«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ПОШТАШЫ БИБІГҮЛ

БИБІГҮЛ АБИЛХАНОВА КҮНДЕ ТАҢЕРТЕҢ ГАЗЕТ, ХАТ, ТҮБІРТЕК, ЗЕЙНЕТАҚЫ САЛЫНҒАН СУМКАСЫН АСЫНЫП АЛЫП, ҮЙ АРАЛАУҒА ШЫҒАДЫ. БҰЛ ОНЫҢ АЛТЫ ЖЫЛДАН БЕРГІ ЖҰМЫСЫ. ҚЫСТЫҢ СУЫҒЫ МЕН ЖАЗДЫҢ АПТАП ЫСТЫҒЫ ДА ҮШБУ ХАТ ПЕН КҮТКЕН ГАЗЕТТІ ТҰРҒЫНДАРҒА ЖЕТКІЗУГЕ КЕДЕРГІ ЕМЕС. «ПОШТА САЛАСЫНА АЯҚ АСТЫ КЕЛГЕНМІН. БІРАҚ БҰЛ ЖАСАҒАН ҚАДАМЫМА ЕШ ӨКІНБЕЙМІН. ЕҢ МАҢЫЗДЫСЫ – ОСЫ ЖҰМЫСЫМ ӨЗІМЕ ҚАТТЫ ҰНАЙДЫ», — ДЕЙДІ ПОШТАШЫ КЕЛІНШЕК.

Қарапайым ауылдың қызы мектеп бітіріп, Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, «Еңбек және кәсіпкерлік» мамандығын алып шығады. Тұрмысқа шығып, әйел және ана бақытына бөленіп, жұмысты кейінге шегереді. «Балаларым өсіп алсын» деген қағиданы ұстанып, біраз уақыт үйде отырып барып, асықпай еңбекке араласа бастайды. Алғашында еңбек жолын азық-түлік және киімкешек дүкендерінде сатушы болып бастайды.

Бір күні бір танысымнан пошта қызметіне жұмысшы керек екенін естідім. Ести сала, «неге жасап көрмеске» деген ой келді. Солай 2018 жылы пошта саласына келдім. Бұл жасаған қадамыма еш өкінбеймін. Ең маңыздысы – осы жұмысым өзіме қатты ұнайды, — дейді өзі.

Пошташылардың көбі дерлік нәзік жандылар. Күнде таңертең олар пошта сөмкелерін газет-журнал мен хатқа толтырып, өздеріне бекітілген учаскелерін аралап жүргені. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де газетті оқырманға уақытында жеткізу үшін немесе сізді жақын адамдарыңыздың жаңалықтарымен қуанту мақсатында еңбек етеді. «Алысты жақындатып жүрген» жанның сөмкесі де тек кешке босайды.

-Кез келген жұмыстың өз қиындығы бар. Шыдамдылық пен жауапкершілік қатар жүретін менің жұмысымда да қиындықтар жоқ емес. Қыс мезгілдері күн ерте батады, шет жақтағы жер үйлерді аралаған сәтімізде иттер байлаудан босап кетіп, зәреміз қалмай, қашатын кездер де көп болды. Үлкендердің бәрі бірдей зейнетақысын өз аяқтарымен барып ала алмайды, сол себепті үйлерді жиі аралаймыз. Сондай кезде түрлі жағдайдағы зейнеткерлерді, отбасыларды көреміз. Әрине, жанымыз ашиды, жүрегіміз ауырады. Қолымыздан келгенше, әйтеуір осы зейнетақысы мен газеттерін уақытылы жеткізіп, аз да болса көмек көрсетуге асығамыз, — дейді терең күрсінген келіншек.

Осы салада жұмыс істей бастаған күннен бастап ол аудан тұрғындарымен, әсіресе, қарт адамдармен тығыз қарым-қатынаста. Олар оны жылы шыраймен қарсы алып, өмірлерін айтып беруге асығады, неше түрлі сұрақтар қояды.

Бұл адамдардың бірқатары түрлі себептермен үйлерінен мүлдем шықпайды. Ол кісілердің маған деген өтініштері де болып жатады. Ал мен ешкімнен ешқашан бас тартқан емеспін. Адамдардан жылы ле-бізді естудің қаншалықты жақсы екенін осы жұмысқа кіріп біле бастадым. Біз бұл жандар үшін жәй ғана пошташы емеспіз, қуанышын да, қайғысын да бірге бөлісетін адамбыз, — дейді Бибігүл Оразғалиқызы.

Кейіпкеріміз өзіне ұжымның да ұнайтынын жеткізді. Уақытының көп бөлігін бірге өткізетін жандармен қарым-қатынастың дұрыс болуының маңызды екенін де жақсы біледі.

Ұжым маған бірден ұнады. Мұнда шынымен де жайлы және достық атмосфера бар, қызметкерлер арасындағы қарым-қатынас өте жақсы. Күн сайын жұмысқа қуанышпен барамын, себебі жұмысымды жақсы көремін, — деді пошташы.

Көшені аралап, адамдармен әңгімелесіп жүрген өзіме де ұнайды, — деп әңгімесін жалғастырды кейіпкеріміз. — Бір орнында отырып істейтін жұмыс ұнамайды. Сондықтан да осы салада істеп келемін. Қазіргі жастар айлығы аз жұмыстарды істемейді. Әрі біздің жұмыс жұрт ойлағандай оңай емес. Мәселен, кейбіреулер «пошташы газет-журналды өзіне бекітілген аймаққа тез-тез таратып шығады, бар жұмыстары сол» деп ойлауы мүмкін. Ал сол газет-журналды таратып шығуға, әсіресе, жаяу жүрсең, бір күн уақытың кетеді, — дейді ол.

Қыс мезгілінде жаяу, жазда екі дөңгелекті велосипедті тізгіндеген келіншек жұмысына әбден үй-ренген. Тіпті велосипед айдауды спорт санайтын ол денсаулыққа пайдасын да көріп жүргенін айтып берді. Қаланың әр көшесінің екі қапталын ала орналасқан үйлерді кезеккезек аралап, қатар тізілген үйлердің ауласына кіргенде абалаған иттер де оған кедергі емес. Екі иығы мен екі аяғына сенген ол табанынан таусылса да, мойнына алған ісін аяқтамай аялдаған емес.

Міне, бүгін де бізбен жүре сұхбаттасқан пошташы келіншек әңгімесін аяқтай сала, иығындағы хат пен газет толы сөмкесін бір дұрыстап алып, көше бойымен жылдамта басып кетіп барады…

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

 

Ұқсас ақпараттар

ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСТЫ ҚАЛАЙ ПАЙДАЛЫ ӨТКІЗУГЕ БОЛАДЫ?

admin_mugalzhar

ДОМБЫРА КҮНІНЕ ОРАЙ МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

admin_mugalzhar

ПРОБАЦИЯ ЕСЕБІНДЕ ТҰРҒАН 6 АЗАМАТ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.