз ахуалды бақылауда ұстап қана қоймай, жан-жақты реформаларымызды жалғастыра алдық. Осылайша, жасампаздық стратегиясы одан әрі жүзеге асырылып жатыр.
сол күндері көліктердің қирағанын, дүкендердің тоналғанын, қаскөйлердің мемлекеттік ғимараттарды басып алғанын, сарбаздардың соққыға жығылғанын, қару-жарақтың ұрланғанын және әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырағанын еске алуы керек. Жауапкершіліктен жұрдай саясаткерсымақтардың шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратып, мемлекеттігімізге шынымен де қатер төнген сәтті жұрттың жадынан өшіру үшін әрекет жасауына жол бермеу керек. Абырой болғанда, азаматтардың көбі күріштен күрмекті айыра алады. Мемлекетіміздің тірегі – осындай көзі ашық, көкірегі ояу адамдар.
Бір нәрсе анық, сол кезде тәртіпсіздікті бастаған және төңкерісті ұйымдастырған адамдардың қимылына дереу тосқауыл қойып, батыл әрекет жасамағанда, қазір Қазақстан дербестігі мен егемендігі әлдеқайда шектеулі, мүлде басқа мемлекетке айналар еді.
Біз халықтың берекелі бірлігінің арқасында осы ауыр сынақтан сүрінбей өттік. Қаңтардағы оқиғадан бәріміздің зор сабақ алғанымыз сөзсіз. Біріншіден, елдегі билік жұдырықтай жұмыла білуге тиіс, қосарланған билікке ешқашан жол берілмеуі қажет. Екіншіден, Президент – «Құдайдың жердегі көлеңкесі» емес, мемлекетті басқару үшін белгілі бір мерзімге сайланған менеджер ғана. Үшіншіден, жоғары мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді, соның ішінде күштік құрылым басшыларын мұқият іріктеу керек. Олар Отанымызға, яғни Қазақстан Республикасына адал болуға тиіс. Ең бастысы, «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтап, әділдік қағидатын барынша орнықтыру қажет. Бұл қағидатқа қарсы шығатындар «демократиялық құндылықтар» деген желеумен қоғамға іріткі салып, түбінде қазақ мемлекеттігін жоюды көздейтіні айдан анық. Бұған еш көнуге болмайды. Заң үстемдігі – демократияның ең биік шыңы. Бұл мақсатқа жету оңай емес.
байыпты шешімдер қабылдау қажеттігін үнемі айтып отырамын. Өйткені әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұр.
Ал шенеуніктердің ұсталғаны туралы ақпараттың жиі шығуы биліктің абыройына белгілі бір деңгейде нұқсан келтіргенімен, мемлекеттің ашық жұмыс істейтінін көрсетеді. Бірақ мұндай қадамсыз «Заң мен тәртіп» қағидаттарына негізделген әділетті мемлекет құру мүмкін емес.
– Қазақстан мен Ресейдің арасында ежелден тығыз экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынас орныққан. Былтыр қараша айында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл сапар біздің елде де, шетелде де жұрттың жіті назарында болды. Сондағы келіссөздердің нәтижесін қалай бағалайсыз?
– Ресей Президентімен өткізген келіссөздер аса мазмұнды болды. Біз сауда-экономика, көлік-логистика, энергетика, мәдениет, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқыладық. Астанаға Ресей Үкіметі мүшелерінің жартысына жуығының келуі Ресей үшін Қазақстанның стратегиялық маңызы жоғары екенін көрсетеді.
Келіссөздердің нәтижесі туралы көп жазылды, көп айтылды. Әрине, біраз дүние ақпарат құралдарына шыққан жоқ. Владимир Путинмен бейресми жағдайда төрт сағат әңгімелестік. Бұл кездесуде екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ әңгіме барысында халықаралық проблемалар бойынша өзара түсіністігіміз бекемделе түсті. Мен Қазақстанның көп жақты саясатының мәнін ашық айтып, Ресеймен стратегиялық серіктестігімізді және одақтастық қарым-қатынасты дамыту туралы ұстанымға берік екенімізді жеткіздім.
Президент Путин – тәжірибелі мемлекет қайраткері. Ол Қазақстанның ерекшелігін және Орталық Азия аймағындағы ең ірі экономикасы бар маңызды ел екенін жақсы түсінеді. Сондықтан Ресей біздің елмен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Басқаша болуы да мүмкін емес. Себебі екі ел арасын құрлықтағы ең ұзын үздіксіз шекара қосып жатыр.
Владимир Путиннің шетелге сапарының ең көбі біздің елге жасалғаны, яғни оның Қазақстанға 33 рет келгені де көп жайттан хабар береді. Бұдан бөлек, біз телефон арқылы сөйлесеміз, халықаралық форумдар аясында кездесеміз. Бір сөзбен айтқанда, үнемі хабарласып отырамыз.
Мұның бәрі Қазақстанға да, Ресейге де қажет. Өйткені бұл екі ел басты рөл атқаратын Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін керек.
сияқты сегіз басымдығын білдіреді. Осы басымдықтарды Түркі мемлекеттері ұйымы ғана емес, бүкіл түркі әлемі қызығушылықпен қабыл алды. Қазақстан түркі дүниесін біріктіруді көздейтін барлық жасампаз бастаманы қолдайды, Ресейдің «Алтай – түркілердің алтын бесігі» атты тұжырымдамасына да жақсы қарайды. Еліміз түркі халықтары арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ ортақ тарихи-мәдени бай мұрамызды насихаттау ісіне алдағы уақытта да атсалыса береді.
– Сіз бұған дейін шетелдік сарапшылар мен дипломаттар Қазақстанды орта держава деп атай бастағанын айттыңыз. Орта державалар қандай рөл атқарады және осы мәртебеге ие болған Қазақстан не істей алады?
– Мен бұған қатысты пікірімді ел ішінде де, шетелдерде де айттым. Қазір халықаралық қатынастар жүйесі кері кетіп барады, тіпті құлдырай түсті деуге болады. Тұрақсыздық күшейіп, ірі державалардың бірін-бірі айыптауы белең алды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі қауқарсыз болып қалды. Осындай қиын халықаралық ахуалға көптеген мемлекет, соның ішінде Қазақстан да алаңдап отыр. Бұл – орынды алаңдаушылық. Себебі қалыптасқан жағдай ол елдердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік бермейді.
Бүгінде барынша әділ әлем қалыптастыруға деген сұраныс өте жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, орта державалар халықаралық сенім дағдарысын және жауапкершілігі жоғары жаһандық көшбасшыларға деген тапшылықты еңсеру жолында маңызды рөл атқара алады деп ойлаймын.
Орта державалар күш-жігерін жұмылдырып, жанжалдасып жатқан геосаяси орталықтардың арасында жаңа әрі мықты дәнекер бола алады. Сол арқылы халықаралық текетірестің қызуын бәсеңдетеді. Мен орта державалар үшін дәл осындай шақ туғанына сенімдімін. Осы сұхбатты сіздердің басылымдарыңызға беру арқылы еліміздегі журналистиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткім келді. Биылғы 22 наурызда «Аna tili» газетінің жарыққа шыққанына 35 жыл толады. Алда келе жатқан мерейлі белестеріңіз құтты болсын! Осы уақытта газет жемісті жолдан өтті, өз ерекшелігі, тұрақты оқырманы бар белді әрі беделді басылымға айналды.
Бүгін біз ең өзекті деген бірталай мәселені ашық талқыладық деп ойлаймын. Жақсы сұхбат болды. Әдетте осындай ауқымды сұхбатта мемлекеттің қызметіне қатысты мұқият ойластырылған әрі маңызды мәселелер айтылады. Өткен жылға қорытынды жасалып, осы жылдың бағыт-бағдары айқындалады.
Шын мәнінде, бұл сұхбатты елге терең ой салу және биылғы жұмысымызға тың серпін беру үшін отандастарыма жолдаған арнайы үндеуім деуге болады.
Әңгімелескен
Ерлан ЖҮНІС